• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 10:35:54
Алматы
+35°

28 Мамыр, 2018 Сұхбат

Алматыдағы Qazyna кітап үйі тек қазақша кітаптар сатады (фото)

Qazyna кітап үйінің басты мақсаты – бар қазақты бай ету.

Елестетіп көріңізші. Кітап дүкеніне кірдіңіз, іздеген қазақша кітабыңызды оп-оңай қолға түсірдіңіз. Себебі сіз тек қазақша кітаптар сататын дүкенге кіріп тұрсыз, онда қалаған жанрдағы қазақша кітабыңызға қол жеткізесіз. Дін дейсіз бе, әдебиет, тарих, жаратылыстану бағыты, мотивациялық кітап дейсіз бе, бәрі табылады. Иә, Қазақстанда, Алматы қаласында дәл сондай дүкен бар. Он жылға жуық кітап саудасымен айналысатын Алмас Шәйкен былтыр тек қазақша кітаптар сататын Qazyna үйін ашып, ісін дөңгелетіп келеді. Бұл саланың жемісті боларына кәсіпкер сенімді. Кітап саудасының қыр-сырын Алмас Шәйкен Qamshy.kz ақпарат агенттігі тілшісіне айтып берді.

Алмас Шәйкен

Қазақша кітаптар нарығы қалыптаспаған

– Кітап саудасын қалай бастадыңыз? 

– Бұған дейін сан салада жұмыс істедім. Түрлі кәсіпті меңгеріп жүріп, өзім сүйетін істі іздедім. Көп кітап оқыдым, әсіресе, өзін-өзі дамытуға арналған кітаптарға қызықтым. Сөйтіп, жаныма жақыны кітап екенін түсіндім. Негізінен кітап нарығында жеті жылдан астам уақыт жүрмін. Алғашында орысша кітаптарды сатып жүрдім, олардың тез өтетіні бесенеден белгілі. Бірақ егемендегімізге 27 жыл толды, неге бір де бір қазақша кітап дүкені жоқ деген ой мазалайтын. «Меломан», «Книжный город», «Гулянда» сынды дүкендерде қазақ кітаптары сөренің бір бұрышында тығылып тұрады. Қазақ кітаптарына байланысты кеңес беретін адамды таппайсың. Алдыңа 3-4 кітапты лақтыра салады. Оның үстіне ел арасында «қазақша кітаптар оқылмайды, сатылмайды» деген стереотип қалыптасқан. Бұл стереотипті жоққа шығарып, тек қазақша кітаптар сататын дүкен ашу ойыма келді. Былтыр нақты шешімге келіп, 2017 жылдың көктемінде ісімді бастап кеттім. Маған ең алғаш болып қолдау көрсеткен ЮНЕСКО-ның вице-президенті Ғани Бейсенбаев деген азамат болды. Ойымды бірден құптай кетті, дүкеннің ашылуына, ішін кітаппен толтыруға үлкен қолғабыс етті.

– Істі бастарда қиындықтар кездескен болар?

– Иә, алғашында «Меломан» дүкендері секілді кітаптарды сөрелерге тізіп қоя саламын деп ойладым. Бірақ қазақ кітаптарын жинау қиын болды. Біріншіден, қазақша баспалар кітаптарды жүйелі түрде шығармайды. Кітап сату процесінде қазақ кітабы нарығы қалыптаспаған. Халықтың сұранысы бар, бірақ баспалардың жұмыс істеу үрдісінің механизмі қалыптаспаған. Сынық механизм секілді. Алайда қиындыққа төтеп бердік. Ғани Бейсенбаев, Әділ Қойтан, Қонысбек Ботбай, Рауан Кенжеханұлы, Бақтыгүл Маханбет, Роллан Сейсенбаев сынды аға-әпкелеріміздің көмегімен барлық қазақша кітаптарды мейлінше іздеп тауып, сөрелерге тіздік. Үйдің ішін әрледік, кітап оқуға ыңғайлы орындықтар мен үстелдер қойдық. Мұндағы бар кітаптарды жеті жарым ай бойы іздеді. Соның өзінде көп кітап жоқ.

Qazyna

Басты мақсат – бар қазақты бай ету

– Қазақша кітаптардың өтетініне, көп оқылатынына сенімдісіз бе?

– 2017 жылғы санақ бойынша Қазақстанда 11 миллион қазақ болған екен. Оның екі жарым миллионы орысша мүлдем түсінбейді не коммуникацияда пайдаланбайды. Яғни қазақтілді кітаптарға сұраныс бар.

Қазақ қашан да өз мұраларымен мақтанып отырады. Абайды, Әлиханды айтып, бір марқайып қалады. Ал сол қазаққа қызмет еткен тұлғаларды тектілікке не жетеледі, көркем мінез қалыптасуына не әсер етті? Мұның жауабы біреу: ол – білім. Бүгінде аузымыздың суы құрып, ата-бабаларымызды мақтап жүре бергеннен ештеңе өнбейді. Өзіміз де тұлға болып қалыптасу үрдісін ойластыруымыз керек. Тұлға болып қалыптасуыңызға кітап таптырмас мүмкіндік береді. Ал қазаққа қызмет көрсетуде қазақша кітаптардың маңызы зор.

Сонымен қатар мұнда тек кітап сатып қана қоймай, түрлі кездесулер өткізіп, жастардың басын қосып, белгілі бір орта қалыптастыруды жоспарлап отырмыз. Өскелең ұрпақтың кітапқа, тектілікке құмар болуына атсалысқымыз келеді. Болашақтың көрінісі мынадай: кедейлердің үйінде үлкен теледидар болады, ал байлардың үйінде үлкен кітапхана болады. Басты мақсат – бар қазақты бай ету.

Мәселен, мына дүкенде 100 томдық «Бабалар сөзі» жинағы бар. Ал дәл осындай жинақ ешбір елде жоқ. Әр қазақ оп-оңай бай бола алады. Тек бір-ақ қадам – қазақша кітаптарды көп оқу, кітапхана қорын қазақ кітаптарымен толықтыру.

Алғашында намысым оянып ашқан бұл істен бүгінде аларым көп екенін түсінемін. Дүкенге кірген сайын білімнің шыңына өрлей беремін, ал ол шексіз. Сондықтан бұл дүкен де мәңгілік жұмыс істеуі керек.

«Жас авторларға қолдау көрсетеміз»

– Жалпы бүгінгі жастар қандай саланың кітаптарына қызығушылық танытады?

– Бүгінде халық арасында өзін-өзі дамыту кітаптары кеңінен таралып жатыр. Бір жылдың ішінде Кәмшат Бекжігітқызының «Ойыңды өзгерт, өміріңді өзгерт» кітабының 25 мың данасы сатылып кетті. Мұның өзі – үлкен белгі. Халық қазір шөлдеп отыр. Ал біз сол халықтың сұранысына сай қызмет атқаратын орынға айналуды мақсат тұттық. Халықтың сапасын арттырып, тектілігін, ақыл-парасатын, ой-өрісін кеңейтетін кітаптарды еліміздің әр өңіріне таратсақ, жарқын болашақтың кепілі – сол. Мұндай жылдамдықпен ауыл-ауылға таралып кетуі қазақ қоғамының қазақша мотивациялық кітапқа қаталап, сусап тұрғанын білдіреді.

Сонымен қатар, электронды кітаптар  жүйесі дамыған. Яғни дүкеніміздің мобильді қосымшасы бар. Бүгінгі авторларымызды көбі «кітаптарымыз өтпейді» деп олайды. Біздің мақсат – сондай авторларды қолдау. Мәселен, жас автор талпынып кітабын жазады. Біз оны электронды жүйеге тегін шығарамыз. Оқырман ол автордың кітабын тегін оқи алады. Кітаптың 10-15 пайызын оқыған соң «кітапты бағалау терезесі» шығады. Сол арқылы оқырманның әлгі кітапқа деген қызығушылығының бар-жоғын байқаймыз. Бұл, бір жағынан, бүгінгі замандағы жанрлардың қалыптасуына ықпал етеді. Екіншіден, автор онлайн режімде өз кітабының қаншалықты оқылып жатқанын, қалай бағаланып жатқанын көре алады. Мобильді қосымша арқылы оқырман да кітап үйіне қатысты бар жаңалықтан хабардар болады. Сөйтіп белгілі бір орта қалыптасады. Осы үрдіс арқылы жаңа авторларға қолдау көрсетіп, жағдай жасайтын алаң қалыптастырамыз.

Qazyna

Qazyna жайлы. Оқырманды өзіне тарту үшін...

«Qazyna – кітап сататын дүкен емес, үй», – дейді Алмас Шәйкен. Себебі онда кірген адам өз үйіне кіріп келгендей сезінуі тиіс. Qazyna кітап үйін құрудағы басшылықтың нақты мақсаты төмендегідей:

   •Қазақстанда мемлекеттік тілдегі толыққанды кітап дүкені мүлдем жоқ. Qazyna-ның басты концепциясы – «тек қана қазақша».

   •Бүгінде қазақ кітабы нарығы заман талабына енді ғана ілесіп келеді. Qazyna 40-қа жуық баспа, 50-ге жуық автормен келісімшарт арқылы жұмыс істеп отыр. Қазіргі таңда қазақ кітаптарының тиражы 5000 дана ғана. Оның өзі Қазақстандағы бүкіл жоғарғы оқу орындары мен кітапханаларға үлестіріледі. Ал өзі сатып алып оқығысы келетін ерікті оқырман үшін нарықта кітап жоқ. Qazyna-ның мақсаты – жеке кітапхана қорын қалыптастырғысы келетін оқырман немесе іздеп жүріп оқитын оқырман болуы мүмкін. Сондай оқырмандар үшін кітаптың қолжетімділік мүмкіндігін арттыру.

«Виртуалды әлемдегі қазақ халқының статистикасына көз жүгіртетін болсақ, монотілді деп есептелетін адамдардың көбі тек қазақ тілінде ән шырқайтын эстрада жұлдыздарының парақшаларына тіркеледі. Қайрат Нұртастың өзіне 2,6 млн адам тіркелген. Соның 2 миллионы қазақ тілінде еркін сөйлейді. Демек бізде аудитория бар. Ең бастысы – кітап имиджін қайта көтеріп, кітап оқу мода екенін оқырманға сезіндіру», – дейді Алмас.

Кәсіпкердің ойынша, кітаптың мұқабасы адамды баурап тұруы керек.

Харекет

Мәселен, мынау – Омар Жәлелұлының «Харекет» кітабы. Кез келген оқырман кітаптың ішін ашпас бұрын оның мұқабасына мән береді. Мұны білген Qazyna үйінің қызметкерлері оқырманын баурап алатын мұқабадағы дизайнды өздері ойлап тапқан. Абайдың «толық адам» концепциясын білген оқырманның көзі бұған бірден жетер. Ал білмегені қызығушылық танытады.

«Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек», – деген Абай өлеңіндегі сөздер мұқабаның мәнін толық ашып тұрғандай. Суретіне қарап кітаптың не туралы екенін де ұғыну қиын емес.

Бүгінде қорында 400-ге жуық аталым бойынша 20 мың данадан астам кітап бар Qazyna кітап үйі республика көлемінде өз жұмысын жүргізіп келеді.

Рамазан. Qazyna сыйлығы

– Григориан күнтізбесіне сәйкес белгіленген Жаңа жыл қарсаңында дүкендер түрлі сыйлықтарға тұнып тұрады. Түрлі-түсті жылтырақтар көздің жауын алады, балаларды қуанту үшін қаптамадағы кәмпиттерді міндетті түрде сатып аласың. Сол секілді өзіміздің ата дінімізді өскелең ұрпақ сезінуі үшін Qazyna кітап үйі ерекше акция ойлап тапқан. Іші құрма мен жаңғақ қосылған кәмпиттерге толы қорапшалар сатылады. Сыйлықты кішкентай балаларға әперу арқылы Рамазан келгенін түсінсе, мейрамға қуанса, келесі жылы оны асыға күтсе – бұл да біздің үлкен жетістігіміз болар еді. Осы арқылы ұлттық дінімізді де жандандыруды мақсат етіп отырмыз,  деді Алмас Шәйкен.

Qazyna

Авторды тану. Qazyna кездесулері

Qazyna кітап үйі тек коммерциялық мақсатты ғана көздемей оқырмандар мен авторлар арасында еркін рухани диалогтік орта құруға жағдай жасап келеді. Мәселен, қал-қадірінше әр апта «QAZYNALY QONAQ» жобасы аясында елге елеулі, айтары бар, сөз ұстаған қоғам қайраткерлері мен сыйлы зиялылар, өнер жұлдыздары және авторлармен кездесу кеші өткізіледі. Дос Көшім, Зейнеп Ахметова, Күлзия Нааби т.б. өткен кештер оқырмандардың ерекше ықыласын тудырды. Алдағы уақытта тамаша лирик, қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов, діни ағартушы Ерсін Әміре, танымал психолог-автор Кәмшат Бекжігітова т.б. тұлғалармен жүздесу кештері ұйымдастырылмақ.

– Кездесулерді өткізуіміздің бір мақсаты – дүкенімізді таныту. Кітапты өзіңіз отырып оқу – бір бөлек. Ал оны кітап авторымен талқылау – мүлдем басқа. Автор қандай мәселені баса айтқысы келді, кітапта нені көтергісі келді, не құнды, не құнсыз – жалпы кітаптың жүрегі авторымен кездескенде ашылады. Оқырман туындыны басқа қырынан таниды. Кітапты тани отырып, авторды таниды. Мұндағы біздің тағы бір мақсатымыз – автор мен оқырман арасына дәнекер бола отырып, пікірлесуге жағдай жасау, орта қалыптастыру, – дейді кітап үйінің басшысы.

Зейнеп Ахметова

Салтты жаңғырту. Qazyna сүйіншісі

– Тұрсын Жұртбай: «XX ғасырдың басында Абайдың алғаш шыққан кітабы, Міржақыптың «Оян, қазағы» жасау ретінде арнайы сандықта ұзатылған қызбен бірге болатын. Ауқатты, текті жердің қыздары кітапсыз келмейтін», – деп жазып еді. Біз осы салтты жаңғыртып, жалғастырғымыз келеді. Онда, шүбәсіз, Зейнеп Ахметованың кітабы болады, сонымен қатар отбасылық нормалар, құндылықтар жайындағы таңдамалы кітаптарды ұсынамыз, – деп сөзін қорытындылады Qazyna басшысы.

Gulim Zhaqan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір