• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 08:55:23
Алматы
+35°

29 Наурыз, 2019 Экономика

Жұмысшылардың 1 миллиард  940 миллион теңгесін төлей алмай отыр

Банкротқа ұшыраған  кәсіпорын  айлықты қалай төлейді? Бұл – енді үлкен мәселе.

Бүгінгі таңда  елімізде заңмен бекітілген ережелерге қарамастан жұмысшы мен жұмыс беруші арасындағы еңбек даулары жиі кездесіп отыр. Еңбегі бағаланбай, әркімнің жемтігі болып, табанақы, маңдай термен тапқан ақшасын ала алмай зар илеген азаматтарымыздың саны азаймауда. Мұны қалай реттеуге болады? Осыған байланысты Сенат отырысында депутат Рысқали Әбдікеров Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Гүлшара  Әбдіқалықованың атына депутаттық сауал жолдады.

Расында да көптеген жұмыс берушілер  адамдардың қиын жағдайын пайдалана отырып, еңбек шарттарын жасамай еңбек заңнамасының талаптарын бұза отырып жұмысшыларды жалдап, соңынан жалақасын бермеуді әдетке айналдыра бастаған.

Жалпы статистикалық мәліметтерге назар аударсақ, еңбек дауларына қатысты сот істері де кейінгі жылдары өсе түсуде. Мәселен, 2017 жылы соттарда еңбекке ақы төлеу талаптарының бұзылуына қатысты 1 783 әкімшілік іс қозғалған, ал 2018 жылы 1939 іс қаралған, яғни мұндай істер бір жылдың ішінде 8,7 пайызға артқан.

Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сәйкес 2019 жылдың 1 қаңтардағы жағдай бойынша жалақы берешегі 139 кәсіпорындағы 6 мың 200 жұмыскердің алдында 1 млрд 940 млн теңгені құраған, оның 77 пайызы яғни 105-і                         (1,5 млрд теңге) банкротқа ұшыраған кәсіпорындар екенін айта кеткен жөн.

Мұның сыртында, әсіресе бүгінде ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істейтін жұмысшылар да кезінде  шартқа отырмағандықтан жалақыларын уақытылы немесе мүлде ала алмай, ал кейбір жағдайларда жалақының орнына ауыл шаруашылығы өнімдерін алу фактілері де кездеседі (бидай, шөп, көкеніс және т.б.). Ал мұның салдары жұмысшы күшінің жетіспеушілігін туғызып, маман кадрлардың тұрақтамауына әкеліп соқтыруда.

Алайда, халықаралық тәжрибеде әлемнің бірқатар елдері, мәселен Қытай, Испания, Жапония секілді мемлекеттерінде жұмыс берушілердің еңбекақыны төлеу талаптарын бұзу фактілері қылмыс ретінде танылып, осыған қатысты   жазалау шаралары қолданылады.

Сондықтан Конституция және Еңбек кодексімен кепілдік беретін жұмысшылардың құқын қорғау мәселесі бүгінгі таңда өзекті және бұл мәселені шешу Үкімет тарапынан тікелей араласуды қажет етіп отыр. Осыған байланысты депутат Рысқали Әбдікеров еңбекке ақы төлеу жөніндегі талаптарды бұзғаны үшін жауапқа тарту шараларын заңнамалық тұрғыда қатаңдату бойынша бақылауды күшейту керек деп санайды.  Ол үшін не істеу керек? Премьер-министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықоваға сауал жолдаған депутат ол үшін бірқатар нәрселерді жүзеге асыру қажет деп санайды. Атап айтар болсақ,  

  • Бірінші кезекте жұмысшылардың жалақысын беру мақсатында, содан соң басқа да міндетті төлемдерді өтелуін қамтамасыз ету бойынша «Банкроттық және оңалту туралы» Заңына өзгеріс енгізуді;  
  • «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» Заңының 4 бабын                         7 тармақшамен, яғни “Жұмыс берушінің дәрменсіздігі (банкроттығы) салдарынан табысын жоғалтқан жағдай” деген мазмұнмен толықтыруды;
  • Бейресми еңбек қатынастарына жол бермеу және оларды анықтап, азаматтардың еңбек саласындағы өз құқықтары жөніндегі хабардар болу деңгейін арттыруды;
  • Еңбекке ақы төлеу жөніндегі талаптарды бұзғаны үшін жауапқа тарту шараларын заңнамалық тұрғыда қатаңдату бойынша бақылауды күшейту және шаруа қожалықтарындағы еңбек қатынастарын бір жүйеге келтіру мәселелерін қарастыру керек.

Расында да банкротқа ұшыраған кәсіпорындардың жұмысшыларына қарызын қайтара алмауы үлкен проблемаға айналып барады. Оны тезірек шешу керек. Өйткені еткен еңбектің өтеуінің қайтқаны дұрыс. Егер кәсіпорындар жұмысшының еңбекақысын қайтара алмаса, бәрі де сот арқылы шешілгені дұрыс. Бірақ банкротқа ұшыраған  кәсіпорын  айлықты қалай төлейді? Бұл – енді үлкен мәселе.

Ұсынған: Еркін Қалдан

Берік Бейсенұлы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір