• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 16:43:30
Алматы
+35°

11 Мамыр, 2018 Әлеумет

Алматы көшелерінде бодандықтың ізі сайрап жатыр

Немістің астанасында қазаққа көше бергізген Ерік Асанбаевқа бүкіл Қазақстаннан бір көше бұйырмады.

1-көрініс. Такси ішінде Абай көшесінің бойымен келе жатырмын. Мен отырған таксиді жол бойындағы бір жолаушы тоқтатты. «Ленина-Абая» деді әлгі қазақ жігіті. Таксиші басын изеп, жігіт көлік ішіне мінді. «Өз көшелерімізді қашан өзіне тән қазақша атаулармен атап үйренеді екенбіз?», — дедім дауыстап.

— «Ленин» дегенге үйреніп қалдық қой. Совет заманынан бері солай атаймыз, — деді міз бақпастан әлгі ер адам. «Айналайын, ағатайым, Лениннің шын мәнінде кім болғанын білесіз бе?» дегім келді. Аузыма құм құйылды.

2-көрініс. 16-автобус Төле би көшесімен жүйткіп келеді.

— Я по Комсомольской еду. Щас буду, - деді бір уақытта орыс әйел телефонмен сөйлесіп. Зығырданым қайнады. «Біз қазақтың төбе биі Төле би көшесімен келе жатырмыз. Бұл көшенің атауы – Төле би» деп жан даусыммен ана әйелге айқайлағым-ақ келді. Үндей алмадым.

Үнсіз қалуымның себебі – әлгі жігіттің айтқаны ойландырды. Біз әлі күнге дейін құлдық санадан құтылмаған ұлтпыз. Осыдан 27 жыл бұрын ССРО-дан бөлініп, тәуелсіздік алдық. Бірақ ұлттық сипатымызды толық қайтара алдық па?

1993 жылы 4 мамырда ҚР Жоғарғы Кеңесінің Төралқасы «Қазақша жер-су аттарын, атауларды орыс тілінде дәл жазуды тәртіпке келтіру және Қазақстан Республикасы жекелеген әкімшілік-аумақтық мекендердің атауларын өзгерту туарлы» қаулы қабылданды. Содан бері елдегі бірнеше елдімекен өзінің тарихи атауын қайтарды. Қаулының қабылданғанына ширек ғасыр толды. Алайда кейбір ономастикалық атаулардан бодандық заманның иісі мүңкіп тұр.

Биыл сәуірдің басында Астана қаласын дамыту жөніндегі жиында қаладағы көше аттары талқыланып, үлкен дау туған. «Қайым Мұхамедхановтың Астанаға қандай қатысы бар?» деген әңгіме айтылды. Мұхамедханов, ғалымдығын былай қойғанда, бәрінен бұрын қазақ еді. Ал  қазаққа да, Қазақстанға да қатысы жоқ тұлғалардың есімі берілген атауларды қайда қоямыз?

2012 жылы Алматы қаласы әкімінің орынбасары болған Серік Сейдуманов қала орталығындағы Горный, Тимирязев, Шаляпин көшелерінің атауы өзгермейтінін айтқан.

«Неге?» деген сұрақ туындайды көкейде. Олар кім? Анықтап көрейік.

Қаланың қақ ортасындағы Бостандық ауданында орналасқан Желтоқсан көшесінен басталып, Жандосов көшесіне дейін жалғасып жатқан Тимирязев көшесінің ұзындығы – 4450 метр. Ресейден шыққан биолог Климент Тимирязевтің атына қойылған. Иә, ол – жаратылыстану саласында жаңалық ашқан ұлы ғалым. Бірақ қазақ жеріне аяғы тимеген, бүгінгі қазақ баласы танымайтын оның аты Алматы көшесіне қаншалықты лайық? Серік Сейдуманов: «Бұл көше қаланың дәл ортасында орналасқандықтан, тұрғындар атап үйреніп қалған», - деген уәж айтқан. Үйреніп қалуы қалыпты, алайда үлкен құндылықтарды кішкентай ыңғайсыздық үшін ысыра салуымыз керек пе?

Әуезов ауданында орналасқан Шаляпин көшесі орыстың белгілі опера әншісі Федор Иванович Шаляпиннің құрметіне қойылған. Халқын асқақ өнерімен тәнті еткен әншімен бүгінде Ресей халқы мақтанады. Осы орайда қазақ даласы былай тұрсын, бүкіл Еуропаға қазақ өнерін паш еткен Әміре атындағы көшенің ұзындығы бір шақырымның ар жақ, бер жағы. Ол көше жайлы Алматы тұрғындарының бірі білсе, бірі білмес. Қаланың орталығындағы Шаляпин көшесіне Қашаубаевтың аты берілсе, қандай жарасымды!

«Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды» демекші, талай жыл айтыс-тартысқа арқау болған тақырыптың бірі – Мирзоян көшесі. Қазақстанды 1933-1938 жылдары ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап, Сталиннің сенімді серігіне айналған бұл Мирзоянның атындағы көше оңтүстік астанада әлі бар. Оның қазақтарды қырған нағыз озбыр болғанына дәлел жетерлік. Мәселен, 1937 жылы Сталинге жазған құпия хаттарының бірінде ол репрессияға ұшырағандардың санын тағы 1600 адамға көбейтуге рұқсат сұрайды. Оған қоса, Алаш арыстарын атуға қосымша квота сұратқан деген деректер кездеседі. Осының өзі жеткілікті емес пе? Амал қанша, Алматыдағы бір көшені қаласаң да, қаламасаң да Мирзоянның атымен атауға тура келеді.  Себебі оны өзгертетін бір жан табылмады, ономастика комиссиясының не қолынан келмеді, не құлқы жоқ. Мирзоянды «Мырза-жан» деп құрмет тұтар, бәлкім. Білмедік. 

2015 жылы Астана қаласындағы Левон Мирзоян көшесіне Қаныш Сәтбаевтың аты берілген. Биыл Ақтөбедегі Мирзоян көшесі Әлихан Бөкейханов болып өзгерді. Алматының да кезегі келер деп үміттенеміз де, үмітімізді үзбейміз.

Бүгінде Ресейде қазақ есімдерімен аталған 44 көше, жалпы шетелде 73 көше бар (Ресейді қосқанда). Ал тұтас Қазақстан былай тұрсын, бір Алматының өзінде 100-де аса орыс көшелері бар. Оның 50 пайыздан көбі ССРО тұсында аталғандар. Солардың бірқатарына тоқталып өтейік.

Түрксіб ауданында орналасқан, Баум тоғайы мен Белинский көшесінің аралығында орналасқан  Александров көшесі ССРО-ның халық әртісі Григорий Васильевич Александровтың құрметіне қойылды. Екатеринбургта дүниеге келіп, еңбек жолын сол қаладан бастаған, 1921-24 жылдары Мәскеу театрында жұмыс істеген, 1983 жылы Мәскеуде қайтыс болған адамның Алматыда не ақысы бар?

Мүмкін қазақ киносына түскен шығар деп оны да қарадық, түскен киноларының қазақ тарихына да, қазақ өміріне де қатысы жоқ.

Мүмкін қазақтан әйел алған шығар деп оны қарадық, жоқ үш әйелі де орыс.

Алмалы және Бостандық аудандарында орналасқан Айвазовский көшесі орыстың белгілі суретшісі Айвазовский Иван Константиновичтің құрметіне аталған. Ол Ресейдегі Теңіз штабының бас көркем суретшісі, Императорлық суретшілер академиясының академигі және құрметті мүшесі, Амстердам, Рим, Париж, Флоренция, Штутгарте қалаларындағы суретшілер академиясында қызмет етіп, құрметті мүшесіне айналған. Армян отбасында дүниеге келген. Алғашында өз туған жерінде білім алған ол кейін Санкт-Петербургке шақырылады. Сонда сурет өнерін дамытып, Қырымға аттанады. Біраз уақыт Италияда жұмыс істеді. 1900 жылы Федосияда жан тапсырды.

Қылқалам шебері өз картиналарында талай өлкені суреттеді, ал Қазақстанның бір де бір жерін бейнелеген емес.

Сол сияқты Крыжицкий көшесі де орыс суретшісінің есімімен аталған. Ұзындығы 870 метрге созылған көше Мақатаев, Гоголь, Төле би көшелерін қиып өтеді.

Екі көшенің бірін ұлттық мүсін өнерінің негізін қалаушы Төлеген Досмағамбетовтің, екіншісін қазақ кескіндемешісі, театр және кино суретшісі, Алматыда туған Гүлфайрус Ысмайылованың есімімен атауға әбден болатын секілді. Ұсыныс – бізден, шешім – биліктен.

Алмалы ауданында орналасқан Аносов көшесі ресейлік тау инженері Павел Петрович Аносовтың атымен аталды. Ол Златоуст тау округінде қызмет істеді. Томск қаласының азаматтық губернаторы, Мәскеу ауыл шаруашылығы қауымдастығының мүшесі, түрлі элементті зерттеп шыққан алғашқы металлург болды. I Николайды таң қалдырған ғалымның қазаққа не пайдасы тиді? Жауапсыз сауал.

Алматыда үлкенді-кішілі 711 көше бар. Оның нешеуі орыстардың есім-сойымен аталатынын бүгін санап тауыса алмаспыз.

Қазір Германияның астанасы Берлин қаласындағы бір көшеге Абай Құнанбайұлының аты берілген. 1996 жылға дейін 90-штрассе аталған бұл көше ұлы Абай есіміне қалай ие болды дейсіз ғой?

Бұған тікелей атсалысқан азамат – көрнекті мемлекет қайраткері, сол кездегі Қазақстанның Германия Федеративтік Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ерік Мағзұмұлы Асанбаев еді. Немістің астанасында қазаққа көше бергізген Ерік Асанбаевқа бүкіл Қазақстаннан бір көше бұйырмады. Бұл – бір ғана мысал. Ал қазақ үшін қан төккен, тер төккен қаншама тұлға бар. Әрқайсысы бір-бір көшеге ат болуға сұранып-ақ тұр.

Gulim Zhaqan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір