• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 19:46:40
Алматы
+35°

17 Мамыр, 2018 Аймақтар

Айбынды жастар – ел болашағы!

«Халық кемеліне келіп, өркендеуі үшін, ең алдымен, азаматтық пен білім керек» деп ұлы Ш.Уәлиханов өте орынды айтқан

«Халық кемеліне келіп, өркендеуі үшін, ең алдымен, азаматтық пен білім керек» деп ұлы Ш.Уәлиханов өте орынды айтқан. Ендеше жан-жақты ел тарихын жетік білетін, заман талабына сай жастарды тәрбиелеу – бүгінгі күн талабы екендігін жадымыздан шығармағанымыз абзал.
 
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Біздің жастарымыз ғылым мен білімге ұмтылып, елдің болашағын ойлайтын болса, келешегіміз кемел, тәуелсіздігіміз баянды болады» деген сөздері болашақ Қазақстанның тізгінін ұстайтын жастардың замана көшінен қалмай білікті де білімді маман болудың айқын бейнесі. Жалпы тоқтала кететін болсақ, «Айбын» атты ғылыми пікірсайыс клубы Құрлық әскерлерінің Әскери институтында 2016 жылдың 16 мамырында ресми түрде ашылған болатын. Оның негізгі мақсаты – курсанттарды шешендік өнерге баулу мен үйрету, білімдері мен ғылыми танымдарын арттыруға бағытталған әскери жастардың шығармашылық әлеуетін неғұрлым толық жүзеге асыру мен дамыту болып табылады.
 
Міне, өзінің ашылғаннан бергі қысқа тарихында институттың клуб мүшелері қалалық, аймақтық түрлі пікірсайыс алаңдарында өздерінің белсенділіктерімен көзге түсе білді. Бүгінгі таңда аталған клубтың бас төрағасы 3 курс курсанты О.Шешханның басшылық етуімен клубта жиырмадан астам курсанттар С.Бердалы, М.Карибеков, О.Қуандықов, Б.Жұмағазы, Қ.Кәкім, Ж.Карипқан, Б.Балабек, Қ.Аубатыров, Ғ.Елеубаев, А.Махамбеталиев, Е.Аман, Н.Октябрь, А.Ұлбек, М.Тұрсынбек, Д.Кенжебаев, Д.Мықтыбай, Е.Таубай, Д.Орынбай, Д.Махмут, Х.Айтуған, Б.Аманжол, С.Балабектер клубтың жұмысын жандандырып келеді. Соның бір айғағы мамыр айының 5 мен 6-шы жұлдызы күндері Құрлық әскерлері Әскери институтының «Айбын» ғылыми пікірсайыс клубы 7 мамыр – Қазақстан Республикасының Отан қорғаушылар күніне орай ұйымдастырылған «Мықты әскер – Мәңгілік ел тірегі!» тақырыбында республикалық пікірсайыс турнирін өткізді.
 
Турнирдің өткізілу мақсаты – болашақ жастардың патриоттық сезімдерін арттыру арқылы, шығармашылық белсенділіктері мен ой-пікірлерін дамыту және оларды қоғамның өзекті мәселелері бойынша пікір алмасуға шақыру болып табылды. Өткізіліп отырған турнир институт тарихы мен «Айбын» клубы үшін алғашқы қадам және өзіндік маңызға ие болды. Аталған іс-шараға Алматы қаласынан Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының, Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің академиясының, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық, С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық, Қ.Сәтпаев атындағы Ұлттық техникалық-зерттеу, Қазақ Ұлттық Аграрлық, Нархоз, Қазақ Мемлекеттік Қыздар педагогикалық, Алматы энергетика және байланыс, Алматы технологиялық, Халықаралық бизнес, Сулейман Демирель атындағы, Тұран университеттерінің және Шымкент, Қызылорда, Астана және Ақтөбе қалаларының белді пікірсайыс клубтарының курсанттары мен студенттері қатысты.
 
Екі күнге созылған аталмыш іс-шараның нәтижесінде Америкалық Парламенттік формат бойынша «Нархоз» университетінің «Таңдаулы экономистер одағы» атты пікірсайыс клубының мүшелері Ә.Жұмабай мен Ж.Сақтаған бірінші орынды иемдене отырып, институт бастығының кубогын жеңіп алды. Екінші орынды Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының «Патриот» клубы мүшелері Д.Әуенек пен Е.Темірәлі және үшінші орынды «Нархоз» және «Тұран» университеттерінің студенттері Ә.Тойлыбай мен Д.Аққожа жеңісті өз қанжығаларына байлады. Линкольн-Дуглас форматы бойынша «Ең үздік спикер» атағын «Нархоз» университетінің «Таңдаулы экономистер одағы» атты пікірсайыс клубының мүшесі А.Сәрсенбай жеңіске жетіп, институт бастығының кубогын жеңіп алса, «Үздік спикер» атағын осы клубтың мүшесі Ә.Тойлыбай жеңіп алды. Сонымен қатар ойын ережесі бойынша «Үздік төреші» атағына Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің «Атамекен» пікірсайыс клубының мүшесі С.Ыдырыс ие болды. Шара соңында концерттік бағдарламаға ұласты.
 
Сопбек Н.Е.
"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір