• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

27 Сәуір, 05:25:56
Алматы
+35°

24 Мамыр, 2018 Әлеумет

Балабақша қызметкерлері қатерлі ісікке шалдыққан Алимаға қаржы жинап берді

Жәрмеңкеден түскен 550.000 теңге Алиманың отбасының шотына аударылды.

Қасиетті Рамазан айында Ақтаудағы №26 «Қарлығаш» бөбекжайында «Қайырымдылық – адамгершілік белгісі» атты жәрмеңке өтті, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі. 

Жәрмеңкеден түскен  549 220 теңге астаналық Алима Көпей есімді бір жас бес айлық қыздың еміне жіберілді.  Қазір ол Сеул қаласында химиотерапия курсынан өтуде.

Алима қатерлі ісік дертіне шалдыққан. Дәрігерлер толық сауығып кететініне кепілдік бермеген.  Алиманың ата-анасы қызын АҚШ, Германия, Испания елдерінің бірінде емдетуге ниетті. Оған кететін қаржы 100 мың еуродан басталады. Қомақты қаражатты жинау үшін қазақстандықтар қолдарынан келгенше көмектесіп жатыр. Бұл сауапты істен Ақтаудағы балабақшалары да тыс қалмады.   

Ақтау қаласы № 26 «Қарлығаш» бөбекжайының директоры Гүлнар Шынғалиеваның айтуынша, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру аясында қалалық білім бөлімінің іс-шаралар жоспарына сәйкес, сондай-ақ Астана қаласының 20 жылдығы және Ақтау қаласының 55 жылдығына орай қайырымдылық жәрмеңкесі өткізіліп отыр. Оған шаһардағы барлық мемлекеттік балабақшалар қатысты. 

«Қазақ әуелден жетімін жылатпаған халық екендігі белгілі. Арамызда жаны жомарт жандар аз емес, қалтасы қалың азаматтар қол ұшын созып жатқандығы қуантады. Сатылымға шығарылған тәттілер, киім-кешектер, әшекей бұйымдарды сатып алуға ата-аналар, балабақша тәрбиешілері мен қала тұрғындары белсенділік танытты. Барынша қаржы жинауға көмектерін аямады және кішкентай Алима қызымыздың сауығып кетуіне шын тілектерін жеткізді. Бұл шараға «Жанель» жекеменшік бөбекжайы да белсенді қатысып, жәрмеңке ұйымдастырды», - деді Гүлнар Шынғалиева.

Айта кету керек, сатылымға шығарылған өнімдерінің дені балабақша тәрбиеленушілерінің қолымен жасалған. Атап айтқанда түрлі тоқыма бұйымдары, шашқа тағатын заколка, моншақ, бантик, шұлықтар. Кондитердік өнімдер (торт, бисквит, бәліш, құймақ), киім-кешектер, кәдесыйлар, ойыншықтарды сатылымға шығарылды. Жәрмеңкеден түскен 550.000 теңге Алиманың отбасының шотына аударылды.

Шара аясында бүлдіршіндер ән айтып, би билеп өз өнерлерін көрсетті. Сонымен қатар, жәрмеңкеге белсенді қатысқан балабақша ұжымына Ақтау қалалық білім бөлімінің атынан алғыс хат табысталды.   

Кәмшат Ізбасарова

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір