• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 21:48:13
Алматы
+35°

17 Наурыз, 2018 NEWS

Америкалықтар Ұлттық ұланның кинологтарына есірткі заттарын табуды үйретті

Ұлттық ұлан кинологтарын АҚШ-тың контрабандамен күрес бойынша тәжірибелі мамандары үйретті.

16 наурызда Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Қаракемер елді мекенінде, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы  6654 әскери бөлімінің базасында кинолог-мамандарды есірткі табу аясында өткізілген біліктілікті жоғарылату  (қайта даярлау)  курстарының жабылу салтанаты өтті, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.

Шара аясында аталған оқу курсын оқығаны туралы сертификатқа Ұлттық ұланның бес кинолог-маманы ие болды.

Ұлттық ұланда есірткі іздеуші иісшіл иттерді қолдану сараптамасы оң көрсеткіштерге бастайтындығы байқалған. Осылайша, өткен жылы еліміздің әр түрлі өңірінде есірткі заттарын тәркілеу бойынша 56 дерек тіркелді. Нақтылай түссек, марихуана, героин, гашиш сияқты 103 келі есірткі заты табылып, тәркіленген. Бұл осы күндері кинологтар қызметтік-жауынгерлік тапсырмаларды орындауда иісшіл иттерді сәтті қолданып келе жатқанын көрсетеді.

Ал иттерді дайындау Қаракемер кентінде орналасқан Ұлттық ұланның кинологиялық орталығында жүзеге асырылуда. Иісшіл иттер іздеу, патрульдік-іздеу, қарауылдық қызмет пен есірткі және жарылғыш заттарды іздеу, шабуылдау мен әскери-жауынгерлік жаттығуларда қолдану мақсатында даярланады. Тағы бір айта кетерлігі, осы кезге дейін мұндай бағыттағы жаттығулар Түркия мен Австралияда ұйымдастырылған болатын.

Бұл жолы Ұлттық ұлан кинологтары үшін тәжірибелік көмекті америкалық әріптестер көрсетті. Сертификаттарды тапсыру салтанатына есірткімен күрес бойынша бағдарламаның менеджері майор Кристофер Кент, АҚШ-тың Алматы қаласындағы бас консулы Марк Муди мен кинолог-нұсқаушы Брюс Гудэйл және Скотт Зайтнер қатысты.

Жиында сөз алған Кристофер Кент есірткімен күрес Қазақстанда ғана емес, әлемдік қауымдастық үшін де күн тәртібінен түспейтін мәселе болып табылатынын айтты. «Осындай курстарды өткізу арқылы біз тәжірибе алмасып, біліктілігімізді шыңдаймыз. Бұл бағытта қазақстандық әріптестеріміз біздің сенімді серіктесіміз болып табылады. Сондықтан да әлемдік қауіпсіздікті көздейтін осындай нәтижелі ықпалдастығымыз одан әрі жалғаса түседі деп ойлаймын», деді.

Өз кезегінде Ұлттық ұлан басшылығы АҚШ елшілігінің әскери ықпалдастық пен қауіпсіздік бөлімі келісім аясында есірткілерді табу шеберлігін шаңдау курстары алғаш рет ұйымдастырылып жатқанын тілге тиек етті. «Оқытуды Америкадан келген жоғары білікті мамандар өткізді. Ұлттық ұлан кинологтары курс барысында жақсы нәтижелер көрсетті. Бұл тәжірибе олардың есірткі бизнесімен күрес бойынша әскери – жауынгерлік тапсырмаларды шешуде сәтті қолданылатын болады», деді Ұлттық ұланның жауынгерлік қызмет бас басқармасының бастығы полковник Баатр Бамбуков.

Сонымен қатар, Ұлттық ұлан кинологтарын АҚШ-тың контрабандамен күрес бойынша тәжірибелі мамандары үйретті.

Америкалықтар сақылдаған сары аяз бен 40-градустық ыстықта иісшіл иттермен жұмыс істеудің әдістерін көрсетіп, тәжірибелерімен бөлісті. Халықаралық тренинг төрт аптаға созылды. Курс соңында қатысушылар қорытынды емтихан тапсырып, сертификаттарға ие болды.  

Шараны өткізу барысында қызметтік иттермен есірткі заттарын табу мен қылмыскерлерді ұстау бойынша оқу әдістері жұртшылық назарына ұсынылды.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір