• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

02 Мамыр, 01:47:58
Алматы
+35°

13 Қаңтар, 2018 Сұхбат

Бақытжан Базарбек: Тегін жер алғыңыз келсе...

Ақысыз жер тізімі әкімдік үшін – ақша. Бұл тізімде өлген адамдар, жеке бас куәлігін жоғалтып алғандар, Қазақстаннан басқа жерге қоныс аударған адамдар...

Елімізде жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін Қазақстан азаматтарына тегін жер беріледі. Алайда қарапайым халықтың көпшілігі заңдық тұрғыдан сауаты төмен болғандықтан бұл жеңілдікті дұрыс пайдалана алмайды.  Осы мәселеге байланысты түрлі даулы оқиғалар мен заңсыздықтар орын алуда. Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісі аталған мәселеге байланысты жер мәселесінің басы қасында жүрген, белгілі заңгер Бақытжан Базарбекпен сұхбаттасты.

Еске сала кететін болсақ Бақытжан Базарбек Шымкент және Тараз қаласында «Бір сағатқа Базарбек» атты акция өткізді. Бақытжан Базарбек акцияға қатысқан әр адамға  заңгер ретінде ақысыз кеңес беру үшін 1 сағат уақытын арнайды. Бұл туралы сұхбатты Qamshy.kz ақпарат агенттігі жариялаған болатын.

Жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін ақысыз жерді Қазақстан азаматтары қалай алады? Қандай құжаттар қажет?

Қазақстан азаматтығы бар кез келген адам Жер кодексінің 50-бабының 3-тармағына сәйкес жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін 10 соттық жер телімін жекеменшік ретінде алуға құқығы бар. 10  соттық жер телімін алу үшін азамат жер телімінің орналасқан мекені бойынша, мысалы азамат Амангелді ауылынан жер телімін алатын болса, сол ауылдың әкімдігіне үш-ақ құжатты тапсырады.

Ең алдымен жерді жекеменшік ретінде алу үшін жазған арыз, екіншісі сіздің жекеменшігіңізде жер телімінің бар жоғы туралы арнайы анықтама. Бұл анықтаманы арнайы халыққа қызмет көрсету орталықтарынан жеке куәлігіңіз арқылы ала аласыз.Қажетті үшінші құжат - жеке куәліктің көшірмесі. Осы 3 құжатты тапсырғаннан кейін сізді арнайы тізімге қосады.

Сонымен бірге осы жерде бір мәселе бар. Қарапайым халық әкімдікке барса әкімдіктегі қызметкерлер оларды «жер жоқ», - деп қайтарып жібереді немесе «бірнеше айдан кейін келіңіз сол уақытта болады», - деп өтірік айта салады. Күнделікті тұрмыс тіршіліктен, күйбең тірліктен босай алмай жүрген тұрғынның әкімдікке қайтып келуі екіталай.  Себебі әкімдіктегі қызметкерлерге ауыл әкімі сондай тапсырма берген. Сөйтіп бұйрықты орындаған қызметкер Жер кодексінің нормаларын бұзады. Кей кезде әкімдіктегі қызметкер қағаздарын алып, тіркемей қояды. Біраз уақыттан кейін ауыл тұрғынының құжаты жоғалып кетеді.

Сол себепті оқырмандарға айтарым әкімдіктігі қызметкерлер сізді жер жоқ деп айтқан жағдайда, ресми түрде жердің жоқтығы туралы жазбаша теріс шешімді сұраңыз. Сіздің арызыңызды қабылдамайтыны туралы әкімдіктен арнайы хат алыңыз. Аталған хатта «жер жоқ, сол себепті сіздің арызыңызды қабылдай алмаймыз», - деп жазылуы керек. Менің пайымдауым бойынша, әкімдер бұл хатты жазбайды. Себебі бізде жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін 2015 жылы министрлікпен бекітілген ереже бар. Ережеге сәйкес азаматтың арызын қанағаттандыру мүмкіндігі жоққа шықса, яғни жер болмаса, арызы міндетті түрде есепке алынуы тиіс. Сонымен бірге азамат тізімге енуі керек. Жер болса да, болмаса да азаматтың арызы міндетті түрде тізімге енеді. Ал біздің азаматтарымыз заңнан хабарсыз болғандықтан әкімдік олардың арызын қабылдамауға тырысады. Оның да өз сыры, құпиясы бар.

Оралмандар Қазақстан азаматы секілді ақысыз жерге ие бола ала ма? Оларға жер алуға қатысты қандай жағдай жасалған?

Оралмандарға арналған бөлек бап бар. Жер кодексіне сәйкес оралмандарға жеке қосалқы үйі шаруашылығын жүргізуге, саяжай (дача) құрылысына, жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін уақытша өтеусіз жер пайдалану құқығы беріледі. Оның мерзімі 5 жыл. Оралмандар Қазақстан азаматтығын алса уақытша өтеусіз жер құқығы жекеменшік құқыққа ауысады. Оралмандардың жер теліміне қатысты осындай мүмкіндіктері бар.

Ақысыз жер телімін беру кезінде таныстық пен жемқорлыққа жол берілмейді деп нақты сеніммен айта аласыз ба?

Жоқ олай айта алмаймын. Мен не үшін Бас Прокуратураның алдында осы мәселені көтердім? Себебі ақысыз жер тізімі әкімдік үшін – ақша. Бұл тізімде өлген адамдар, жеке бас куәлігін жоғалтып алғандар, Қазақстаннан басқа жерге қоныс аударған адамдар,  жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жер телімін алып қойған адамдар, тұрғылықты мекен жайы жоқ, көшеде жүрген адамдар да тізімде бар. Бұл адамдарды әкімдік жасырын түрде қосады.  Әкімдік оларды арнайы тізімге не үшін қосады? Себебі әкімдіктегі тізімде жылдап кезекке тұрғысы келмейтін адамдар мәселені ақшамен шешкісі келеді. Мысалы Астана қаласының тұрғындары 20 жыл бойы тізімде тұр. Аудандарда ақысыз жер телімін алу үшін кезекте кемінде 7 жыл тұру керек. Ал әкімдіктегілердің ақысыз жер теліміне қатысты өзінің белгілі бір бағасы бар. Мысалы 15 мыңыншы орында тұрған адам 4-5 мың доллар беретін болса 350-інші орынға көтерілуі мүмкін. Ал тізімде сіз иеленген 350-інші орында тұрған азамат бірнеше жыл бұрын қайтыс болып кеткен. Әкімдіктегілер қайтыс болған адамды тізімнен шығарып тастап оның орнына пара берген азаматты қояды. Сөйтіп әкімшіліктің тарапынан осындай заңсыздықтар орын алып жатыр. Ақысыз жер телімі үшін жасалатын арнайы тізімді бизнеске айналдырып жіберген.

Осындай заңсыздықты қалай жоюға болады?

Ақысыз жер теліміне байланысты жемқорлықты жоюға болады. Әр адам жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін арыз берген кезде тізімнің қайда болатынын сұрайды. Тізім екі нысанда болады. Біріншісі электрондық нысанда. Екіншісі әкімшіліктегі стендте ілініп тұрады. Бұл міндетті.

Мен көптеген облысты, аудандарды араладым, бірақ бірде-бір стендті көрмедім. Электрондық жүйедегі тізім арнайы әкімдіктің сайтында жарияланады. Ал интернет жүйесі жоқ ауыл тұрғыны өзінің қай орында тұрғанын қайдан біле алады? Міне осындай қарапайым адамдар үшін әкімшіліктегі арнайы стендте тізім ілініп тұруы керек. Жер кодексіне сәйкес 3 айда бір рет тізім жаңартылып тұруы тиіс. Ал әкімдіктегі қызметкерлер тізімді жаңартпайды, стендке ілмейді. Себебі тізімді стендке ілген кезде халық оны суретке түсіріп, тізімді тексереді. Онда қайтыс болған, елден көшіп кеткен адамдардың бар екені белгілі болып, заңсыздық әшкереленеді.

Әкімдіктегілер өзінің заңсыздығын жасыру үшін тізімді стендке ілмейді. Жер кодексінің 43,44-бабында «ақысыз жердің тізімі стендке ілінуі тиіс», - деп жазылған. Қазір әкімдіктегілер Жер кодексіне сәйкес жұмыс жасамайтын болған. Сол себепті ақысыз жер телімін алғысы келген адамдар әкімдіктен тізімді стендке ілуді талап етуі керек. Әкімдіктегі қызметкерлер тізімді стендке ілген күннен бастап тізімдегі адамдардың орны өзгере бастайды. Себебі әкімдіктегі қызметкерлер өзінің заңсыздығы әшкере болмас үшін өз адамдарын жасырып, көрсетпеуге тырысады. Мысалы тізімді ілмес бұрын сіз 15 мыңыншы болып тұрсаңыз, тізімді ілген күні сіз 7 мыңыншы болып тұруыңыз мүмкін.

Егер әкімдіктің тарапынан стенд ілінбесе Прокуратураға арыз жазыңыз. Осылай кез келген азамат өз құқығын қорғай алады. Әкімдікке талап қоя біліңіздер. Егер  сіз «тізім стендке ілінбесе прокурорға арыз жазамын», деп айтсаңыз ақылы бар әкім сіздің айтқаныңызды орындайды. Ал ақылсыз әкім тізімді стендке ілмей кейін жапа шегеді.

Қазақстан азаматтарына заңгер ретінде қандай кеңес бересіз?

Азаматтардың басты кемшілігі түрлі қауесеттерге сенуі. Қоғамда жүрген түрлі білімдісымақтар мен ақылдысымақтардың сөзіне сеніп, ақиқат деп есептеу дұрыс емес. Соның нәтижесінде митингтер де болды, дау дамайлар да туындап жатыр. Сол себепті нақты дәлел болмаса сенбеңіздер, тек заңға ғана сеніңіздер. Тіпті кей заңгердің айтқанына да сенуге болмайды. Егер заңдық тұрғыдан сауатсыз болсаңыз, заңды түсінбесеңіз заңгердің көмегіне жүгініңіз. Өкінішке қарай көптеген азаматтар таныстарының, көршілерінің айтқанына сеніп, олардың айтқанымен жүреді. Кейін жапа шегіп, өкініп жатады.

Екінші кеңесім әр адам құқықтық сауатын, мәдениетін арттырғаны абзал. Заңгер бар деп жүре бермеу қажет. Әрбір адам заң туралы кітапты ашып қарағаны жөн. Сол кезде ғана құқықтық мәдениет өзгереді.

Үшіншіден, пара беруді қою керек. Азаматтар мүмкіндік болса барлық қызметкерлерге пара беру арқылы мәселелерін шешуге тырысады. Адамдардың көбісі кезекте тұрғысы келмей әкімдіктегі қызметкерлерге пара беретінін көз көріп, құлақ естіп жүр. Тіпті заң бойынша 30 күн күту керек болса да пара беріп күту мерзімін азайтуға тырысады. Осылай біз өзімізді де, қоғамды да бүлдіріп, болашақ ұрпақтың көзқарасын өзгертеміз. Жастар осы жайттарды көріп оңай жолмен мәселелерін шешуге тырысады. Сол себепті кез келген адам өзінен бастау керек. Заңның аты заң.

Ата-бабаларымыздың кезінде «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Әз Тәукенің Жеті жарғысы» секілді заң жинақтарды жасаған. Ал заңды бұзған адамды жазалайтын. Сол себепті бұрынғы заманда заң бұзушылық көп кездеспеген. Ал қазіргі қоғамда заң бұзушылық көбейіп кетті. Біз бұл түрімізбен қоғам бола алмаймыз.

Сонымен бірге жерді беретін, заңдастыратын жер бөлімінің қызметкерлерінің заңдық сауатын арттыру маңызды. Ал азаматтарымыз әкімдіктегі қызметкерлерді сынаудан бұрын өзінің сауатын арттыру қажет. Батыс елдері қалай күрт дамып кетті? Аталған елдің азаматтары үкіметке сенім білдірді. Иә әлемде жемқор әкім, жемқор билік, алаяқтар бар, десек те барлығы бірдей жемқор немесе алаяқ емес. Сол себепті біз сенім артуымыз керек. Толық сенім білдіретін болсақ біздің мемлекетіміз дамитын болады. Билікке сенім артатын болсақ қана біз алға жылжитын боламыз. Егер әкімдіктердің және басқа да мемлекеттік қызметкерлердің тарапынан заң бұзушылықтар орын алатын болса Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, Бас Прокуратураға арыз жазып, заңдық тұрғыдан мәселені шешуге тырысу керек. Әр адам өз ісін жақсы білсе, әр қызметкер өз ісімен айналысса ғана қоғам оңалады.

Сұхбаттасқан: Әсел Болатқызы

Әсел Болатқызы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір