• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 07:42:51
Алматы
+35°

01 Қараша, 2018 Сұхбат

Жүргеновтің 120 жылдығы неге республикалық деңгейде аталмады? Рамазан Стамғазиев жауап берді

Темірбек Қараұлының «қазақша сөйлеу керек, қазақтың өз тілі бар» деген бір сөзін бар қазақ білу керек.

Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің туғанына биыл 120 жыл толды. Осыған орай еліміздің әр өңірі түрлі шаралар ұйымдастыруды бастап та кетті. Бұл тұрғысынан көш бастап тұрған Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы бүгін, яғни 1 1-қараша күні «Ән күй керуені» атты дәстүрлі ән кешін өткізбек. Тағы бір айта кетерлігі, биыл ұлттық өнер академиясындағы дәстүрлі ән кафедрасына да 10 жыл толып отыр.  Алаш ардақтысының мерейтойының атап өтілуі әрі дәстүрлі өнердің бүгінгі қоғамдағы орны жайында қазақтың халық әндері мен дәстүрлі өнерін кеңінен насихаттап жүрген белгілі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Рамазан Стамғазиевпен сұхбаттастық. Рамазан Стамғазиев – Қазақ ұлттық өнер академиясындағы «Дәстүрлі ән музыкасы» кафедрасының меңгерушісі, аға оқытушысы.

-Қазақ ұлты үшін күрескен Алаштың айтулы азаматтарының бірі - осы Темірбек Жүргенов. Алайда әр жылдардағы мерейтойы, неге екені белгісіз, республика көлемінде тойланбады. Тіпті атаулы 120 жылдығының өзін атап өтуге күш салып жатқан тек академия. Мұның себебі неде?

-Расында , бұған дейін біз Жүргеновтің 120 жылдығына орай ғылыми конференциялар жиі өткіздік. Күні кеше Қызылорда қаласында үлкен көрмелер ұйымдастырылды, конференциялар өтті. Академиямыз Нартай Бекежанов атындағы театрда гала-концерт берді. Концерттің алдында сәулетшілер, мүсіншілер, дизайнерлерден құралған үлкен ұжым бір күн бұрын көрме өткізді. Біз Қазанғап бабамыздың атындағы музыкалық мектепте жастармен кездестік. Жүргенов жайында жасалған роликтер, кинофильмдер көрсетілді. Жүргеновтанушылар, оның өмірін зерттеп жүргендер, ұрпақтары – бәрі Қызылордада болды. Иә, мұндай шаралар Қызылорда мен Алматыдағы академияға ғана керек болуы мүмкін. Алайда Жүргеновтің 120 жылдығын атап өтуді жалғастырып,  Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен шараны жалғастыру – қазіргі жоспарымыз.

Әзірге министрлік пен Темірбек бабамыздың ұрпақтары қолдау көрсетуде. Қолдаушылар әлі де табылады деген үмітіміз зор. Бір кездері жариялауға, халыққа көрсетуге болмайтын видеолар, суреттер, кітаптар, құпия жаңалықтар жарыққа шығып жатыр. Жалпы үлкен толқыныс болды.

-Қарашаның 1-і күні өтетін кеш жайлы толығырақ айтып өтсеңіз? Несімен ерекше?

-Бүгінгі кешімізге «Ән-күй керуені» деген айдар тағып, Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ішіндегі «Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасының құрылғанына табан тіреп 10 жыл уақыт өткенінің құрметіне арнамақпыз. 10 жылдың ішінде кафедраның маңдайалды мұғалімдерінің еңбегі орасан зор. Кафедрамызда алдыңғы буыннан қазақтың белгілі ғалымдарының бірі Әсия Мұхамбетова бастаған ғылым докторларынан бастап, ғылым кандидаттары жұмыс істейді. Мәселен, Әлия Сабырова , Жайдаргүл Қазыбекова және Талғат Мұқышев Башқұрстан мен Ресейдегі атағы жер жаратын ұстаздардан тәлім-тәрбие алып, қазір Қазақстанда мектебін қалыптастырған тұлға, зерттеуші де біздің кафедраның қабырғасында.  Бес жылдық мерейтойымызда ғылыми конференция өткізіп, бүгінгі күнгі дәстүрлі музыканың мәселелері жайында, түркі тілдес халықтар мен ұлттық музыка арасындағы проблемаларды шешу, дамыту  сынды мәселелер талқыланды.

Біздің кафедрада екі мамандық бар. Бірі – әншілер, екіншісі – аспапшылар. Әншілердің ішінде Шолпан Даржанова Жетісудың жыршылық және әншілік мектебін қатар ұстанып отыр. Дәнеш Рақышевтің шәкірті Нұржан Жанпейісов бар. Ол да Әсет Найманбаев, Дәнеш Рақышевтер қалыптастырған мектептің жолын жалғап отырған азамат. Дәулескер күйші, 15-16 кітап жазған, ғылыми еңбектер мен оқу құралдарын жасап шығарған Мұрат Әбуғазы да біздің кафедрада жұмыс істейді. «Тұран» ансамблінің басшысы, өнерпаз Мақсат Сағатбекұлы Медеубеков  те қылқобыздан сабақ береді. Ол кісінің мұғалімі Әбдіманап ағайымыз да бізбен бірге. «Қассақ» деген дүниенің төрт бұрышын аралап жүрген топтың мүшесі, жетігенші Жадыра Мүсірепова  қарындасымыз қазір магистратурада оқиды, аспапшы ретінде сабақ береді.

Биыл шертер аспабын аштық. Інім Ерлан Стамғазиев және өзім де осы кафедрада сабақ беремін. Жоғарыда аты аталған әріптестерімізбен биылғы 10 жылдықта Қазақстанды аралап, кеш өткізсек деген ниетпен мерекемізді «Жер жәннаты – Жетісу» -  Талдықорған қаласында Мұқан Төлебаев атындағы оркестрмен бастадық. Бұл жайлы естіген жұрт өнерімізді бағалап, елдің түрлі аймақтарына шақыртып жатыр. Ең бірінші әннің туы тігілген, Әміре Қашаубаев, Күләш пен Бибігүлдер шыққан киелі өңір Семей қаласы шақырып, сонда өнерімізді паш етіп келдік. Бибігүл апамыздың атына құралған үлкен оркестрмен концерт бердік. Музыкалық орталықтарда кездесулер жасап, балаларға шеберлік сабағын өткіздік. Семейде Мұрат Құрманбаев ағамыздың «Рухани жаңғыру «орталығында кездесу ұйымдастырылды. Артынша 1 қарашада әйгілі Құрманғазы оркестрімен  ел алдында үлкен концерт бермекшіміз. Онда аспапшыларымыз, әншілеріміз, жас студенттеріміз бен лауреаттарымызды сахнаға шығарып, «Дәстүрлі өнер өлген жоқ» деп есептік концертіміз өтеді.

Кафедраның тағы бір ерекшелігі – дәстүрлі орындаушылардан алғашқы PhD докторы біздің кафедрадан шыққан. Біздің кафедраны бітірген Амангелді Күзеубай деген азамат Құрманғазы атындағы консерваторияда халық бөлімін басқарып отыр. Белгілі ғалым Айжан Бердібаева да - осы кафедраның түлегі.

Осыған орай былтыр бір жылымызды ғылыми еңбектер жазуға арнадық. Орындаушы-педагогтарымыз оқулықтар, кітаптар шығарды. Нұржан Жанпейісов Дәнеш ағамыздың айтылмай, естілмей жүрген, әншілерге  бағына бермейтін мықты-мықты алпысқа жуық әнін жинақтап, нотаға түсіріп, «Саясында алманың» деген атпен кітап шығарды. Шолпан Таржанова деген қызымыз Жетісу өлкесіндегі халық әндері, халық композиторлары, Кенен атамыздың қалып қойған әндерін, Жетісудағы қаншама ақындардың әндерін нотаға түсіріп, «Жетісу алабында» атты кітап шығарды. Менің де «Домбырамен ән айту мектебі» деген үлкен кітабым жарық көрді. Ол – оқимын деген баланы дәстүрлі мектепке қарай ыңғайлап алып кететін оқу құралы. Талғат Мұқышев тарихта алғаш рет «Сыбызғы мектебі» деген кеңбегін жинақтады. Сыбызғы жайлы бұрын соңды айтылса да, арнайы оқу құралы, хрестоматиясы шықпаған. Соны біздің кафедраның ұстазы халыққа ұсынды. Мақсат Медеубеков «kobyzbook.kz» деген электронды кітабын дүниеге әкелді.

Бұдан бөлек үшінші курс студенттерімен де ел аралап, экспедицияға шықтық. Екі мәрте Моңғолияға барып қайттық. Халық арасында айтылмай қалған, жазылмай жүрген, жетпей қалған, Совет заманында шыққан композиторлар жайлы тың деректер біліп, оны жазып, үлкен кітап етіп шығардық. 10 жыл ішінде көп жұмыс істелінді. Мақсатымыз – он жылдық мерейтойымызды әнімізбен көмкеріп, кафедрамыздағы  талантты өнерпаздарымыз, бен ғалымдарымыздың еңбегін бағалау, атап өту. 

-Ал қазіргі кезде дәстүрлі өнерге жастардың ынтасы қандай?

-Ынтасы өте жоғары. Елімізде Кенен Әзірбаев атындағы үлкен қор бар. Сол қормен бірлесіп, біз «Жас екпін» атты байқау ұйымдастырдық. Оның бас жүлдесіне жарты миллионнан ақша тіктік. Былтыр колледждің өзінен 90 бала келді. Биыл академияға оқуға түскендердің көпшілігі сол байқаудың лауреаттары. 2018 жылы тағы өткіземіз. Ол да колледжаралық болады. Бас жүлдені жеңіп алған бала бізге оқуға түсуді қаласа, ешбір мамандықтан емтихан тапсырмайды, тек тестке бір-ақ келеді. Бұл өте үлкен жеңілдік. Бүгінде сұраныс бар, соған қуанамыз.

Алға қойған жоспарларымыз көп. Мәселен, жыршылық мектебін ашқымыз келеді. Батыс мектептерін, сырнаймен ән салу мектебін құрсаққ деген ойымыз да жоқ емес.

Әрине, келген студенттердің бәрі дерлік әнші болып кетпейді. Ал біздің кафедрада білім алған азамат әншіліктен бөлек ғылыммен де айналыса алады. Мысалы, Бауыржан Күмісбеков сынды студентіміз ғылыми жобалардан, олимпиадалардан жеңімпаз атанды. Қазір магистратурада оқиды, "әрі қарай жалғастырамын" деген ниеті бар. Бағлан Бәбіжан деген қарындасымыз докторантурада білімін жалғастыруда.

Дәстүрлі өнер ешқашан өлмейді. Мен концерттерімде жастарды көп көремін, кездесулерімде де дәл солай. Кешегі күнгі Астана, Қызылорда, Семей, Талдықорғандағы сапарымыздан байқағанымыз, дәстүрлі өнерге ұмтылған жастарымыз өте көп. Оның үстіне «дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасы республикалық және халықаралық көлемде аккредитациядан өтті. Келесі жылдан бастап қос дипломдық жоба қолға алынып жатыр. Мәселен, Башқұрстанда сыбызғы бар, бізде де сыбызғы бар, осылайша екі тарап студенттерімізді алмастырып оқытамыз. Тілді жақсы меңгерген балалар болса, Кореядағы жетіген мектебіне жібереміз. Яғни, студенттеріміз қос дипломды маман болып шыға келеді. Түркиямен тікелей байланыс жасап жатырмыз. Құрманғазы атындағы консерваториямен де күйшілер, әншілерімізді алты айға мобильдік режим арқылы жіберіп, олардың оқушылары бізге келіп сабақ алуда. Сонымен қатар, Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы Қазақ-түрік халықаралық университетімен де тығыз байланыстамыз. Ол жердегі мұғалімдерімізбен тәжірибе алмасып жатқан жағдайымыз бар.

2019 жылы мұғалімдеріміздің бәрі жеке концертін бермек. Былтыр 2017 жылы  Республика сарайында өзім бастап, есептік кешімді өткіздім. Нұржан Жанпейісов Талдықорғанда жеке концертін өткізді. «Алатау» театры, Ықылас атындағы халық аспаптары музейімен де байланысымыз бар. Балаларымыздың өзі аптасына бір-екі рет сахнаға шығып тұрады. 

Енді Ғалымдар үйімен де келісімшартқа отыру жоспарда бар. Студенттеріміздің көпшілігі жаңадан ашылған «Алатау» дәстүрлі өнер театрында жұмыс істейді. Олар да жеке-жеке концертін беріп жатыр. Жетігеншілер, қылқобызшылар, сыбызғышылар, домбырашылардың бәрі оркестрде, театрда еңбек етіп жүр. Үкіметке қарап қалған жоқ, өздерінің талантымен, ізденімпаздығымен жұмысқа орналасуда. Жалпы дәстүрлі өнер мен өнерпаз иелері тасада қалып жатқан жоқ, еңбектері ақталып жатыр.

-«Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасы қалай қалыптасты?

-1966 -67 жылдары Алматы қаласында екі жыл сабақ өтетін эстрада цирк студиясы болды. Бұл – Жүсіпбек Елебеков, Ғарифолла Құрманғалиев, Бақыт Қарабайқызы сынды мықтылардың табаны тиген қасиетті жер. Қазақ сахнасында жүрген дәстүрлі әншілер, эстрада әншілері осы жерден тәрбиеленді. Кейіннен бұл Жүсіпбек Елебеков атындағы эстарада-цирк колледжі болды. 1988-89 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында «халық әні кафедрасы» ашылды. Ол жерде Арқаның, Жетісудің, Батыстың жыршылық өнері мектептері болды. Кейіннен Шабыт университеті ашылды. Онда да халық әндеріне арналған кафедра болды. Ал 2008 жылы Темірбек Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясында дәстүрлі өнер кафедрасы ашылды. Мен мұнда 2012 жылы келдім. Біздің кафедраның бағыты өзгелерден ерек. Мәселен, консерватория - академиялық бағытта. Ал біз «академиялық» деген тіркесті алып тастадық та, дәстүрлі өнерге көп көңіл бөлдік. Адамды нотаға байлап тастамаймыз. Еркіндік бар. Тыңдау арқылы да, есту арқылы да үйренесің. Біздің балаларымыз әмбебап музыкант болып шығады. Студенттеріміз қосымша аспаптарды меңгере алады. Әншілердің көбін домбыраға береміз. «Шіркін-ай, даусы сайрап тұр, қолы жүрмей тұр» деген балаларды жан-жақты музыкант етіп даярлаймыз. Әншілер үшін актерлік шеберлік, тіл тазалығы, қолдың шеберлігі сынды пәндер өтеді.

Дәстүрлі өнер – үлкен әлем. Сол әлемді тану керек. Мақсатымыз – әншілерді әйтеуір саханаға шығару емес, олардың естігенін нотаға түсіруге де үйретеміз. 

-Темірбек Жүргенов академия үшін кім? Халық арасында насихатталуына көңіліңіз тола ма?

-Темірбек Қараұлының «қазақша сөйлеу керек, қазақтың өз тілі бар» деген сөзін бар қазақ білуі керек. Жоғары жақта отырған мықтылар ұлтын, жұртын сыйласа, Темірбек  Жүргеновті ЮНЕСКО деңгейіне шығару керек. Ал біз қазақтың өнерпаз азаматы ретінде жұмыла бірігіп, Жүргеновтің 120 жылдығын лайықты түрде атап өтуге бар күшімізді саламыз.  

Сұхбаттасқан Гүлім Жақан

Gulim Zhaqan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір