• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

27 Сәуір, 17:02:32
Алматы
+35°

08 Маусым, 2018 Аймақтар

Облыс әкімі Алтай Көлгінов жұмыс сапарымен облыстың бірнеше қаласында болды, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. Алдымен әкім Жаңақала ауданында болды.
Бүгiн облыс әкімі Алтай Көлгінов өңiр аудандарындағы жұмыстардың жүргізілу барысымен танысу үшiн Жаңақала ауданына барды.

Өңір басшысы алдымен аудан орталығында салынып жатқан көп қабатты тұрғын үй құрылысы алаңына келіп, еңбек ардагерлері, ауыл тұрғындарымен кездесті. Халық алдында ауданда жүргізіліп жатқан құрылыс жұмысының барысымен танысты. Биылғы жылы да аудан бойынша құрылыс көлемі ауқымды.

Соның бірі - халық сұранысы бойынша Жаңақала топтық су құбыры құрылысы. 2017 жылы тамыз айында басталған құрылыс биыл жыл соңында пайдалануға беріледi. қазiргi таңда құрылыс қарқынды жүруде. Жобалық құны 2,522 млрд.теңге болатын құрылыстың келісімшарт құны 1,831 млрд.теңге. Ұзындығы 145,69 километрдi құрайтын су құбырын iске қосу арқылы ауданның сегіз елді мекені, онда тұратын 16789 адамды таза ауызсумен қамтылады. құрылыстың бүгінгі жай-күйімен танысқан облыс басшысы мердігерлерге жұмыс сапасын кемітпеуді тапсырды.

Сондай-ақ облыс әкімі А.Көлгінов тұрғындармен бірге аудандағы жүргізіліп жатқан инженерлік инфрақұрылым, тұрғын үй құрылыстары, жолдар мен спорт алаңдары, суармалы көлтабандардың арықтары мен су қақпаларын жөндеу жұмыстары туралы мамандардың хабарламаларын тыңдады. Содан кейін кездесуге жиналған тұрғындармен ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жайында пікір алысты.

-Ең өзекті мәселе – халықты таза ауыз сумен қамту. Таза ауыз су адамдардың денсаулығын сақтау үшін керек. Елбасы тапсырмасы бойынша облыста бұл жұмыс жоспарлы жүріп жатыр. Мақсатымыз – адамдардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту, - деген өңір басшысы аудан әкіміне үнемделген қаржыдан жол жөндейтін қуатты техника алуды тапсырып, тұрғындардан мал басын көбейтуді сұрады.

Мал өнімдерін өткізудегі қиындықтарды айтқан ардагерлер сұрағына орай облыс әкiмi бұл бағытта аймақта жүргізіліп жатқан жұмыстарды айтты.
-Кәсіпкерлікті дамыта түсіңіздер. Істеймін деген адамға ешкім кедергі жасамайды. Біздің міндетіміз – істеймін деген адамға жағдай жасау, - дедi облыс басшысы.

Сапар барысында облыс әкiмi аудан орталығында салынып жатқан жобалық құны 220458,58 мың теңге үш қабатты 24 пәтерлік жалдамалы тұрғын үй құрылысымен танысты. өз қолымен қабырғасына кірпіш қалап, құрылыстың ел игілігіне айналуына тілек білдірді.

Құрылыс алаңынан кейін өңір басшысы аудан тұрғыны Батырбек Бердіғалиевтің жеке кәсіпкерлік нысанына атбасын тіреп, мұнда аудан кәсіпкерлерімен, жастар өкілдерімен кездесті.

Кәсіпкерлермен әңгіме үстінде облыс әкімі:

-Елбасының бес әлеуметтік бастамасының біреуі - шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту үшін қайтарымсыз демеу қаржыны көбейту. Облыс бойынша субсидия өткен жылғыдан биыл екі есе көбейіп, бұл тапсырма жүзеге асып жатыр, - деп кәсіпкерлікке қамқорлық жайын сөз етті.

Жастармен кездесуде «Жасыл ел» бағдарламасының аудандағы барысын тыңдап, белсенді жастар ісіне ризашылық білдірді. Жастарға жасалып жатқан қамқорлық жұмыстарына тоқталды.

-Біреу үшін емес, өзіміз үшін істейміз, - деген А.Көлгінов салынып жатқан құрылыс нысаны ішіне ұя салған қарлығаштарды да назарынан тыс қалдырмай, жақсылық белгісіне балады.

Жүргiзiлiп жатқан жұмыстар барысымен танысқан өңір басшысы тиісті жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар бердi.

***

Алтай Көлгінов

Облыс әкімі Алтай Көлгінов Бөкей ордасы ауданында болды.
Өңір басшысы Мемлекет басшысының облысымызға биылғы сапары өңіріміздің дамуына тың серпін бергеніне тоқталды. Сонымен қатар Бөкей ордасының тарихына, Жәңгір ханның Нарын құмды ну орманға айналдыру бағытындағы игі істеріне қысқаша шолу жасады.

Облыс басшысына аудан әкiмi Нұрлан Рахымжанов ауданда атқарылған жұмыстар және 2018жылдың жоспарымен, соның iшiнде елді мекендерге ауыз су, газ құбырларын жеткізу мәселелерiмен таныстырды.

Сапар барысында "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында салынған 2-пәтерлiк 5 тұрғын үйдiң жағдайымен танысты. құрылысымен а.ж. мамыр айында аяқталып, ендi аз қамтылған және жас отбасылар берiлетiн болды. Сондай-ақ, облыс әкімі жергiлiктi кәсiпкерлермен өңiрдегi шағын және орта бизнестiң даму жағдайы туралы әңгiме құрды.

Президенттiң білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттыру, жағдай жасау тапсырмасының орындалуын тексеру мақсатында Сайқында салынып жатқан жаңа типтегі интернат құрылысын көрдi. Өткен жылдың қыркүйек айында басталған 70 орындық интернат құрылысы биылғы жаңа оқу жылы қарсаңында пайдаланылуға беріледi. Облыс әкімі бұл нысанда болып, мердiгер мен құрылысшыларға мерзiммен қоса сапаға көп көңiл бөлу керектiгiн тапсырды.

Облыс әкiмi сапар барысында
аудандағы асыл тұқымды мал шаруашылығының даму деңгейiн көру үшiн "Талап" шаруа қожалығына барды. 
Сондай-ақ, жол құрылысын тиiстi материалдармен қамтамасыз ету мақсатында "Жамантау" кен орны жағдайымен танысты. Тау қойнауында шағыртас, қиыршық тас, теңiз құмы сияқты материалдардың үлкен қоры бар. қазiргi таңда осы материалдарды Жәнiбек, Казталов пен Бөкей ордасы аудандарының жол құрылысына пайдалану туралы әзiрлiк жұмыстары жүргiзiлуде. Сапар соңында облыс басшысы жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар бердi.

***

Бөкей ордасы

Облыс әкімінiң жұмыс сапары Жәнібек ауданында жалғасты.

Облыс әкімі Алтай Көлгіновтің Жәнібек ауданына жұмыс сапары Ақоба ауылдық округінің аумағында орналасқан Әбділман және Соркөл жайылмаларының жұмысымен танысудан басталды.
Жобалық құны 393853 мың теңге құраған бұл нысандарды өткен жылы «УральскСтройИнвест» ЖШС талапқа сай жөндедi. Құрылыс жұмыстарының барысында аталмыш жайылмалардың жағалаулары кеңейтіліп, плиталар төселіп, дамбалар жасалды. Сондай-ақ каналдар тазартылып, су ағызу құрылғылары қондырылды. Қазіргі уақытта гидроқұрылымдарды қалпына келтіру жұмыстары арқасында биылғы түскен қардың суы мол жиналды.

Жайылмалы суару Ақоба ауылдық округі бойынша 1370, Борсы ауылдық округі бойынша 500, барлығы 1870 гектар жерді құрап отыр. Төрт су жіберу құрылғысының біреуі Әбдіраманда, үшеуі Соркөлде орнатылған.

– Жайылмалы суарудың жалпы көлемі 1870 гектарды құрайды. Биылғы жиналған су көлемі жеткілікті. Алдағы уақытта қар мол түсіп, жауын-шашын болып тұрса, мұнда 2-6 млн текше метрге дейін су жиналатын болады, - деді құрылысты жүргізген «УральскСтройИнвест» ЖШС-ның директоры Алексей Безьянов.

«Әлем» шаруа қожалығының жетекшісі, облыстық мәслихаттың депутаты Ескендір Елемесовтің айтуынша, жайылмалы суару Ақоба, Борсы, көршілес Қазталов ауданының Қошанкөл, Қараоба ауылдарының аумақтарын қамтуға мүмкіндік береді. Өңір басшысы бұл жұмысқа бастамашы болған Ескендір Қапарұлы екендігін айтып, оған болашақта осы маңнан бау-бақша салу мүмкіндігін қарастыру жөніндегі ұсынысын жеткізді.

Ауданға сапар барысында облыс әкімі «Әлем» шаруа қожалығының «Беркәлі» қыстағында болып, малды қолдан ұрықтандыру пунктінің жұмысымен танысты.

Сонымен қатар, облыс әкiмi Ақоба ауылында аудан, ауыл ақсақалдарымен кездесті. Ауылдың тұрғыны Мұрат Мұхамбетқалиев ауылда ауыз су құбырының құрылысы жүріп жатқанын, ұялы байланыс жүйесінің іске қосылғанын, спортзал салынғанын айтып, ауыл халқының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларының біртіндеп шешімін тауып жатқанын зор ризашылықпен жеткіздi.

–Елбасының берген тапсырмасына орай келер жылдан бастап, Қазталов, Жәнібек, Бөкей Ордасы бағытындағы күре жолға асфальт төсеу жұмыстары басталатын болады. Елбасының бес әлеуметтік бастамасына байланысты кәсіпкерлікті қаржыландыру екі есе өсіп, төрт млрд.теңгені құрады. Осыған орай өз кәсібін ашамын деген адамға барлық жағдай жасалуда. Сондықтан осы мүмкіндікті пайдаланып, тек ерінбей еңбек ету керек. Мал шаруашылығын одан әрі дамытып, ірі қараны бір миллион басқа жеткізуіміз қажет. Атқарылып жатқан жұмыстардың барлығы тәуелсіздігіміздің, елдегі тыныштықтың арқасы,-деді облыс әкiмi.

Осы арада аудан әкімі Азамат Сафималиев ауданға тартылған инвестиция, мал шаруашылығы, елді мекендерді газдандыру, сондай-ақ, басқа да өзекті мәселелер жөнінде облыс басшысын хабардар етті.

Жұмыс сапары аясында өңір басшысы ауыз су құбыры құрылысының жұмыс барысымен танысып, құрылысы былтыр пайдалануға берілген Х.Халиуллин атындағы мектеп жанындағы спорт залда, күрделі жөндеу жұмысы жүріп жатқан фельдшерлік-акушерлік пунктте болып, жұмыстың жай-күйiн бiлдi.

Үстіміздегі жылы Жәнібек ауданының орталығында 80 тұрғын үй салынып, пайдалануға берілмек. Осы орайда облыс басшысы аудан орталығында 40 тұрғын үй құрылысымен танысты. Мұнда облыс әкіміне мердiгер, «Қазқұрылыссервис» ЖШС директоры Айдарбек Сейітмұратов құрылыс нысанда 50 шақты арнайы техника және 100-ден астам адам жұмыс істейтiнiн, соның iшiнде үй құрылысына жергілікті жерден де адамдар тартылғанын жеткiздi.

–Бір пәтердің ауданы 71 шаршы метр болса, бір үйдің ауданы 190 шаршы метр, құрылыс құны 301 миллион теңге. Тұрғын үйлердің құрылысын Астананың 20 жылдық мерекесінде, яғни, 6 шілде күні бітіреміз деп тырысып жатырмыз,-деді серіктестік директоры.

-Үйдің айналасына қоршау тұрғызыңыздар. Осында қоныстанатын тұрғындар тал-терек отырғызса, жанға жайлы көлеңкелі сая болып, өздеріне қолайлы жағдай жасайды, -деген облыс әкімі құрылысшыларға үйлерді сапалы аяқтауды нықтап тапсырды.

Аудан орталығындағы құрылысы бітуге таяу қалған теміржолдың арғы бетіндегі 40 үйдің құрылысы биыл шілдеде аяқталады. Жаңадан салынып, пайдалануға берілетін тұрғын үйді қарап шыққан облыс басшысы үйлерді сапалы бітіру, айналасын қоршау мен тал егу мәселесін қадап айтып, құрылысшылардың жұмысына сәттілік тіледі.

Содан кейін облыс әкiмi көршілес Ресейге баратын Жәнібектегі шекаралық өткізу пунктіне барды. Шекаралық бекетке келгесін шекара басшыларымен сөйлесіп, олардан өткізу пунктінен күніне 40-50 түрлі жүк тасымалдаушы, 200-250 жеңіл автокөліктер өтетінін, ал қатқыл жол төселген жағдайда оның саны бұдан да көбейе түсетінін анықтап білді. 
Өңір басшысы шекара басшыларына алдағы уақытта Ресейдің өткізу пунктіне дейін қатқыл табанды жол салынатынын айтып, 8 жолақты көлік ағынын реттеуіш құрылғылар орнатқан жағдайда шекара пунктінің айналасын кеңейту жайындағы ұсынысын білдірді.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір