• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 04:14:06
Алматы
+35°

13 Қараша, 2017 NEWS

Ауыр тағдырды бастан өткерген Әсия әжей Қазақстанға оралуды армандайды

101 жастағы кейуанаға үй ішінде жүріп-тұрудың өзі қиындап барады

Вашингтондағы 101 жастағы әжей кіндік қаны тамған Қазақстанға оралғысы келеді деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі 24.kz-ке сілтеме жасап.

Әсия Сардарбектің АҚШ-қа қоныс аударғанына 40 жылдың жүзі болған. Жамбыл облысы, Шу ауданының тумасы тағдыр айдап, Ауғанстан, Түркия, Германия АҚШ елдерінде тұрды. Елден шалғай жүрсе де, ана тілін, салт-дәстүрін ұмытпаған.

Соңғы айларда Әсия әжей төсек тартып қалды. 101 жастағы кейуанаға үй ішінде жүріп-тұрудың өзі қиындап барады. Туған елге деген сағыныш та, өзегін өртейді. «Қазақстаннан журналистер келеді» деген хабарды естіген ол таңғы 6-дан тұрып, жерлестерімен кездесуге дайындалыпты. Қыздары 80 жастағы Рона мен 70 жастағы Әмина аналарының ерекше қуанғанын айтады.

Әсия Сардарбек:

 – Жандарым менің, келдіңдер ме менің отанымнан? Мен сондай ауырып, сағынып жүр едім. Алыстан келдіңдер ғой. Мен Қазақстанды сағынып жүрмін, жиі жылап аламын.

Өткен жүзжылдықтағы ауыр сынақтар мен зұлмат оқиғалар. Әсия әжей тағдырының тым ауыр болғаны соншалық, одан тіпті трагедиялық жанрдағы кітап жазуға болар еді.

Әсия Сардарбек:

– Жамбыл облысындағы Шу ауылына әскерилер келгенде менің жасым 10-да еді. Тұрғындардың кейбірін бірден атып тастады. Ал басқалардың дүниелері мен малдарын тартып алды. Бізде қанша түйе, ірі қара, қойлар бар, соның барлығын жазып алды. Сосын біздің қолымызға мөр қойды. Ол атып тастау дегенді білдіреді екен. Оны білген соң отбасымызбен бірге қашып кеттік. Мені Хадиша апайым арқасына салып алды. Осылайша ұзақ жолды бастадық.

Содан соң Сардарбек отбасы кішкентай балаларымен бірге таудан асып, Әмудария өзеніне өткен. Талай тосқауылды еңсерген олар бағыттарынан жаңылыспай, Ауғанстанға жетіпті.

Әсия Сардарбек:

– Ауғанстанға жетіп қалғанымызда алдымыздан адамдар шығып, қайда қашып бара жатқанымызды сұрады. Ауғанстанға келдік деп айттық. Олар бізді жылы қабылдады.

Жылдар өткен соң бойжеткен Әсияға Ауғанстан басқарушысының ұлы ғашық болып қалады. Жастайынан тұрмысқа шығып, беделді отбасына келін болып түседі.

Әсия Сардарбек:

 – Олар өте жақсы адамдар болды. Маған үй жинау, кір жуу, тамақ дайындау сынды тірліктерді істетпейтін. Өзімнің жеке қызметшім болды.

Әсия әжей қайын атасын ерекше құрметпен еске алады. «Келінім туған тілін ұмытпасын» деген оймен қызметшілерді қазақ ұлтынан алдыртыпты. Кейін Әсия Сардарбектің күйеуі Ауғанстанның қорғаныс министрі атанады. Ал 1979 жылы елге Кеңес әскерилері келіп, олар басқа елге қашуға мәжбүр болады. Бұл жолы Әсия әжей Түркияға, Германияға, АҚШ-қа қоныс аударады. Соңғы 40 жылын осы Вашингтон қаласында өткізген. Кейуананың қыздары биыл Қазақстанға келіп кетіпті.

Әмина Амири, Әсия әжейдің қызы:

– Бұл өте тамаша сапар болды. Аз ғана уақыт ішінде Президенттеріңіз біраз тірлікті тиянақтапты. Әдемі үйлер, таңғажайып Астана. Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа сәлемімізді жолдап, өзімнің ризашылығымды жеткізгім келеді. Мен анамның туған жерін жақсы көремін. Табыс, мықты денсаулық тілейміз.

Әсия әжей қыздарының Қазақстанға барып қайтқанына қуанышты. 90 жыл бойы туған жерінен жырақта жүрсе де, қазақ тілін ұмытпай, салт-дәстүрін берік сақтап келеді. Ақ жаулықты ананың ендігі арманы – Қазақстанға, тарихи Отанына оралу. 

Авторлары: Майра Абдрахманова, Ренат Садыров

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір