• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 17:17:22
Алматы
+35°

06 Ақпан, 2019 Әлеумет

 Өзін-өзі өлтіру ғылымда «суицид» деп аталады.  ҚР Бас прокуратурасының  дерегінше, елімізде 2018 жылы 3542 суицид тіркелген, оның ішінде 148  жасөспірім осы суицидтен өлген,  4234-і өздерін өлтіруге әрекет еткен. Астана қаласында  суицидтің өсуі байқалған, 128 адам өз-өздеріне қол салған.

2018 жылы  суицид жасаудың тәсілі  бойынша 2818 адам асылып өлсе,  157 адам биіктен секіріп өлген, 127 адам уланып өлген.

Суицид жасаудан 100 мың адамға шаққанда  алдыңғы орында Солтүстік Қазақстан облысы (36,7) тұр, одан кейінгі орындар Ақмола (36,5) мен Қостанай (32) облыстарының еншісінде.  Ең төменгі орында Атырау (8,8) мен Маңғыстау (10,9) облыстары тұр.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2016 жылы 100 000 адамға шаққандағы суицид санын көрсететін тізімінде Қазақстан  әлем бойынша 7-орында тұр.  Еске салсақ, Қазақстан 2007 жылы осы тізімде төртінші орында болған-ды.  Яғни еліміздегі 100 мың адамның  сол кезде 30-ы өз-өзін өлтірген.  

 Елімізде кәмелеттік жасқа толмағандардың өзіне-өзі қол жұмсау санының азаймай отырғаны көңіліңе қорқыныш ұялатады.   Өз-өзіне қол жұмсағысы келген балалардың орташа жас мөлшері 14 пен 17 жас аралығығында. 

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша, жер бетінде соңғы жарты ғасырда өз-өзіне қол салушылар саны бұрынғымен салыстырғанда 60 пайызға өскен. Әлем бойынша 121 миллион адамның жүйкесі жұқарған. Сұмдық емес пе? Жүйкесі жұқарған деп отырғанымыз жай сөз, бұл – тұтастай үлкен бір мемлекеттің халқындай осынша адамның  қояншық болу қаупі бар, кез келген уақытта  өз-өзіне не басқа біреуге қол салуға қабағандай даяр тұр деген сөз.  Осынша адам – ұйқысыздыққа ұрынғандар, жалғыздықтан жалыққандар,  жоқшылықтан торыққандар, бойларын қорқыныш пен сенімсіздік билегендер, шарасыздық пен күйзеліске бой ұрғандар, үмітсіздік пен үрейден  қажығандар, өшпенділік пен кекке желінгендер, болашақ пен бүгіннен түңілгендер, қоғамнан да, адамнан да жерігендер.

Осынау әлемдік дерттің  себеп-салдарын жоқшылыққа, кедейлікке, аш-жалаңаштыққа  тағы жаба алмайсың. Бір күнде «Бойнгке» бес рет мініп, бес рет түсетін, адамзатқа тән материалдық игіліктің, рахаттың, қызық-құмардың бәрін көрген, бәрі бар,  өркениеттің өріне шыққан ас та төк америкалықтардың 25 пайызы өздерін «жүйкесі жұқарғандар» санайды екен.  Жұмыртқаға жүн өсіретін жапондарың да соның ар жақ-бер жағы. Айтпақшы, жапондар суицид жасаудан әлем бойынша алда келеді.  Сонда, бұларға не жетпейді? Түсініксіз.

 Асылып өлуді емі жоқ белгісіз ауру, экологиялық дерт дейтіндер  бар. Кім біліпті? Қарыздарын қайтарып, банктегі есебін жауып, жауларынан кешірім сұрап, тұрып жатқан пәтерін жуып-тазалап барып өзін-өзі өлтіретіндер де аз емес екен. Артына бір жапырақ қағаз қалдырмай, о дүниеге үн-түнсіз, оп-оңай аттанып кете баратындарда есеп жоқ. Мұның артында не тұр? Мұның сырын ғылым әлі шеше алған жоқ.

Әлдекімнің жан шошырлық жат қылығын сезсе, атам қазақ дереу мал ба­уыздап, қан шығарып, не әлдебір жан-жануарды, жәндік-пәндікті өлгісі келген адамның көзіне көрсетіп асып қоятын болған. Әлгі бәтшағардың жаны шошы­сын, сұмдық бәлекеттен беті қайтсын дегені. Баланың мойнына жіп салып ой­нағанын көрсе, дереу тыйым салған.

Өз-өзіне қол салу шариғат бойынша ең ауыр күнә . Барлық әлемдік ірі діндердің бәрінде солай. Бұрын өзін өлім­ге қиғандардың жаназасын шығар­май, көпшілік жерленген қорымға жолатпай, бақ­сы­ның моласындай шошайтып жеке көметін болған.

Соңғы жылдары адам тұрмақ, жан-жануарлардың да өзін-өзі өлтіруі жиі көрініс бере бастаған. Алып киттердің өз-өздерін жағалауға лақтырып өлетіндері көбейген. Мұны кейбір ғалымдар жалған жаңғырық-дыбыс беру арқылы адам сайтанының жасап отырған қысастығынан көреді. Ғылым мен техниканың жетістігін теріс мақсатқа пайдаланып, адам баласының миына да осындай өлімге шақыратын «үгіт» енгізіп ойнап отырғандар бар шығар, бәлкім.

          Жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсауына әсер еткен себептерді сараптағанда, көбінесе зорлық-зомбылық, тұрмыстық кикілжің, қылмыстық жауапкершілік алдындағы заңға байланысты қорқыныш, отбасындағы кикілжің, ата-ана алдындағы, мектептегі жасаған ісі үшін үрейлену оларды осы іске итермелегенін көрсеткен. Жасөспіорімдердің психикасы өте нәзік, аса сезімтал болатынын ата-ана да, мұғалімдер де, өкінішке қарай, ескере бермейді.  Балалардың өз-өздеріне қол жұм­сап, о дүниелік болуының  көбейіп кеткен себебін психологтардың көбісі жүгенсіз ақпараттық тасқыннан, интернеттегі сайтани сайттардан, қоғамдағы азғындықтың артуынан, білім беруге байланысты бала жүйкесіне шектен тыс салмақ түсуден көреді.

 Ойын баласының мінезіндегі, жүйкесіндегі ауытқушылыққа сыртқы ортаның да ықпалы орасан. Мәселен, өлімді дәріптейтін «Эмо» деген ұйым бар. Осы ұйым мүшелерінің айтуынша, «Эмо» өлген адамды сомдайды. Қара түсті киім киіп, көзін, тырнағын қараға бояйды. Жолдастарын ажалдан қорықпауға үгіттейді. Өзіне қол жұмсауды қалыпты нәрсе санайды. Күре тамырлары тілім-тілім болып жүреді.  Бұл ұйымның мүшелерінің саны  қанша екенін ешкім білмейді.
           Бүгінгі жаңа қазақтың да, жаңа қазақ болуға жанталасқан қара қазақтың да баласы мектептен үш тілді: қазақ, орыс, ағылшын тілін жетік біліп шығуы керек. Мұның сыртында бидің, спорттың, музыканың түр-түрін меңгеруі тиіс. Нағыз заманауи, жан-жақты жетілген жан болу үшін жеті жұрттың тілін білуі, мың сан техниканың құлағында ойнай білуі керек. Студент кезінде бірнеше мамандықты қатар меңгеруі шарт. Шаңғы, коньки, көліктің түр-түрін тебуі, гольф, бильборд ойнауы, суда жүзуі, парашютпен секіруі, атпен шабуы, альпинизммен, эробикамен шұғылдануы артықтық етпейді. Әйтпесе көштен қалып қояды. Дамыған ортаға ене алмайды. Тез ойлап, тез қимылдайтын балалар күні-түні осы жолда жанығып, жанталасумен шаршайды. Ал енді баяу ойлап, баяу қимылдайтын балаларға осының бәрін меңгеру, үлгеру үшін  адам емес, не жын, не робот болу керек. Олардың да жан күйзелісі осы жерден басталады. Үлкендер де жетісіп жүрген жоқ, банктерден алған бірнеше кредитін өтеуі тиіс, ипотекамен алған үйі тағы бар, жұмыстан айырылып қалу не ауырып қалу қаупі де жоқ емес, студент балалары ақылы жүйеде оқиды, жұрттан қалмауы үшін тезірек көлік алуы да қажет. Байлардың уайымы бұдан да көп. Осының бәрі жүрек пен жүйкеге салмақ салып, титықтатып, күйзелісін жеңілдету үшін уыс-уыс дәрі ішеді, араққа салынады, есірткіге әуестенеді, жеңіл жүріске түседі. Бәрібір тығырықтан оңайлықпен шығар жол таппайды, өмірдің түрлі сынағына төтеп бере алмай, одан сайын құлдырап, құрдымға біртабан жақындай түседі.

         Батыс ғалымдары сұрау салу нәтижесінде адамдардың қырық пен елу жастың арасында депрессияға ең көп шалдығатынын анықтады. Мұның себебі адам осы жаста өмірдің ащы шындығымен бетпе-бет келеді екен, жастық шақтағы үміт күткен аяулы армандарының, өмірлік мақсат-жоспарларының орындалмағаны және енді орындалмайтыны психикасына салмақ түсіретін көрінеді. Ал елу, алпыс жастан асқан соң бәріне мойынсұнып, мүмкіндігінше байсал тартып, сабырлы бола түседі екен.

Ғұламалардың айтуынша, жас келген сайын адамды қинайтын үш-ақ сауал: қайдан келдім? Не үшін жаратылдым? қайда барам? Бұған жауап таппағандардың көңіліне қаяу түсіп,  сөзсіз тұйыққа тіреледі. Өмірді мағынасыз санап, ешбір мән таба алмай, ашық күнде адасады. Жауап тапқандар сөзсіз құтылады. Жарық дүниемен өз еркімен қоштасқысы келгендер өзін қинаған азап-мехнаттан өзін өз қолымен мәңгі жоқ ету арқылы біржола құтылам деп ойлайды. Қатты қателеседі. Адам ешқашан өзін мәңгі жоқ қыла алмайды. Бұ дүниенің қиыншылығынан құтылғанмен, о дүниедегі тозақ азабы  күтіп тұрады.

«Азып-тозудың, күйзеліс пен күйгелектіктің бәрі де иманның толық болмауынан немесе әлсіздігінен» дейді дін ғұламалары. Бақыт – байлық, ақша не басқа емес, жан-дүниенің тыныштығы, жүректің сабыр-барақат табуы. Барға – шүкір етуде, жоққа – сабыр қылуда. «Қанағат – қарын тойғызар» дегенде  бабаларымыз осыны айтқан. 

 

Төреғали Тәшен

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір