• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 18:36:33
Алматы
+35°

27 Сәуір, 2017 NEWS

Журналистің аяқ киімі әкімдіктегілерге ұнамай қалды

Атырау облысы әкімдігі ғимаратына кәсіби қызметін атқаруға барған журналисті кроссовка кигені үшін кіргізбей қойған, деп хабарлайды

Атырау облысы әкімдігі ғимаратына кәсіби қызметін атқаруға барған журналисті кроссовка кигені үшін кіргізбей қойған, деп хабарлайды Қамшы ақпараттық агенттігі azattyq.org-ке сілтеме жасап. 

Мәселенің жай-жапсарына үңілгендерге әкімдіктің киім туралы бұйрығы бар екені айтылды. Ал журналистер құқығын қорғайтын «Әділ сөз» ұйымы өкілі «Бұл - тілшінің кәсіби қызметіне бөгет жасау» дейді.

«КҮЙСІЗ АДАМ ДА ІСКЕРЛІК КИІММЕН КЕЛУІ КЕРЕК ПЕ?»

Оқиға сәуірдің 21-і күні болған. Жергілікті "Ақ Жайық" газетінің тілшісі Зүлфия Байнекеева редакция тапсырмасымен сол күні болатын облыстық маслихаттың сессиясына қатысу үшін Атырау облысы әкімдігі ғимаратына барғанда, оны күзетшілердің кіргізбей қойған.

- Үстімде қара былғары күрте, аяғымда қара кроссовка болды. Бұл - менің көктемгі киімім, - дейді ол.

Журналистің сөзіне қарағанда, оқиға кезінде әкімдіктің баспасөз қызметінің өкілі Саламат Сабырдың «кіргізіңдер» деген сөзіне күзетшілер құлақ аспаған. Зүлфия Байнекееваның  айтуынша, «Күзетшілер оған әкім аппараты жетекшісінің қолы қойылған ішкі бұйрықтарын көрсеткен. Онда сырттан келген адам іскерлік киіммен келуі міндеттелгені жазылған. Бұйрыққа 2016 жылы сәуір айында қол қойылған. Бірақ бұл бұйрық олардың есіне аяқастынан жұма күні түскен».

Дәл сол киіммен бір апта бұрын сол әкімдікке кіріп шыққан едім, - дейді журналист.

Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі өкілі Саламат Сабыр өзінің бұл оқиғаға куә болғанын жоққа шығармады.

- Әкімдікке жиналысқа шақырылған әр адам іскерлік үлгіде киініп келуі керек. Бұл туралы қаулы әкімдіктің кіреберісінде ілулі тұр, - деген Саламат Сабыр Зүлфия Байнекееваның «облыстық мәслихат сессиясына шақырылғандар тізімінде болмағанын» айтады.

- Шақыртуды мәслихаттың өзі жасайды. Ол шақырылмаған. Бірақ мен әріптес ретінде көмектесуге бардым. Сөйтсем, ол кроссовкамен тұр. Күзетшілерден кіргізуін сұрадым, олар кіргізе алмайтындарын айтты, - дейді ол.

Ал Зүлфия Байнекеева «Сонда бұл жерге қарт зейнеткерлер де, мүгедектер мен үйсіз-күйсіз жүргендер де келеді. Олардың барлығы іскерлік киіммен келуі керек пе?» деп наразы.

«ДРЕСС-КОД СЫРТТАН КЕЛЕТІНДЕРГЕ МІНДЕТТІ ЕМЕС»

Азаттық тілшісі әкімдікке сырттан кіретін адамдардың әрі журналистердің киім үлгісіне талап қою мәселесінің басқа мемлекеттік мекемелерде қалай реттелетінін зерттеп көрмек үшін Алматы облысы әкімдігі баспасөз қызметінің бас маманы Қуаныш Ожаровқа хабарласқан болатын. Оның сөзінше, «Дресс-код (ресми киім үлгісі – ред.) тек мемлекеттік мекеме қызметкерлеріне ғана міндетті».

- Мемлекеттік қызметкерлерге өзіміздің әдеп кодексіміз бойынша киімнің іскерлік үлгісімен жүру міндеттелген. Ал жиналысқа немесе қандайда бір жиынға сырттан шақырылған қонақ дресс-кодқа сай киініп келсін деген талап жоқ,- дейді.

Қуаныш Ожаров өзінің бейресми жеке пікірін «сырт адамдардың мемлекеттік мекемеге іскерлік үлгіде киініп келгені дұрыс» деп білдірді.

Әділет министрлігінің ресми өкілі Олжас Рамазанов «мемлекеттік қызметкерлердің дресс-кодын, яғни олар қалай киіну керек, шаштарын қалай қою керек дейтін сауалға «мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі» жауап беруге тиіс екенін айтады. Бірақ аталған мекеменің Атырау облыстық департаментінің өкілі Мәлік Қариев «ресми түрде хат жазу керек екенін, телефон арқылы жауап бере алмайтынын» мәлімдеді.

«БҰЛ – ЖУРНАЛИСКЕ ЖАСАЛҒАН КЕДЕРГІ»

Журналистер құқығын қорғайтын «Әділ сөз» ұйымының өкілі Ғалия Әженова Атырау облысы әкімдігінде болған оқиғаны «бұл - журналистің кәсіби қызметіне кедергі жасау» деп түсіндіреді.

- Бұл жерде қитұрқылық саясат болғанын көруге болады. Ситуацияға қарап отырсақ, облыстық әкімдік болсын, қалалық әкімдік болсын, оны басқаратын әкім емес, күзетші сияқты. Яғни, мемлекеттік органдарда [бұл мәселенің] нүктесін қоятын қожайын жоқ, - дейді.

Ғалия Әженованың сөзінше, «дресс-код мәселесі тек сол мекемедегі (әкімдікті айтады – ред.) қызметкерлерге міндетті. Ал, әкімдікке «мынандай киіммен келуге болады, анандай киіммен келуге болмайды» деген ереже жоқ».

- Кроссовка - ресми жерге киетін аяқкиімдердің бірі. Сол себептен бұлардың (әкімдік өкілдерін айтады – ред.) уәжі қисынсыз, - дейді «Әділ сөз» ұйымының өкілі.

Қазақстан президентінің 2015 жылы желтоқсанның 29-ы күні шығарған «Қазақстан мемлекеттік қызметшілерінің әдептілік нормаларын және мінез-құлық қағидаларын одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» № 153 жарлығымен мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексі (қызметтік әдеп қағидалары) бекітілген. Онда «мемлекеттік қызметшілердің сырт келбеті олардың қызметтік міндеттерін орындау кезінде мемлекеттік аппараттың беделін нығайтуға ықпал етуге, іскерлікпен, ұстамдылықпен және ұқыптылықпен ерекшеленетін жалпы қабылданған іскерлік талаптарына сай болуға тиіс» деп жазылған.

Қазақстан конституциясында сөз бостандығына, ақпараттарды заңда тыйым салынбаған кез келген әдiспен алуға және таратуға кепілдік берілетіні; БАҚ туралы заңда журналистердің ақпаратты iздестiруге, сұратуға, алуға және таратуға; мемлекеттiк органдарға, түрлі меншiк нысандарындағы ұйымдарға баруына және қызмет бабындағы мiндеттерiн жүзеге асыруға байланысты шараларға қатысуға құқылы екені жазылған.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір