• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 14:18:53
Алматы
+35°

24 Қыркүйек, 2018 Әлеумет

Жоқшылықпен күрескен қос мұңлық һәм қымбатқа түскен жайнамаз...

Екі құрбыға да көп балалы ана болу бақыты бұйырды, бірақ 7-8 баласы бар олар бақытты ма?

Бұл – тағдырлары ұқсас қос құрбы. Бірі 8 балалы Айман Дощанова, оң жақта 7 баланың анасы Гүлбахар Халмұратова. Екі құрбыға да көп балалы ана болу бақыты бұйырды, бірақ 7-8 баласы бар олар бақытты ма? Мұны өздерінен сұрағанымызда ойланбастан «иә» деп жауап қатты. Ал тағдырларына көз жүгіртіп өтсең, азық-түлік пен киім-кешек үшін қара жұмысқа жегілген аяулы аналарды көресің. Тағдырларының ұқсастығы көпбалалы болуларымен ғана шектелсе жақсы ғой, екі отбасының да бастарында үйі жоқ, екі отбасының да отағалары ішкілікке салынған, бала-шағаның қамы өздерінің мойнында.

Елімізде белең алған мәселелердің ең басында тұрғаны – көп балалы отбасылардың тентіреп көшеде жүруі немесе үй деп айтуға аузың бармайтын лашықтарда тұруы. Өкінішке қарай, ондай отбасыларды еліміздің әр өңірінен кездестіруге болады. Айман жайлы «8 баланың анасы, қоқыстан бөтелке жинап, оларды сатып күн көреді» деп естідік те, бірден нөмірін іздестіріп, көп балалы анаға кішігірім болса да көмегімізді тигізейік деген ниетті арқаладық. Алайда Айман Дощанова өзімшіл болмай шықты. Өзінің құрбысы Гүлбахарға да көмек керегін айтып, редакциямызға ертіп келді. Көңіліміз елжіреп сала берді. Қос құрбының бақытты әрі мұңды тағдырларына құлақ түрдік.

Құрбыларды табыстырған жоқшылық

Екеуі 2016 жылы Райымбек даңғылы мен Жангелді көшелерінің қиылысындағы шіркеуде танысыпты. Жо-жоқ христиан емес олар, шіркеуге жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін барған екен. Сөйтіп басшылық екеуін бір қабатқа жібереді. Әйел адамдардың таныстығы қалай басталады?

Айман - Гүлбахар

«Қай жерденсің?» деген сұрақтан бұрын «Тұрмыстасың ба? Неше балаң бар?» деген сұрақ әйел адам үшін маңызды. Айман мен Гүлбахар бір-бірінен осыны сұрасты. Бірі 8 балалы, бірі 7 балалы екен. Бір-біріне риза болған аналар бақыт тілесіп, бірден тіл табыса кетті. Содан бері қайда жүрсе де жағдай сұрасып, бірін-бірі қолдап жүреді. Оларды байланыстырған тағы бір жағдай бар – ол жоқшылық, ішкілікке салынған отағасы. Осылайша Айман мен Гүлбахар сырлас құрбыларға айналады.

Айман Дощанова

(Күйеуі Біржан, сол жақта Айман Дощанова)

«Ажырасамын!»

Айман мен Біржан 1992 жылы отау құрды. Жаңадан отау құрған жас отбасы Ұзынағаштағы Біржанның қара шаңырағында тұрып жатады. Алайда жарының бауырлары күн сайын үйге ішіп келіп, жас жұбайлардың мазасын алған. Бұған шыдамаған Айман кішкентай екі баласын алып, Алматы облысындағы Байсерке ауылына кетіп қалады. Ол жерде Айманның кішігірім саяжайы (дача) бар болатын. Артынан іздеп күйеуі келеді. Бауырлары үшін кешірім сұрап, қайта бірге болуды ұсынады. Бірақ Айман бәрінің ушығып кетерін білген жоқ, сүйген жарын көп ойланбастан кешірім етеді.  Біраз уақыттан кейін Біржанның өзі іше бастайды, тіпті күнде ішетінді шығарады. Соның кесірінен жұмыс та жасамайды. Таң ата үйінен шығып кетіп, кеш ауа мас күйде үйіне қайтады. Дәл мұндай көрініс 2000 жылдардан бері әлі жалғасып келеді.

Айман Дощанова

(Күйеуі Біржанның ішкілікке салынғаннан кейінгі түрі осылай өзгерген)

Айман кетіп қалуға талай бекінді, бірақ 8 баласын әкесіз қалдыруға қимайтын. «Балаларыма әке керек, әкенің берген тәрбиесін 100 мектеп те бере алмайды, әкенің орны қашан да ерекше» деген оймен өзін алдап көнетін. Өзгереді деп үмітін үзбеді. Сөйтіп жылдар өте берді, балалар есейді. Екі қызы тұрмыс құрды, қалғандары қазір мектеп оқушылары. Бірақ өзгермеген бірнәрсе бар. Ол – ішімдіктен басқаны білмейтін, есіл-дерті арақ отағасы. Айман күйеуіне «отағасы» деген сөзді де қимайды. «Отағасы – отбасының басы қасында тұратын, тіреуі болатын, асырайтын адам, ал менің күйеуім...» дей бергенде көзінен жас ытқып кетті. Үйінде де, жұмыс істеп жүрген уақытта да жылауға мүмкіндігі болмайтыны көрініп-ақ тұр. Бізге сырын ақтарып отырып, ішіндегісін түгел шығарды. Ыстық жас тамшылай берді...

-Өмірде тірек бола алмаған күйеумен бір жастықта қартайғанша, ажырасқаным артық. Құжаттарды дайындап қойдым. Ажырасамын! - деді өз-өзіне келген Айман.

«Қара тізімдемін...»

Күйеуінен түк шықпасын білген Айман отбасының жүгін өзі арқалап келеді. «Алтын алқа» деп үкіметтің берген 15 мың теңгесі тіпті бір аптаға да жетпейді.  Тәпішкелер тігіп, көмірге айырбастады. Қоқыстан бөтелке жинап, тиын-тебен  тауып жүрді. Үй тазалады, жөндеу жұмыстарына араласты, сылады, әктеді, жүк тасыды, қара жұмыстың бәріне араласты. Бір кездегі сұлу жүзді, нәзік қолды Айман ер мінезді, ірі денелі әйелге айналып шыға келді. Иә, қара жұмыстың бәрін істейді, тек тұрақты жұмысқа кіре алмай жүргеніне 20 жылдай болды. Себебі 2010 жылы алаяққа алданып, несие алған. Онысын төлей алмай жүргендіктен, Айман Дощановаға қатысты бар құжат бұғатталған.

-2010 жылы Руслан деген жігіт бірнеше отбасыға шағын несие беремін деп бәріміздің атымыздан несие аштырған. Төлемейтінімізді айтып сендірді. Мен 250 мың теңгеге аштырдым. Нәтижесінде Руслан қолымызға 50 мың теңгеден ұстатты да, өзі ғайып болды. Бәрімізді алдап қашып кетіпті. Ал «Каспий банктен» аштырған несиені пайызымен төлеуіміз керек. Әр түрлі жұмыс істеп айына табатыным 30-40 мың, балалардың тамағы, киім-кешегі бар, ол несиені төлеуге шамам жоқ, - деді Айман Дощанова.

Банк Айманды қара тізімге кіргізгендіктен бірде бір мекеме оны жұмысқа алмай отыр екен. Сол себепті қай жерде жұмыс шығады, сонда асығып тұрады. Тіпті жұмыс істеймін деп үйіне де бірнеше күн бармай қалған сәттері болған екен.

Айман Дощанова

«Налымаймын, себебі 8 бақытым бар»

Айманның тағдыры жайлы естіген адам «8 баланы шұбыртып неге туды?» деп ойлауы бек мүмкін. Бірақ мұндай ойлар Айманды толғандырған емес.

-Алланың бергені. Әрқайсысын өз несібесі барына сенемін. Балаларымның бақыты үшін жанталасып жүрмін, - дейді ана.

Ол бүгінде 5 қыз бен 3 ұлдың анасы. Екі қызы тұрмыс құрған. Қалғандары  мектепте оқиды. Өкінішке қарай, балаларымен тілдесуге мүмкіндігіміз болмады. Алайда Айман ханым әр баласы жайлы айтқанда көңіліндегі бар мұңын ұмытып, жанары жайнап сала берді.

Айман Дощанова

Мадина, Фариза, Қызжібек, Гүлфайруз, Нұрсұлтан, Аружан, Ерсұлтан, Айдар сынды бауырлар бір-бірі үшін ішкен астарын жерге қоятын бауырмал болып өсіпті. Мұны ана көңіл мақтанышпен айтты.

-Мектепте оқитын балаларымның сабақ үлгерімі жақсы. Ұстаздарынан мақтау сөздер естіп тұрамын. Мұның өзі көңіліме үлкен демеу. Тек балаларымның сабағына өзімнің көңіл бөле алмайтыным өкінішті. Әйтпегенде тіптен жақсы болар ма еді. Күні-түні жұмыстамын. Байсерке жақтағы Әли атты кішігірім ауылдағы мектепте оқиды. Мектеп кітаппен толық қамтамасыз етеді, алайда жұмыс дәптерлері мен мектеп формаларын аларда қиналатынымыз рас. Қаладағы мектептерде көп балалы отбасыларды киіммен қамтамасыз ететін мектептер де бар. Бізде ондай жоқ, - дейді Айман ханым.

Жанарына күлкі үйірілген әйелдің көңілі қайтадан босап сала берді. Себебі балалары үшін орындай алмай жүрген бір дүниесі бар екен.

-Ұлдарым иман жолына түсіп, намаз оқуды қалайды. Тіпті дайындалып жүр. Ал мен оларға жайнамаз бен тақия сатып әперуге де қауқарсызбын, - дегенде ананың көз жасы тоқтамай қойды.

Айман бізге жан сырын ақтарып, ішіндегісін шығарып, жеңілденгендей болды. Көмек қолын созатын бір жанның табыларына ол сенеді. Қалада жұмыс істеу үшін бір көлік алсам ба деп отырғанда асырап жүрген бұқасын да ұрлап кетіпті. Тіпті кімнің ұрлап кеткенін де біледі. Алайда дәлелі жоқ. Өз басын әрең асырап отырған жанға келгенде бұл заманда көмек қолын созатын тиісті орган да тырп етпейді екен. Бірақ Айман Дощанова үмітін үзбейді, ғажайыпқа сенеді. «Бір күні біздің де күн туар» деп сөзін қорытындылады.

Айман Дощанова

«Алтын алқаның» керегі жоқ»

Айман ханымның құрбысы Гүлбахар Халмұратова бізге ашылып ештеңе айта қоймады. Себебі бұған дейін де бірнеше телеарна Гүлбахардың отбасы жайлы сюжет дайындап, бірнеше сайт материал басқан екен. Алайда көмек қолын созғандар емес, әйелді мазақ етіп хабарласқандар көп болыпты. Содан бері журналистермен тілдесуден қашады, балалары да бұған қарсы екен.

-31 арнадағы informburo жаңалықтар қызметіне шығарды мені. Кейін бірнеше сайт басып шығарды. Бірнеше күннен соң «Саған күйеу керек емес пе?» деп хабарласатындар шыға бастады. Бұл жағдай менен бұрын балаларыма қатты тиді. «Енді ешкімнен көмек сұрамайықшы» деп жалынды балаларым, - деп тоқ етерін айтты.

Сол себепті біз де Гүлбахар ханымды қинаған жоқпыз. Алайда бар білгенімізді жазуға тырыстық. Балаларының қарсылығын ескеріп, суреттерін де жүктемедік.

Гүлбахар Халмұратова 7 баланы дүниеге әкелген жалғызбасты ана. Әкесіз балаларын жалғыз асырап отырған әйел бірнеше жерде жұмыс істейді. Алайда киімдері көк, тамақтары тоқ емес. Басында баспанасы жоқ үлкен отбасы әлі күнге дейін жалдамалы пәтерде тұрады.

Күйеуі ішкілікке салынып кеткендіктен ажырасқан. Алимент өндіре алмай жүр. Себебі күйеуі «алимент төлесем, қартайғанда үйлеріңе келіп жатып аламын» деп қорқытады екен. Бұған Гүлбахар ханымның балалары қарсы.

Үздіксіз жұмыс істейтін жалғызбасты келіншек бар тапқанын үй қожайынына береді. Жақында ғана «Алтын алқа» иегері атанды. Алайда отбасына алқадан өзге көмек болмай тұр. Тіпті алтын алқасын кепілге ломбардқа өткізуге тырысқан, бірақ қабылдамай қойыпты. Себебі алқа алтын емес, алтын жалатылған екен. Ал үкіметтен алатын 15000 теңгесі түкке жетпейді. Бір айлық наныңа да жетпейтін 15 мың теңге беріп отырған үкіметке Гүлбахар ханымның өкпесі қара қазандай.

Кенже баласы Алмат есін білгелі аурудан көз ашпады, денесі тырысып қалады екен. Қояншық (эпилепсия) ауруына шалдыққан болса керек. Көпбалалы ана кенже баласымен талай аурухананың табанын тоздырған. Алайда дұрыс күтім болмағандықтан ауруы асқынып барады. Өздерінен бұрын шұғыл көмекті ана бауыр еті баласына сұрап отыр.

Айман-Гүлбахар

Бүгінгі қоғам қатал ма әлде адамға деген сенім азайған ба, білмедім, әйтеуір ажырасқан әйел қоғам үшін қауіпті саналады. Ондай әйелдерге көмектесуден бас тартып, ат-тонын ала қашады жұрт. Сіз де асығыс шешім қабылдауға асықпаңыз. Жә, ажырасуды насихаттаудан аулақпыз. Тек бұл кісілер отбасын сақтап қалу үшін қолынан келгенін, тіпті қолынан келмейтінін де жасап көрген жандар. Мұны Алланың берген сынағы, маңдайға жазған тағдыры деп түсінгеніміз жөн-ау. Себебі басты мұрат – ішкілікке салынып бұзылып, балаларына қамқорлық, жарына жылулық көрсете алмаған еркектерді масқара қылу емес, қарагөз балалардың ел қатарлы өмір сүруіне дүйім жұрт болып көмек көрсетуге шақыру. «Балаларым аш жүрмесін, қатарынан қалмасын, елге мазақ болмасын» деп жылап-сықтамай, өмірге арызданбай, белді бекем буып зыр жүгіріп жүрген аналардың батылдығы, «анамыз шаршап қалмасын, мұңаймасын» деп қолдау көрсетіп жүрген балалардың жанашырлығы, саналығы көпке үлгі болуға лайықты. Бізден сізге бұйымтай бар, оқырман! Айман Дощанованың тұрақты жұмысқа орналасуына көмегімізді аямасақ. Кімде-кім жұмыс беремін десе, Айманның нөмірін беруге асықпыз. Ал, Гүлбахрам Халмұратованың ұлын бастан-аяқ медициналық тексерістен өткізіп, қажетті ем-дом алуына жететін қаржы жинауды бүгінгі күннен бастаймыз.

Басына бұлт үйіріліп, дауыл соғып, тепе-теңдіктен айырылса да балаларын-балапандарын өмірдің барша қиындығынан қызғыштай қорғаған аналардың өз ұясы-үйі жоқ екендігін ескеріп, баспана тарту етемін деген атымтайлар пайда болса, қуаныштан төбеміз көкке жетер еді.

Айман Дощанова:

телефон нөмірі: 87475932215

банк карточкасы жоқ

Гүлбахар Халмұратова:

телефон нөмірі: 87027307494

Kaspi Gold: 740301403566

Gulim Zhaqan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір