• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 17:05:53
Алматы
+35°

18 Қазан, 2017 Спорт

Батыр рухына арналған ашық турнир өтті

Аталмыш турнирге Алматы және Алматы облысында джиу-джитсумен айналысатын 5-17 жас аралығындағы 150-ден астам жасөспірім қатысты.

15 қазанда Алматы облысы Іле ауданының Мұхаметжан Түймебай ауылында Халық Қаһарманы, ҚР тұңғыш қорғаныс министрі, армия генералы Нұрмағамбетов Сағадат Қожахметұлын еске алуға арналған джиу-джитсу күресінен ашық турнир өтті.

Аталмыш турнирге Алматы және Алматы облысында джиу-джитсумен айналысатын 5-17 жас аралығындағы 150-ден астам жасөспірім қатысты. Жүзден жүйрік шыққандар арнайы диплом, медаль және арнайы сыйлықтармен марапатталды. Сондай-ақ турнирге келген қонақтарға естелік сый ретінде Нұрмағамбетов Сағадат Қожахметұлы туралы жазылған кітаптар табысталды. Жастар додасының салтанатты ашылу рәсімінде алғысөз Алматы облысы, Іле ауданы мәслихат депутаты Дауталиев Ғани Сауытбекұлына бұйырды. Ғани Сауытбекұлы өз сөзінде: «Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын жүзеге асыру шеңберінде осындай спорттық шаралар алдағы уақытта көптеп ұйымдастырылады. Спорт – жастарды рухани байытып, патриоттық сезім қалыптастыратын бірден бір күш» - деп айта кетті. Іле ауданының дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Қабдыкәрімов Жәнібек Болатханұлы және Ащыбұлақ ауылдық округі әкімінің орынбасары Мейірманов Ерлан Сайранұлы жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Жарыстың құрметті мейманы болған Іле аудандық ауған соғысының ардагерлері мен мүгедектерінің ерікті қоғамының төрағасы, «Қызыл жұлдыз» орденінің иегері Қаражігітов Марат Жұбайбекұлы турнирдің мақсатын жастарға түсіндіре кетті. Сағадат Қожахметұлының еліне сіңірген еңбегі, халқына қылған қызметі туралы кеңінен айта өтті. Бұл турнир ертеңгі болашағымыз жасөспірімдер үшін үлкен өнеге болғаны сөзсіз. 

Әлем ареналарында еліміздің көк байрағын желбіретіп, ән ұранымызды асқақтатып жүрген аралас жекпе-жек жұлдыздары Қайрат Ахметов (Қазақ) және Қуат Хамитов (Найман) арнайы қонақ болып шақыртылды. Жасөспірімдерді жігерлендіру мақсатында осы турнирдың марапаттау рәсімі қазақтың «қос батырына» бұйырды. Осындай чемпиондардың қолынан медаль алу жас спортшылар үшін үлкен қуаныш болғаны аңық. 

Джиу-джитсу елімізге жаңадан келген спорт түрі болғанына қарамастан қарқынды дамып келе жатыр. Оған дәлел, биыл Түркіменстан астанасы Ашхабатта өткен Азия ойындарында джиу-джитсудан еліміздің спортшылары жүлделі орындарға ие болды. Әлем және Азия чемпионаттарынан да джиу-джитсу палуандары құр қол қайтпайтыны анық. Осы спорт түріне мемлекет тарапынан да үлкен қолдау көрсетіліп келеді. Елімізде жылына бірнеше рет ауқымды деңгейде халықаралық жарыстар ұйымдастырылып тұрады. 

 Халық Қаһарманы, ҚР тұңғыш қорғаныс министрі, армия генералы Нұрмағамбетов Сағадат Қожахметұлын еске алуға арналған турнирді ұйымдастырған – елімізге танымал спортшы, грепплингтен Азия чемпионы, аралас жекпе-жектен халықаралық «Alash pride» турнирінің бірнеше дүркін чемпионы, джиу-джитсудан ҚР чемпионы Нұрсұлтан Орынбасаров. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Орынбасаров Алматы облысы, Іле ауданында джиу-джитсу және грепплинг күресі бойынша 80-нен астам шәкірт тәрбиелеуде. «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» демекші шәкірттері де жарыстардан жүлделі орындармен оралуда. Атап айтсақ, Мәди Құрманғожаев, Елжан Жұмаділ БАӘ Абу-Даби қаласында өткен джиу-джитсудан әлем чемпионатында чемпион атанды. Осындай жетістіктерінің арқасында өзге де қатарластарына үлгі болуда, мұны көрген басқа жасөспірімдер тарапынан спортқа деген қызығушылық артып, джиу-джитсумен айналысуға бет бұрған жастардың саны көбеюде. 

Турнир ұйымдастырушы Нұрсұлтан Орынбасаров: «Ауылдық жерлерде осындай шаралар жиі өткізіліп тұруы шарт. Себебі, ауыл жастарының спортқа деген қызығушылығын арттырады. Ұлт мақтанышы Нұрмағамбетов Сағадат Қожахметұлының құрметіне арнап «Сағадат батыр» джиу-джитсу клубын ашқан болатынмын. Аталмыш клубта 80-ге жуық жасөспірімдер жаттығу жасауда. Алдағы уақытта жылына бір рет Джиу-джитсу күресінен «Сағадат батыр» халықаралық турнирін ұйымдастырып отыру жоспарда бар. Батыр-Самат МұратұлыСамат МұратұлыСамат МұратұлыСамат Мұратұлыларымызды жасөспірімдерге насихаттау бапкерлердің міндеттерінің бірі. Осындай турнирлер арқылы біз шәкіріттерімізді рухани байытамыз. Әлем чемпионы атануы үшін алдымен өз елінің патриоты болуы керек. Рухы биік спортшы ғана әлемдік ареналарды бағындыра алады». 

Ауған соғысының ардагері, «Қызыл жұлдыз» орденінің иегері Қаражігітов Марат Жұбайбекұлы елімізде спорттың дамуына үлкен үлес қосып жүрген, аталмыш турнир ұйымдастырушысы Нұрсұлтан Орынбасаровты «Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов» медалін марапаттады.

Самат Мұратұлы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір