• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

02 Мамыр, 15:54:40
Алматы
+35°

31 Мамыр, 2018 Саясат

Астананың 20 жылдығы қалай тойланып жатыр?

Мерейтойға 1 миллионнан астам турист келеді деп күтілген.

2017 жылы қыркүйек айында мемлекет басшысы Астана қаласының 20 жылдығын мерекелеуді тапсырған болатын. Бас қаланың мерейтойы қалай тойланып жатыр? Qamshy.kz тілшісі осыған көз жүгірткен еді.

Қала күніне дайындықтың үш бағытта жүріп жатыр. Біріншісі шараға Мәдениет және спорт министрлігі, өзге де әріптестермен бірлескен дайындық.  Екіншісі - Қазақстан өңірлерімен өзара іс-қимыл. Үшіншісі - шетелдік серіктестердің қатысуымен өтетін шаралар. Бірінші топтама бойынша 600-ден астам шараны қамтитын, жыл бойы өтетін іскерлік, мәдени, спорттық бағдарламалар жинақталған. Оны түрлі министрліктер, федерациялар, театрлар және басқалары өткізеді.

Елордамыздың мерейтойына өтетін түрлі мәдени шаралар мен концерттік бағдарламаларды айтпағанда Астанада халық игілігіне жұмыс істейтін көптеген ғимараттар мен саябақтар салынады. Мысалы биыл 6 мектеп пайдалануға беріледі.

Ең әуелі astanaday.kz - Астананың 20 жылдығына арналған іс-шаралар сайты

Астананың 20 жылдығын атап өтуге бағытталған мерекелік шаралар туралы толыққанды мәлімет беретін ресми сайт іске қосылды. «Бүгіннен бастап елордамыздың 20 жылдығына арнайы өткізілетін іс-шаралардың ресми сайты іске қосылды. Баршаңызды www.astanaday.kz ресми парақшасына шақырамыз! Жоспар жасап, елордамыздың мерейтойын бірге атап өтейік», - деп жазды қала әкімінің баспасөз хатшысы Элвира Жүргенбаева Фейсбуктегі парақшасында.

Жаңа сайтта 2018 жылдың маусым айынан қыркүйегіне дейінгі мерекелік шаралардың кестесі берілген. Олардың арасында концерттер, театрлық қойылымдар, жәрмеңкелер мен ресми, мәдени-бұқаралық, спорттық шаралар бар.

Бұған дейін хабарланғанындай, порталда Астананың 20 жылдығына арналған шаралардың уақыты, өтетін орны, билеттер бағасы, БАҚ-қа арналған баспасөз парақтары, жолдың жабылуы мен көлік тұрақтары туралы барлық мәліметтер жарияланады.

Айта кетерлігі, қала қонақтары мен тұрғындары үшін сонымен бірге Астананың 20 жылдығына арналған мерекелік шаралар туралы ақпаратты қазақ және орыс тілдерінде қалалық «iKomek» жедел әрекет ету және мониторинг орталығынан (ол жерде тәулік бойы «109» нөмірі жұмыс істемек) алуға болады.

Қазақстанның барлық астанасын басып өтетін керуен

«Астанаға 20 жыл»: Орынбор — Ақтөбе — Қызылорда — Алматы-Астана автокеруені жолға шығады. Керуеннің жалпы басып өтетін жолы 5500 км.

Белгілі қоғам қайраткерлері, белсенді жастар мен мәдениет, спорт, медицина саласы өкілдерінен құралған автокеруен Ақтөбе облысынан бастау алып, көршілес РФ Орынбор облысы, сонымен қатар Қызылорда, Алматы және Астана қалаларына дейін жалғасатын болады.

Автокеруен жол бойында кездескен елдімекендер тұрғындарына мерекелік көңіл-күй сыйлайды.
Белсенді жастардан құралған топ өкілдері елдімекендер тұрғындарына патриоттық тәрбие беріге бағытталған түрлі маңыздағы шараларды ұйымдастырады. Астана қаласын кеңінен дәріптеу, елордамыздың оң имиджін қалыптастыру мақсатындағы үлестірме материалдарды тарататын болады.

Өз кезегінде, мәдениет өкілдері ән мен жырдан шашу шашып, өнер сүйер қауымға «Астана – достықтың мекені» атты мерекелік концерттік бағдарламасын ұйымдастырады. «Айбынды Астанаға 20 жыл», «На истоке двух столиц» атты сурет көрмелерін ұсынады. Жергілікті тұрғындардың қатысуымен «Дені сау халық, дені сау ұлт» атты спорттық сайыстар ойнатылатын болады.

Зиялы қауым, белсенді жастар өкілдері Тәуелсіз Қазақстанның жетістіктерін, Елордамыз Астана қаласының әлемдік аренадағы орны мен еліміз үшін маңыздылығын жеткізе отырып, елдімекендер тұрғындарымен кездесулер өткізеді. Қызықты тренингтер ұйымдастырып, ашық пікір алмасады.
Денсаулық сақтау саласының мамандары тұрғындарға қабылдау жүргізіп, тегін медициналық тексеруден өткізеді.

Автокеруен Астана күні қарсаңында Елордамызға келіп жетеді.

Аймақтарда Астана күндері өтіп жатыр

Мамыр айында Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарында Астананың мәдени күндері өтті. Астананың театрлары мен өнерпаздары облыстарды аралап, аптаға жалғасқан қойылымдар мен концерттер өткізіп, халық ықыласына бөленді. Астана қаласының мәдени күндері жыл бойы жалғасады. Сәйкесінше аймақтардан келген өнерпаздар да жыл бойы Астана тұрғындарына өнерлерін паш етеді.

Ал, Қызылорда облысы Астанаға 1,5 млрд теңге бөліп, сыйлық жасап отыр. «Бұл біздің жаңа елордаға деген ізгі ниетіміз, біздің Президентке деген алғысымыз. Сондықтан осындай шешім қабылдадық», - дейді өңір әкімі. Осы қаржыға зымырандық-ғарыштық техниканың ашық аспан астындағы музейі салынатын болады. «Бұл өте әсем нысан болады. Әуежайдан қалаға қарай жолмен жүргенде оң жақтарыңыздан «Нұр Әлем» сферасы көрінеді, ал сол жақта Тұран даңғылы бойында биіктігі 70 метрлік зымыран тасығыштар, яғни «Союз», «Протон», «Зенит» орналасады», - деді Қырымбек Көшербаев.

Астананың көркіне көрік қосылады

Астана әкімі Әсет Исекешев Елорда күніне орай 7 жаңа саябақ пен гүлзар ашылып, 40 мыңнан астам ағаш отырғызылатынын мәлімдеді.  Астана әкімі жауапты тұлғаларға 2018 жылы 1 шілдеге дейін 7 саябақ пен гүлзардың құрылысын аяқтауды, ал жыл соңына дейін алтауын, 2019 жылы 5 гүлзар мен бульвардың құрылысына кірісу керектігін тапсырды. Осы айтылған саябақтар мен гүлзарларға 120 гектар жер бөлінді.

Елорданың 20 жылдығына 2018 жылы 386 мың ағаш отырғызылады, оның 208 мыңы астананың жасыл белдеуіне, тағы 178 мыңы - гүлзар мен саябақтардан орын табады. Өткен жылы жалпы отырғызылған ағаштардың саны - 312 мың болған.

 Жазда елорда көшелеріне піл, қыран, барыс, аққу және керік сияқты жануарлардың мүсіндері - жаңа фигуралар сән береді. 2018 жылы «Астана-Жасылқұрылыс» АҚ жұмысшылары 5 млн-нан астам көшет егуді жоспарлап отыр. Олардың ішінде шырайгүл, тагетис, кербезгүл, абелия, үлпек, сальпиглоссис сияқты біржылдық гүлдердің 50 түрі бар. Мұнымен қоса, қала көгалдарында айылқияқ, сарана, раушан сияқты көпжылдық гүлдердің 30-дан астам түрі отырғызылады. Сондай-ақ, Астанада ала лента түріндегі көпжылдық гүлдерден, бұталар мен раушандардан өрілген сан алуан гүлзарлар – миксбордерлер жасалады.

Астана халықаралық форумдардың алаңына айналды

Астана өткен 20 жылда төрткүл дүние көз тіккен көптеген әлемдік және халықаралық форумдардың алаңына айналды. Жер-жаһанға Астанадан ақжолтай ақпарат таратылып, бас қаламыздың мәртебесі мен мерейі асқақтады.

Бүгінде Астана халықаралық маңызы бар түрлі форумдар, конгрестер мен өзге де іс-шаралар өтетін Еуразия кеңістігінің орталығына айналды. Елордада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездері, Астана экономикалық форумы және өзге де маңызды халықаралық оқиғалар тұрақты түрде өтіп келеді. Астанада ЕҚЫҰ-ның тарихи саммиті, ШЫҰ мен ИЫҰ-ның мерейтойлық саммиттері болып өтті. 2011 жылдың басында республиканың елордасы VII Қысқы Азия ойындарының қатысушылары мен қонақтарын қабылдады. Өткен жылы Астанада «Expo-2017» халықаралық көрмесі өтті.

Мамыр айында ғана Астанада «Астана экономикалық форумы» мен V халықаралық «KADEX-2018» қару-жарақ пен әскери теxника көрмесі өтті.

Мәдениет және спорт министрлігі Астанада этникалық ауыл ашты

1 миллионнан астам турист келеді деп күтілген Астана мерейтойында қонақтарға қазақ мәдениетін, салт-дәстүрін таныту мақсатында Астанада 30 киіз үйден тұратын этно ауыл ашылды. Айта кетсек этноауыл өткен жылы EXPO-2017 көрмесінің қонақтарына да қызмет кеткен болатын.

Жаз соңына дейін ашық болатын қазақ ауылында ауқымды оқиға қазақ мәдениеті мен тарихының көп ғасырлық жауһарын жинақтаған. Этноауылды өз саласындағы айрықша және алғашқы ұлттық жоба деп мақтанышпен айтуға болады. Кешеннің қақпасына кіре бергеннен қонақтарды батыр көшпенділердің, шексіз сар даланы бағындырушылардың ежелгі заманына қас қағым сәтте алып барады. Астананың мерейтойын атап өтуге келген әр адам өзі үшін қызықты және есте қаларлық оқиғаны көруіне мүмкіндік алады.

Этнауыл аясында этникалық музыка және театр өнерінің фестивальдері, көрмелер, қолданбалы-сәндік өнерінің әртүрлі шеберлік сыныптары, ұлттық спорт түрлері бойынша сайыстар, атты-спорттық іс-шаралар өтеді. 2,5 мың шаршы метр алаңына жайылған аймақ «Шеберлер ауылы», «Спорттық-цирктік іс-шаралар», «Концерттік зал», «Демалыс аллеясы», «Дәстүрлі қазақ және шығыс тағамдары мейрамханасы», «Ұлттық дәстүрлер мен салттар», «Жібек жолы» Шығыс базары және «Аңшылықтың дәстүрлі түрлері» секілді көптеген секторларға бөлінген.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір