• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 22:10:44
Алматы
+35°

09 Мамыр, 2012 NEWS

Қазақремонт

Қазақтың ықылым заманнан бері көзінің қарашығындай сақтап келген асыл мұраларын бүгінгі нарық заманы ығыстырып барады десек қателеспейміз. Ол қандай асыл...

Қазақтың ықылым заманнан бері көзінің қарашығындай сақтап келген асыл мұраларын бүгінгі нарық заманы ығыстырып барады десек қателеспейміз. Ол қандай асыл мұраларымыз дерсіз?! Басқасын айтпағанда, бір ғана киіз үйдің өзінде қаншама құнды дүниелер жатыр?! Айталық, текемет, сырмақ, төр көрпе, тіпті сан түрлі оюмен көмкерілген ыдыс-аяқтың өзін күнделікті өмірден кездестіре бермейтін болдық. Бүгінгі қоғам соның бәріне көзінің астымен қарап отыр. Енді не істеу қажет?

Жақында ғана Үрімжіге барған сапарымызда баба мұрасын қазіргі заман талабына лайықтап Қытайдың базар бәсекесіне салып отырған Талғатбек Дүйсенбіұлымен арнайы жолығып, әңгімелесіп қайттық. Үрімжі «Орда-Ою» сауда шекті серіктестігінің директоры Талғат мырза бізге біраз дүниенің бетін ашты.

– Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы көзінің майын тауысып жасаған ұшан-теңіз ұлт мұрасы бүгінде қатардан қалып барады. Мысалы, қазір қалада отырған қазақтың ешқайсысы астына сырмақ салып, табанына текемет төсеп отырған жоқ. Асүйіне кіріп келі-келсапты, қонақүйіне кіріп тұскиізді көре алмайсыз. Сәбиінен бастап санасына сіңбегендіктен, киіз көрсе кіжірінетін қарадомалақтардың да қатары көбейді. Сонда ұлт мұрасынан осылай қарап тұрып айырылып қаламыз ба?! Жоқ әлде «заманың қалай болса, бөркің солай» деп баба мұрасын заман талабына лайықтаймыз ба?! Осы ойлардың жетегінде биыл Үрімжіден «Орда-Ою» серіктестігін құрдым. Компаниямыздың мақсаты – оюлы тас таған, тас төсеніш (кафель) сияқты құрылыс материалдарын шығару. Шындығын айтқанда, бұл көзді жұмып көлге түскендей жұмыс болды. Себебі Қытайдың ұшан-теңіз базарында қазақтың азғантай ғана оюлы өнімдері бәсекеге қабілетті болуы екіталай еді. Ниетіміздің оңдығынан болар, Шыңжанның жаңадан сайланған өлке  бастығы Жаң мырза егінші-малшыларға біртұтас салынып жатқан жер сілкінісіне төзімді үйлерде ұлттық, өңірлік ерекшелік болуы керек деген қаулы шығарды. Бұл біздің ісіміздің ілгері басуына айтарлықтай қолдау болды. Қазір Шыңжандағы 17 қала-қалашықта филиалдарымыз ашылды. Біздің өнімдерімізді қолданып, ұлттық ерекшелікке ие 500-ден артық үй тұрғызылды. Құдайға шүкір, бұдан бұрын қазақтар үйлеріне «еуроремонт» жасауды әдетке айналдырса, енді біздің өнімдерімізді пайдаланып, «қазақремонт» жасауды жалпыластырып келеді. Оның үстіне өнімдерімізді мемлекеттік стандартқа сай сапалы дүние етіп шығарып отырмыз. Өздеріңіз білесіздер, Қытай елі дүниежүзі бойынша фарфор ыдыс жасауда қай жағынан алсаңыз да, ең алдыңғы орында. Сондықтан өнімдерімізді әлемдік базар бағасынан әлдеқайда арзан етіп шығарып отырмыз. Яғни қарапайым халық тұтына алатын, қолжетімді бағада. Қазір өндірісіміздің өркен жайып келе жатқаны да сондықтан, – деп аяқтады әңгімесін Талғат ағамыз.

Дұрыс-ақ. Басқасын айтпағанда, миллиардтаған қытайдың ішінде отырып миллионның қамын ойлаған бұл азаматтың игі бастамасы көңілге қонарлық емес пе?! Осы күнге дейін үйде істетуге лайықталған тоқ қайрақ, жарық қайтаратын айна сынды бірнеше тапқырлығына патент алған өнертапқыш ағамыз енді ұлт мұрасын ұлықтауға көшіпті. Оюлы тас таған, келі-келсаптың суреті басылып асүйге лайықталған тас төсеніш, оюлы жиек, қазақ даласының көрінісімен көмкерілген жиылмалы перде, қысқасы, не керектің бәрін жасаған. Кезінде Иманғали Тасмағамбетов Алматы қаласына әкім болып келгенде, «ендігі салынатын құрылыстарда ұлттық бояу болуы керек» деп айтқан еді. Соның арқасында талай тас үйден қазақы сәулеттің иісі шыққан. Қазақ елінде солай болуға тиісті де. Ал аспан асты елінде тұрып азғантай қазақтың асыл мұрасын күллі әлемге паш етуді ойлап отырған қандастарымызға бәрекелдіден басқа не айтуға болады?! Қолдауға қолымыз жетсе ғой, әттең! Бізге де «еуроремонттың» орнына «қазақремонт» жасар күн жеткен сыңайлы…

Біләл ҚУАНЫШ

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір