• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

01 Мамыр, 17:42:27
Алматы
+35°

Жақында Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында жер қатынастарын реттеуге арналған заң жобасы мақұлданып, Сенаттың қарауына жіберілді. Алайда жер дауына нүкте қойылған жоқ. Себебі халықты алаңдатқан 24, 27, 34, 97, 101 баптарға тек мораторий жарияланды. Ол 2021 жылдың 31 желтоқсанына дейін жарамды, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.

Сарапшылардың айтуынша, мораторий уақыты біткенше ауыл шаруашылығы министрлігі мен жер комиссиясы халықпен ақылдаса отырып, жаңа заң жобасын әзірлейді. Қоғамдық белсенді Мұхтар Тайжан «жер шетелдіктерге жалға беріледі» деген баптардың түбірімен алып тасталатынына сенімді.

- «Жерді шетелдіктерге беруге болмайды» деген бапты заңға кіргізе алмадық. Бұл менің ресми ұсынысым болды. Амал қанша, оған депутаттар да, үкімет те дайын емес. 2021 жылға дейін уақыт бар. Бұл мәселені міндетті түрде көтереміз. Келесі жылы арнайы заң қабылдануы мүмкін. Мораторий біткенше халық талабына сәйкес, жерді шетелдіктерге бермеу мәселесін уақытша емес, түпкілікті шешуге болады. Оған өзім де атсалысамын. Сондықтан арнайы  жаңа заң жобасын дайындап, қабылдауымыз керек. Оған тағы бір жылдай уақыт керек болады, - дейді Жер комиссиясының өкілі Мұхтар Тайжан.

Заңгер Абзал Құспан да Қазақстан халқын мазалаған мәселе болашақта шешіледі деп үміттенеді. Жерді шетелдіктерге бермеу туралы заң қабылданбаса, ол өз наразылығын білдіріп, халықпен бірге алаңға шықпақ.

- Заң бойынша бірінші əрекет концепциядан басталады. Осы концепция шартты түрде «ішкі» мәселелерді реттеуден тұрады десемде болады.

Олар мыналар:

  1. Заңды және жеке тұлғаларға жалға берілген ауылшаруашылық мақсатындағы жерлерді сақтау және жетілдіру. Шынында, қазір ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлердің кезінде кім көрінгенге берілуі салдарынан, ол жерлердің тозып немесе пайдаланылмаған күйде қалып қойып жатқандары бар. Бұған қатысты АШМ тарапынан республика көлемінде жан-жақты жұмыстар жүргізіліп, қазір қанша жердің пайдаланылмай отырғаны және қанша жердің тозып кеткені жөнінде сараптама жасалған;
  2. Жалға берілген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің шекті мөлшерін белгілеу. Кезінде (мораторийге дейін) жерді сатуға бекітілген шекті мөлшер жерді жалға беруде бекітілмеген. Соның нәтижесінде, әлем бойынша ең көп жер иеленуден екінші тұрған адам – Қазақстандағы «Иволга-Холдинг» компаниясының иесі Розинов. Ол 1,5 млн гектар жерге ие. Оның үстіне, ол ең құнарлы Қостанай облысында орналасқан. Розиновтің өзі миллионер бола тұра, компаниясы қаржылық қиындықтарға тап болған. Қолданыстағы жер кодексімен ондай алпауыттардан жалға берілген тым көп жерлерді мемлекетке кері қайтару механизмі жеткілікті қарастырылмаған болатын. Сол себепті, ұсынылған нұсқадағы заңға толықтыруларды өз басым қолдаймын;
  3. Шекара маңындағы ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлерді беруге қатысты талаптарды күшейту. Өзгерістер мен толықтыруларда шекара маңындағы жерлерді беруді шектеу, нақты белгілеу ұсынылып отыр. Меніңше, бұл да маңызды мәселелердің қатарында, себебі қауіпсіздік мәселесі әркез бірінші кезекте болуы керек;
  4. Елді мекен жерлеріндегі жайылым мәселесі. Кезінде ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлердің кім көрінгенге шексіз берілуі салдарынан ауылдық жерлердегі, әсіресе ауылдың айналасындағы жайылым жерлері тарылып әрі тозып кетті. Ұсынылған заң жобасында оларды мемлекет меншігіне кері қайтару және мемлекет есебінен құнарландыру бағытында жұмыстар атқару көзделген. Қолындағы азын-аулақ малымен ғана күнін көріп отырған ауыл тұрғындары үшін өте маңызды деп білемін.

Бұған қоса, жер учаскелерін бөлу, қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік мәселелеріне қатысты пайдаланушылардан жерді алып қойған жағдайда төленетін өтемақы, жердің мақсатты пайдалануын өзгертуге қатысты бұрыннан бар заң нормаларын жетілдіру бағытында бірқатар өзгерістер мен толықтырулар қарастырылған. Көріп отырғаныңыздай, жерді шетелдіктерге сату-сатпау, жерді жалға беру жөнінде мәселе бұл заң жобасында жоқ, - дейді заңгер.

Президент жарлығымен 5 бапқа мораторий жарияланды. «Оның мерзімі аяқталған соң жер қайта шетелдіктерге беріле ме?» деген үрей бар ел арасында. Қоғам белсендісі Айдын Егеубаевтың ойынша, халық сенімсіздік танытуға толық хақылы.

- Билік халықтың сенімін жоғалтып алды. Оның бір көрінісі – 2016 жылы халықтың жаппай наразылық білдіруі. Бірінші рет алдаған адамға екінші жолы күмәнмен қарау – заңдылық. Біздің көңілімізде күдік бар. Себебі қолымызға неліктен заңға енгізілген толықтырулар мен өзгерістермен бірге толық нұсқаны көрсетпейді. Жүз бап бар, соның барлығымен халық танысуы керек. Оны сенатқа жібереді, одан кейін президент қол қояды, одан кейін бірақ береміз дейді. Мен толық нұсқасымен таныспағандықтан, күмәнданып отырмын. «Неліктен бұлар жасырын ұстап отыр?» деген сұрақ туындайды көкейімде. Егер жер кодексіндегі 6, 23, 24, 12 бапқа мораторий енгізсе, күмән сейіледі, - дейді қоғам белсендісі Айдын Егеубаев.

Жер заңына қатысты өз ойын ашық білдіріп жүрген Айдын Егеубаев бүкіл қоғам болып заңның халық мүддесіне тиімді қабылдануын жіті бақылау қажет деп есептейді.

Assem Almuhanbet

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір