• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

30 Сәуір, 16:43:30
Алматы
+35°

07 Мамыр, 2016 NEWS

Асқар Жәкулин атындағы қор науқас балаларға қуаныш сыйлады

«Асқар Жәкулин атындағы қайырымдылық қоры». Бұл атауды естіген көпшілік жұрт Асқар Жәкулин деген кім деуі әбден мүмкін. Себебі оның есімі Алты...

«Асқар Жәкулин атындағы қайырымдылық қоры». Бұл атауды естіген көпшілік жұрт Асқар Жәкулин деген кім деуі әбден мүмкін. Себебі оның есімі Алты Алашқа аса танымал деп айта алмаймыз. Егер оның атасы Жәкула 1800 жылдары-ақ еуропалық деңгейде медициналық білім алса, болыс атанса, тәуелсіздігіміздің ірге тасы  «Алашорда» үшін қызмет етсе, Ал әкесі Әнуар Қытайдағы Іле аймағының уәлиі атанып, Шыңжаң өлкесінің полиция бастығы болса, ҚХР халық құрылтайының бірінші шақырылым депутаты болса, онда Асқар кім болуы мүмкін?

Асқар – сондай тегеурінді текті аталарының аманатын Атажұртта жалғаған азамат еді... Көзі тірісінде көп мал-мүліктің иесі атанды. Былайғы жұрттың біразы оны ең алдымен «қалтасы қалың» бай ретінде танитын...  Бірақ Асекең өзінің кім екенін өлер алдындағы өсиет хатында «алтын әріппен» жазып кетіпті:«Мен үшін өмірімдегі ең керемет оқиға – Қазақстанның тәуелсіздік алуы, ең ұлы шешімім – Қазақстанға қоныс аударуым...». Бұдан артық қазақ баласы үшін қандай сөз керек? Қытайда туып, Германияда оқып, Пекинде қызмет атқарған Асқарға миллиард қытай ішіндеде «алтын тағы» сайлаулы еді... Бірақ Асқар үшін тәуелсіздігін енді алып, қалт-құлт етіп тұрған Қазақстанға қызмет ету қымбатырақ болды. Отбасымен қоныс аударды, бизнес бастады, құрылысқа қажетті техника тасыды... Өзі де байыды, өзгелерді де тоқ қылды. Ағайын-туысқа қол ұшын созды. Атасы Жәкуланың асын Алты Алашқа дүрілдетіп өткізді.

Бір әттеген-айы - Айдана мен Айқұт есімді екі баласы жастай қалды артында. Бір қуантатыны - Асекеңнің өмірден өткеніне 100 күн толмай жатып, жары Жайна Жәкулина құрған қайырымдылық қор қазаққа қызмет ете бастады...

Кеше ғана Алматыдағы «Ақсай» университеттік клиникалық балалар ауруханасында «Асқар Жәкулин атындағы қайырымдылық қор» айтулы шара өткізді. Қор құрылтайшылары құны 4 миллион теңгеден астам сауықтыру қондырғыларын балалар ауруханасына табыстап, сонда қызмет атқаратын дәрігерлер мен дертіне шипа іздеген сәбилердің шексіз алғысына бөленді. Ақын, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Алмас Ахметбек, қор құрылтайшысы Жайна Жәкулина, қор директоры Гүлнар Сейдолла бастаған топ заманауи емдеу қондырғыларының тұсаукесер рәсіміне қатысты.  Аурухана директоры Ирина Брежнева ханым «Асқар Жәкулин атындағы қайырымдылық қорына» шексіз ризашылығын білдірді. Асқар Жәкулин мырзаның әулетіне рахмет айтып, көпшіліктен марқұмды бір минут еске алуды сұрады. Аурухана қызметкерлерінің айтуынша, Ирина ханым кезінде атағы дүркіреп, кейін «қараусыз» қалған аурухананы қайта түлеткен ақ халатты абзал жан екен. Ал сол ауруханада 40 жыл қызмет атқарған Несібелі Есімова апай Асқар Жәкулин мырзаның рухы қатарымызда тұрғандай сезіндім деп көңіл толқынысын ақтарды. Тұсаукесер рәсімін Директор орынбасары Айдар Мамедов жүргізді.

Ақын Алмас Ахметбекұлы аурухана ұжымы мен ауруына шипа іздеп келген жандарға Асқар Жәкулин туралы қысқаша мәлімет берді. «Асқардай азаматтың 17 ай бойы ауру азабын бірге бөліскен жары Жайна Жәкулинаның» қайырымдылық қорын құрып, науқас балаларға көмектескеніне тілектесігін жеткізді. Ал Қор директоры Гүлнар Сейдолла ханым алдағы уақытта да зәру мекемелерге қол ұшын созып, ауру жандарға шипа сыйлау – қайырымдылық қордың басты мақсаты деді.

Ең әсерлі сәт – жаңа қондырғылардың еміне зәру болып отырған балалардың, олардың ата-аналарының, сол емді қолмен жасап жүрген дәрігерлердің сөздерін естігенде толқымаған жан қалмады.

Айта кетерлігі – «Асқар Жәкулин атындағы қор» бұған дейін де Шығыс Қазақстанда жүлде қоры 2,5 миллион теңгены құрайтын оқушылар арасында олимпиада өткізіпті.

Иә, атам қазақ айтқандай, «жақсыдан шарапат, жаманнан кесепат», «жақсының аты өлседе хаты өлмейді»... Асекеңнің жары Жайна мен бауырларының сөзінен аңғарғанымыз – «Асқар Жәкулин атындағы қордың» атқаратын қызметі алда. Әсіресе, қазақ баласының ауруына ем, дертіне шипа табуына аянып қалмаймыз деп отыр. Сондай-ақ, оқушылар арасында өтетін «Жәкула Күшікұлының» атындағы олимипиаданың да жыл сайын кемелденіп, кеңейе түсетініне нық сенімді.

Асқар марқұмның рухы жәннатта шалқығай!

Жәкула әулеті туралы шыққан мақалалар сілтемесі:

http://old.qamshy.kz/?p=4357

http://old.qamshy.kz/?p=17932

http://qamshy.kz/home/show/4903

http://qamshy.kz/home/show/4930

http://qamshy.kz/home/show/5202

http://qamshy.kz/home/show/5591

 «Қамшы» сілтейді

Darkhan Muqantegi

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір