• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

27 Сәуір, 02:01:16
Алматы
+35°

02 Желтоқсан, 2017 Аймақтар

Алатау ауданындағы жастар орталығы қарқынды жұмыс істеуде!

Осындағы жастар үшін бұл орталықта жақсы жағдай жасалған.

Сіз бен біз бар бұл қоғамда қашанда қозғаушы күш жастар болмақ. Ал, жастарға жағдай жасау, оларға үнемі көңіл бөлу – кезек күттірмейтін мәселе.  Қай кезде де мемлекет жастарға барлық мәселеде қолдау білдіріп, мүмкіндіктер жасап келуде. Жастар ұйымдары мен құрылымдары да молынан. Сонымен қоса, заман ағымына орай оларға мәдени демалыс орындарының да қажет екендігі байқалуда.  Осы жылдың қыркүйек айында Алматының Алатау ауданында "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында жастармен жұмыс істейтін Almaty Zhastary орталығы ашылған болатын.  Алматы қаласы Әкімдігі Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының қолдауымен  «Әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыру орталығы» ҚҚ аясында құрылып отыр.  Негізінен, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Қыдырғалиұлы Байбек 2017 жылды «Жастар жылы» деп жариялаған болатын. Ол, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жастарға қолдау көрсету және олардың интеллектуалды және кәсіби біліктілігін дамыту мақсаты аясында еді.

Аталған жастарға қызмет көрсету орталығы  жастардың жұмысқа орналасуына, кәсіптік бағдар алуға, жастар арасында кәсіпкерлікті жандандыруға бағытталған. Мәселен, «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры, Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі, Жұмыспен қамту орталығы, «Атамекен» ҰКП сынды мекеме  қызметтеркерлерінен арнайы консультациялар және  құқықтық мен психологиялық көмек ала алады.

Орталық мақсаты - Алатау жастарын шығармашылыққа, салауатты өмір салтына, кәсіпкерлікке баулу. Оған қоса, жас ұрпақтың рухани дамуы үшін жастардың әлемдік және ұлттық  мәдениет  құндылықтарына, шет тілдеріне, өнерге, әдебиетке, дәстүрлерге қатысуына жағдай жасау үшін көптеген іс-шаралар  өткізіп жүр.

Аталмыш орталықтың жетекшісі Берік Қалижанұлының айтуынша, «біздің орталық ең бастысы, жастардың бос уақытын тиімді өткізуге, олардың жан-жақты дамуы үшін жұмыс істемек. Олардың сұраныстарына байланысты, түрлі сала мамандарымен тренингтер өткіземіз. Сол арқылы толыққанды, білімді маман болып қалыптасуына жол ашпақшымыз. Шахмат, домбыра, ағылшын тілі секілді үйірмелерде тұрақты жұмыс істеуде».

Орталық ішінде тегін бірнеше үйірмелер жұмыс істейді. Мәселен, ағылшын тілі курсы, домбыра, шахмат секілді үйірмелер, график бойынша тұрақты жүргізіледі. Осыған қатысушы жастар да, оң бағасын беруде.       

 «Сабақтан бос уақытымды осы орталықта өткізу әдетіме айналды. Үйірмелердің барлығына қатысып жүрмін. Орталық ішіндегі «кеңес беру аумағы» бөлімінен, мамандардан кеңес алып, ол да өз кезегінде қажетіме жарап жүр. Мұнда өтетін тренингтерге қатысу арқылы, білімім, қала берді танымым кеңейе түсуде. Осындай жастар орталықтар көп жас буынға оң жолды сілтей берсін деймін» дейді – Анель Аян есімді бойжеткен.                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                    Әр түрлі мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру, одан өзге де бағдарламалар бойынша  ақпараттық мәлімет бойынша қызмет көрсетеді. Ал, орталық ішіндегі шығармашылық шеберхана алаңы шағын кітапханамен, музыкалық құралдармен жабдықталған. Интеллектуалды және шығармашылық кездесулер, воркшоп, коучинг, т.б. ұйымдастыруға бағытталған.  Мұнда болашақта жастарға пайдалы, қызықты, әрі жастар қоғамындағы өзекті мәселелер аясында семинар-тренингтер мен түрлі шаралар өткізіліп жүр. Айталық, қазан айында, «мамандық таңдау және жақсы маман болу жолдары» тақырыбында журналист Бейсен Құранбектің шеберлік сағаты өтті. «Дауыс қою жаттығулары» тақырыбында, арнайы маманның жаттығу сағаты өтті. Мұнан өзге, түрлі пайдалы шаралар күн сайын өтеді. Әлеуметтік желідегі орталықтың парақшасы арқылы оны алдын-ала білуге болады.  Жастармен жұмыс жасау орталығы жастарды тек белсенді өмірдің бағыты мен бағдарын ғана жол сілтеп қана қоймай, еліміздің ертеңіне белсенді қызмет атқаратын тұлғалар қалыптастыруына да  жұмыс жасай бермек.

Орталықта осы уақыт уақыт аралығында, әнші, сазгер Өктем Алтаев, журналист Бейсен Құранбек, әнші Жұбаныш Жексенұлы,  EDTECH-KZ халықаралық білім орталығының бас директоры Ғани Бейсембаев тағы да өзге ел азаматтары қонақ болды.

 Сонымен қатар, орталық қызметкерлері қаладағы тұрғын үйлерді аралап, орталыққа шақыру жұмыстарының жүргізілгенінің арқасында, орталықты білушілер мен  қызметін қолданушылар саны артқан. Орталық тек Алатау ауданының жастарына емес, сондай-ақ Жетісу мен Әуезов аудандарының жастарына да қызмет көрсетпек. Алматы қаласындағы өзге де жастар орталықтарымен бірлесіп, жастар форумдарын өткізуде жоспарда бар.

Жаңа заман жастарының жаңа талаптарын орындау уақыт ағымына орай орынды іс болып отыр.  Сондықтан, елдің бүгіні де ертеңі де болатын жастар қауымына жағдай жасала берсін. Ал, жастар үмітті ақтай берсін!

 Осындағы жастар үшін бұл орталықта жақсы жағдай жасалған. Спорт, өнер, мәдениет, ғылым секілді салаларға қатысты дүниелерді де осы жерден табуға болады екен. Орталықты аралап шыққанда осыған көз жеткіздім. Шын мәнінде, жастарға мәдени демалыс орындарының болғандығын өз басым қос-қолдап қолдаймын.

Өктем Алтаев, әнші, сазгер

Мұндай орталықтар сирек екендігі дау тудырмайды. Қала ішінен қосылып жатқан жаңа аудандар көп. Ал, бұл дәл сондай жаңа аумақта ашылған екен. Ол жерде көп бөлігі жас отбасылар екенін ескерсек,  бұл өте тиімді ашылған орталық. Ғылым-білімге, рухани дамуға шақыратын орталықтардың көп болуы өте маңызды. Орталық ішіндегі үйірмелер, шығармашылық ұйымдары да нағыз қажетті дүниелер.  Әрдайым табысты жұмыс істеуіне тілектеспіз.

 Жұлдыз Әбділда, журналист   

Алатау аудандық #Almatyzhastary шағын әлеуметтік орталығы ішіндегі «Тасқын» шығармашылық орталығы қазақ жастарына жетпей жатқан рухани кем-кетіктің орнын толтырады деп ойлаймын. Осындай орталықтар жұмыс істесе, «балам неге өзгерді?» демес едік. «Тасқынның» елең-алаң боп жүрген жасөспірімдер мен жастардың бетін бері қарататындай орталық болуына тілектеспін!  Бала қандай ортада жүрсе, сондай болады. Өйткені, ол ортақ тіл табысу үшін де сол ортаға бейімделеді. Жастардың патриот болып өсуіне ортаның  ықпалы орасан зор болғандықтан, осындай орталықтар көбейе берсе екен деймін.

Жадыра Нармаханова

 Жадыра Нармаханова  «Ұлан» газетінің шеф-редакторы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір