• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Сәуір, 12:42:36
Алматы
+35°

05 Қыркүйек, 2018 Әлеумет

Жұмыс іздеп жүріп оңбай алдандым...

Мен жұмыс іздеймін деп оңбай алдандым... Бірақ басқа алданған адамдарға қарағанда, Құдайға шүкір, жағдайым тәуір..

Мен қалай алдандым?

Мен жұмыс іздеймін деп оңбай алдандым... Бірақ басқа алданған адамдарға қарағанда, Құдайға шүкір, жағдайым тәуір. Студент болғасын жазғы демалыста үйде босқа жатып ішер болмайын деп ғаламтордан жұмыс іздей бастадым. Бір кезде «қазақ тілін білетін, адамдармен тез тіл табыса алатын жас қызметкер керек» деген хабарламаны оқып қуанып кеттім. Алда мені не күтіп тұрғанын білмегендіктен тез арада телефон нөмірді теріп, хабарласып ем, мені сұқбаттасуға шақырды. Маған айтылған (Алматы қаласы Сәтпаев көшесі 30а/3, "Азия плюс" компаниясы) мекенжайға бардым. Офистің іші құжынаған адамдар, бірі кіріп жатыр, енді бірі айғай шығаруда. Түк түсінбедім. Маған берілген анкетаны толтырып, мені қабылдау керек «бастықты» күттім. Ерден өзінің осы жерде «бастық» болып жұмыс істейтінін, өзіне құжаттарды реттеп, телефон қоңырауларына жауап беретін көмекші керектігін айтты. Мен үшін тым оңай жұмыстың айлығы 120 000 болды. Иә, мен де сіз секілді бұл не деген батпан құйрық деп ойладым, алайда маған қызық болғанын жасырмаймын. Әлгі жігіт мені бұл қызметке икемді екенімді байқапты-мыс. «Азия плюс» компаниясының Tiens Kazakhstan ЖШС компаниясымен серіктес екенін айтты. Мен Tiens (Тяньши) туралы бұрын естімеппін. Сондықтан шошына қоймадым. Ерден кешке іріктеу кезінде өзінің басшыларына мені мақтайтынын, барынша осы жұмыста қалдыратынын айтты. Мұның «психологиялық шабуыл» екенін кейін білдім. Кешке қарай маған әлгі бастықсымағым хабарласып, мені құттықтады. Мен жұмысқа қабылданыппын.

Мен қалай алдадым?

Ертеңіне төлқұжатымның көшірмесі мен 3/4 суретімді апарып, алғашқы сынақ мерзіміне бардым. Жұмыс істеймін деп барып, лекция тыңдап қайтып келдім. Алғашқы лекцияда Қытайдағы Tiens компаниясы туралы толығырақ ақпарат айтты. Кешке қарай компания туралы Google атамнан сұрап, іздеп едім көзім шарасынан шығып кете жаздады. Барлық пікірлерді оқып шықтым, бәрі бұл компаниядағы қызметкерлердің алаяқ екенін жазған. Алайда пікір жазғандардың барлығы дерлік 1-ші сынақ мерзімінен кейін кетіп қалған. Сол себепті сынақ мерзімінің соңына дейін баруды жөн көрдім. Әйтеуір соңғы сынақ мерзімінде маған бұл компания арқылы тез әрі көп ақша табуға болатынын айтты. Қазір «бірнеше мыңдаған қарызы бар адамның көп ақшаны естіп алданатыны белгілі дүние», - деп өзімді алдаусыратыным бар.

Мен бұл компаниядан 70 000 теңгеге тауар алдым. Студент болсаң, ақшаны қайдан алдың деген шығарсыз іштей. Ақшаны бір досымнан сұрай қойып едім бірден бере қойды. Бұл сәйкестік емес, Құдайдың сыйы шығар деп, талпынысым арта түсті. Ал қазір күлкім келеді.

Тауарлардың қатарында дәрі-дәрмек пен шашқа арналған сусабын, тіс пастасы бар. Тауарларды алған соң мен де өзімді алдағандай өзгелерді алдай бастадым. Өзгелерді алдаудан барынша сақтануға тырысатын мен үшін бұл өте қиынға соқты. Кейін Ерденнің басшысы Әлихан маған 1-2 сағат лекция оқыды. Түрлі мысалдар келтірді.  Мен сендім.  Себебі мені шақырған жігіт 500 мың теңгеге тауар алып, ақшаны 2-3 айдың ішінде қайтарып алғанын айтқан. Мұның өтірік болуы мүмкін деген ой да келмепті. Сол себепті мен де сенімді түрде жұмыс істей бастадым. Күмәндана бастаған командадағы кез-келген адаммен Әлихан сөйлесетін.

Бұл жерде кімдер  жұмыс істейді?

Бұл компанияда басқа жұмыс істеуге ешқандай мүмкіндігі жоқ адамдар ұзақ уақыт бойы жұмыс істейді. Олар «біз басқаларға қалай тез ақша табудың жолын көрсетеміз», - деп өздерін алдаусырататын. Желілік маркетингте ауыр жұмыс істегісі келмейтіндер, дипломы жоқтар мен зейнет жасына жетіп жұмыс таппағандар жұмыс істейді.  Мен жұмыс істеген офистегілердің көбісі студенттер мен зейнеткерлер болатын. Олардың басқа таңдауы жоқ.

Тез ақша тапқысы келетіндерді қалай алдайды?

Офисте үнемі лекция оқылады, әлемдік деңгейде өзіндік орнын қалыптастырған, танымал кәсіпкерлерідің кітабын жомартсымақтар 700 теңгеге сатады. Сонымен бірге жиі-жиі жиындар өткізіліп, көп ақша тапқандар өздерінің өмірлік ұстанымдарымен қатар қандай қиындықтар көргенін айта бастайды. Барлығының айтатын бір мәтіні бар. Оларға барлығы яғни достары мен отбасы қарсы шыққан. Ал қазір бірнеше жылдан кейін бұл олар отбасын да, достарына да өз шешімінің рас екенін дәлелдеген. Осы мәтін ғана бірдей. Компанияның белсенділерінің бірі Tiens компаниясының дәрісі арқылы қатерлі ісікті жеңсе, енді бірі анасын сол дәрі-дәрмекпен емдеп жүр. Алайда «денсаулықты күтіп ұстау үшін Tiens компаниясының дәрісін қабылдау керек», - дейтіндердің сыртта шылымды будақтата шеккенін көргенде көңілге күмән ұялайтыны рас.  

Олар жұмысты бастамас бұрын жұмыс іздеп келгендерден алға қойған мақсаттарының тізімін жасап келуді тапсырады. Кейін психологиялық тұрғыда келген адамдардың мақсаттарын өздеріне қарсы пайдаланады. Яғни, мен тез арада көлік алуды мақсат еттім. Олар маған «сен мемлекеттің жұмысын істеп жүріп алдағы 10 жылда көлік ала алмайсың, ал бізде жұмыс істесең, 2-3 жылда көлік жүргізушісі атанасың», - дейді. Яғни келген адамдардың мақсатын пайдаланып, психологиялық қысым жасайды.  

Кейін мен Ерденнің салған ақшасының жартысын да қайтара алмағанын естідім. Күн өткен сайын бір шындықтың басы көрініп, өтіріктері ашыла бастады.

Кейін барлығына қолымды бір сілтедім. Маған бір рет өтірік айтқан адамның кейін де алдайтынын басынан-ақ түсінгенімде ғой. Жә, өкінгенмен мен салған 70 мың өзіме қайтып келмейтіні түсінікті. Компаниядан шыққан соң барлығын ой елегінен өткіздім. Өзімді гипноздан айыққан адамдай сезіндім. Өз-өзімді біраз уақытқа дейін жоғалтып алғандай болдым. Бірақ тез өз-өзіме келе алдым. Себебі өзім армандаған мамандықта қызмет атқарып жүрмін. Бұл мені ұзақ уақыттық депрессиядан құтқарды.

Желілік маркетинг арқылы ақша табуға бола ма?

Иә, болады. Мені бұлай айтады деп ойламаған шығарсыз. Алайда мен желілік маркетинг арқылы ақша табуға болмайды деп айта алмаймын. Бірақ қомақты қаражат табу үшін компанияны дұрыс таңдай білу керек. Сонымен бірге сіз таңдаған компанияның жұмыс жүйесі дұрыс болған жөн. «Бұл желілік маркетинг емес», - деп өзгелерді алдап ақша тауып жүрсеңіз, бұл ұзаққа созылмайды.

P/S: Адам өзінің сүйікті жұмысын істеп жүріп рахатқа бөленеді, ал құр ақша үшін жұмыс істесе, ешқандай пайда жоқ дегенді түсіндім. Жай ғана өз ісіміздің маманы болуға ұмтылсақ, жақсы қаражат таба аламыз және бұл ақша сіз үшін адал болады. Ең бастысы осы емес пе? Ақшаның артынан қуғандар өмір бойы ақшаға тоймай өткен. Тек ақылдылар ғана ақша үшін емес, ақшаны өзіне жұмыс істете алады. Мен өзімнің қалай алданғанымды да, қалай алдағанымды да, қандай шешім қабылдағанымды да жаздым. Ал сіздер өз таңдауларыңызды өздеріңіз жасарсыздар. Мүмкін таңдау жасап қойған да шығарсыз... Тек өкінбеңіз!

Әсел Болатқызы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір