• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 08:56:03
Алматы
+35°

03 Сәуір, 2018 Саясат

Бахитжан Сагинтаевтың бақыты – бүкіл қазақтың бақыты емес

Орысша білмейтін қазақ Сагинтаев сияқты премьер-министр болмақ түгіл оның көмекшісі де бола алмайды.

Шынында да, арғы-бергі заманда ғұмыр кешкен небір данагөйлердің өзі «арманым жоқ», «мен бақыттымын», әсіресе, «орысша білгенім үшін бақыттымын» дегенін естіген емеспіз. Бірақ бақыт дегеніміз ел, жер байлығын сатып-бұтып шетел банкілеріне бума-бума ақша тығу және Сагинтаев мырзаға ұқсап бірнеше жыл болса да Үкімбас (Үкімет басшысы) болып отыру деп ойлайтындар бар. Екіншіден, Бахитжан мырза өзінің үкімет басшысы қызметіне келуіне орысша білгендігі зор септік болып отырғанын, ал Қазақстанда орысша білмейтін адам аудан әкімі де бола алмайтынын жақсы біледі. Айтпақшы, Қазақстанда лауазымды қызмет атқарып, миллиондаған ақшаны шетелге аударып қашып кеткендер түгел дерлік орысша оқыған, орысшаның түбін түсіретіндер. Бірақ Сагинтаев мырза орыс тілін бізге Құдайдың берген бақыты дегенде біз деп бүкіл қазақты айтып отырса оңбай қателескені. Өйткені, үкімет басына барғандар, министрлер мен әкімдер қазақ тілін менсінбей орысша сөйлеп бақытқа бөленіп отырғанымен, мына жақта қазақ тілі өз елінде орыстілділерге қарап, жетім баладай жалтақ-жұлтақ етіп отыр. Ал тілі ондай күйге түскен халық есі дұрыс болса бақытты халықпын деп айта алмайды. Орысша білмейтін қазақ Сагинтаев сияқты премьер-министр болмақ түгіл оның көмекшісі де бола алмайды. Егер бір қазақ жиналысты қазақша өткізе бастаса залда отырған кез-келген орыс немесе өз тілін менсінбейтін кез-келген  мәңгүрт сол жерде шу шығаруға «праволы». Олар Қазақстан деген қазақ елінде орысша білмесе ең әрі кеткенде кілең қазақтар ғана тұратын 60-70 үйлі ауылдың әкімі болудан әрі көтеріле алмасын, яғни, онша «бақытты» адам болмай  қаларын да біледі.

Әттең, Сагинтаев сияқтылар орыс тілі бүкіл қазаққа бақыт әкелмек түгіл, оның әлемдегі ең бай тілдің бірі – қазақ тілін өз елінде онша қажет емес тіл қатарына ысырып тастап отырғанын білмей отырған жоқ. Олар бүкіл мәжіліс-мәслихатын, бүкіл ақыл-кеңесін қазақтарға қарап «маған мынаны да істей алмайсың» дегендей дүркіретіп тұрып орысша өткізеді.

Жақында сол «бақытты» қауымның ішінде көзге ілінер-ілінбес қана қызмет істейтін бір досым «жас Отанның» съезіне қатысам деп қазақтың жойылып баратқанына көзім жетті деп жыларман боп келді. Сол жиынның шет-жағасын теледидардан өзім де көргенмін. Бір-бірімен орысша сөйлесіп жатқан өңкей қазақ ұл-қыздары, шаш қойысынан, киім-киісінен, кейбіреулерінің не болса соған мәз болған дөрекі де дарақы күлкісінен, инабаттылықтың, ұлттық тәрбие көргендіктің исі онша байқала бермейтін шуылдаған топ. Ұмытпасам, бірер баланың құлағында сырға жылтырап тұрды. Осыларды бір-бірімен шуылдасып тек орысша сөйлесіп жатқанын көргенде қандай «жас отаным» өсіп келе жатқанын ойлап қазағымның ертеңінен өзім де шошынып қалып едім. Неге шошынбасқа?! Бүгінгі биліктегілер қазір қазаққа қарсы әдейі ертеңгі билікке осындай жастарды даярлап отырған сияқты. Ертең қазақ елін басқаруға не тілі, не киім киісі, не айтып жатқан ән-күйі қазаққа қосып қырық қайнатсаң да сорпасы қосылмайтын мынадай орыстілді «бақыттылар» келсе жаңағы досым айтқандай қазақтың жойылып кетпеген несі қалады? Б. Сағынтаев айтқан, бізге Құдай берген яғни, орыс тілі әкелген бақыт осы болса, қазақша деп берген балабақшадағы немерем  орысшаға ағылшыншаны араластырып шүлдірлеп отырса Б. Сағынтаев айтқандай бақытты болғаннан гөрі, өлгенім артық емес пе?! Құдай-ай, кешіре гөр.

Мырзан КЕНЖЕБАЙ, ақын

Gulim Zhaqan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір