• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

27 Сәуір, 05:30:43
Алматы
+35°

26 Маусым, 2018 Аймақтар

Алматыда Нұрлан Оразалинмен кездесу өтті

Кездесуді Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының тапсырысымен «Ел-шежіре» қоғамдық қоры ұйымдастырды

Алматы қаласы С.Бегалин атындағы мемлекеттік балалар кітапханасында Астананың 20 жылдығына орай ақын, драматург, мемлекет және қоғам қайраткері Нұрлан Оразалинмен кездесу өтті. Кездесуді Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының тапсырысымен «Ел-шежіре» қоғамдық қоры ұйымдастырды.

Жиынның басты мақсаты – Елорданың еліміздің дамуына қосқан үлесі мен атқарылған ұлы істерін жастарға жеткізу. Сондай-ақ, жас қаланың ұлттық сипатымызға айналып, беріктігімізді сақтай алғанын толығырақ түсіндіру.

Әлемдегі ең жас астанаға – 20 жыл. Осы уақыт аралығында жаңа қала жасампаз Елордаға айналды. Арқа төсінде сәні мен салтанаты жарасып, озық идеяларды, жаңа ғылыми шешімдер мен сәулет өнерінің озық үлгілерін өмірге әкелді. Толғақты түйіндерді талқылайтын жаһандық орталық болды. Осы орайда Нұрлан Оразалин әңгімесін арыдан бастап, Алатаудан Арқаға   қалай көшірілгені жайында баяндады. Бұған қоса, Астананың бүгінге дейінгі даңғыл әрі дара жолын тұшымды ойларымен ортаға салды.  

«Астананы көшіру айтар ауызға оңай болғанымен, ол заманда көп қиындық тудырды. Бір үрей, бір қорқынышпен үлкен жауапкершіліктің жүгі артылды. 1993 жылы «Егемен Қазақстан» газетіне бас редактор қызметіне орналастым. Елбасымен болған алғашқы сұхбатымда осыған қатысты сұрақ қойғанмын. Сонда ол кісі «Біз мемлекеттік тұтастығымызды сақтау үшін, Алматы секілді ардақты, аяулы қаланың мәртебесін бекіте отырып, астананы солтүстікке көшіруге тиіспіз. Өйткені тәуелсіздігімізді алғанымызбен, әлі тектілігіміз бойымызға толық сіңе қойған жоқ, сондықтан арқаға көшті түзеуіміз керек», – деп жауап берген болатын. Десе де бұл шешімге  қарсылық танытқандар да болды. Бірақ ішкі миграцияны, саяси сипаты бар Астананы қалыптастыруды барлығы қалады. Егеменді ел атану – қазақтың маңдайына біткен бағы. Тұтастығымызды сақтап келе жатқан біртұтас ұлтпыз. Осы жылдар ішінде тәуелсіздіктің тізгінін ұстай алатын қабілетіміздің бар екенін дәлелдедік», – деді Н.Оразалин.

Кездесуге жиналған қонақтар ақынға арнайы сұрақтарын қойып, өлеңдерінен оқып беруін өтінді. Осылайша Астананың торқалы тойына арналған кездесуде кезекті өлеңдерін оқып, кешті қорытындылады.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір