• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 11:38:49
Алматы
+35°

24 Қыркүйек, 2018 NEWS

"Жомарт Ертаев отбасыңмен бірге бауыздап тастаймын деп қорқытты" - Евгений Пак

Жомарт Ертаевтың ісіне қатысты күдікті деп танылған Татьяна Пактың жұбайы Евгений Пак өзінің отбасына Жомарт Ертаевтың қысым жасап, қорқытқанын айтты

Жомарт Ертаевтың ісіне қатысты күдікті деп танылған Татьяна Пактың жұбайы Евгений Пак өзінің отбасына Жомарт Ертаевтың қысым жасап, қорқытқанын айтты. Бұл жайында Qamshy.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

100% акциясы «Алма ТВ» компаниясына тиесілі «Ассет Инвест» компаниясының басшысы Евгений Пак бүгін Алматыда тілшілермен баспасөз конференциясын өткізіп, отбасына жасалған қысым жайында айтып берді.

«2017 жылдың  қыркүйегінде Жомарт Ертаев менің үйіме өзінің қауіпсіздік қызметінен екі адамды жіберіп, туыстарым мен отбасымның, балаларымның көзінше маған қоқан-лоқы көрсетіп, отбасыңмен бірге бауыздап тастаймын деп қорқытқан болатын. Менің ұялы телефонымда Жомарт Ертаевпен сөйлескен см-хабарламалардың бар екенін біліп, оны ұрлап кетті. Ол хабарламалар құқық қорғау қызметкерлерінің қолына түседі деп қорыққан болар. Сол үшін де екі адамын жіберіп, үйіміздің берекесін қашырды. Үйде 11 және 12 жастағы екі балам болатын», - деп айтты Евгений Пак. Ол бұл жағдай бойынша полицияға барып арыз жазғанын айтты.

Оның айтуынша, 2017 жылдың қыркүйегінде Ертаев оған өзінің компаниясын жұбайының атына ауыстыру туралы өтініш жасаған екен.

«Мен ол кезде Мәскеуде болдым, ал әйелім Алматыда тұратын. Ресми түрде «Алма ТВ» компаниясының басшысы Жомарт Ертаев болып табылады. Бұл өтінішінде ешқандай да күдікті нәрсені байқамағандықтан келістім. Алайда келісімшарт болғаннан кейін бұл компанияның РБК банкіне 30 миллиардтан аса қомақты қарызы бар екені белгілі болды. Ертаев оны несие ретінде алған екен. Әйелімді құзырлы органдар түсініктеме беруге жиі шақыратын болып кетті. Ертаев қамқорлық танытқан болып, менің әйеліме қорғаушы жалдап берді. Жомарт Ертаев пен оның жалдаған адвокаты түсініктеме бергенде бар шындықты айтпауға көндірді. Өйткен жағдайда жұбайым Татьянаның үстінен қылмыстық іс қозғалмақ екен. Ол компанияны бөліп төлеу шарты бойынша сатып алдым деп айтуы керек болатын. Түсініктеме бергеннен кейін тергеушілер жұбайымды қамауға алып кетті. Татьяна тергеу абақтасында алты ай қамауда жатты. Жомарт Ертаев құзырлы органдардың іс-әрекеттері заңсыз болды деп сендірді. Ол бізге көмектесе алмады. Сонымен қатар, БАҚ-та Татьянаның атынан Елбасының атына бағытталған хат жарияланған болатын, алайда бұл хат туралы менің жұбайым білмеді де», - дейді Евгений Пак.

Оның айтуынша, Ертаев оның әйелін қорғауды мүлде ойламаған да. Мәскеуде жүріп жәбір көрген адам секілді кейіп танытыпты.

«Ертаев өзінің кінәсін мойындап, жауапкершілікті өз мойнына алуға батылы жетпеді, ол менің әйелімнің артына тығылып, заңды түрде жауап беруден басын алып қашты. Оның бұл қылығын байқаған сәтте Қазақстанға оралуды ойладым. Жолға шықпас бұрын Ертаевқа Қазақстанға барып, түсініктеме беретінімді айтқан едім. Ол мені былай да былай көндіруге тырысты. Мәскеуге оралған бойда қамауға алынып, қысым көретінімді айтып қорқыта бастады», - деп күйінеді ол.

Сонымен қатар, Евгений Пак өзіне қысым жасалып, амалдың жоғынан Ертаевқа "қарсы түсініктеме бермеймін" деген құжаттарға қол қойдырып алғанын айтты. Ол құжатта жазылғандардың бәрі де негізсіз екенін, себебі оны қысым көрсетіп, күштеп қойдырып алғанын жеткізді.

Евгений Пактың сөзінше, Жомарт Ертаев қазір Мәскеуде үй қамақта отыр және оған телефон қолдануға тыйым салынған. Алайда бұл тыйымға қарамастан Ертаев интернет пен телефонды емін-еркін қолданып жүрген көрінеді. Whatsapp желісінде түрлі топтар ашып, оны экстрадициялау мен қылмыстық қудалауына байланысты пікірталастар ұйымдастырады екен.

Евгений Пак бұрындары Жомарт Ертаевпен достық қарым-қатынаста болғанын айтты. Сонымен қатар, олар 2009 жылы Алматыдағы тергеу абақтысында танысқандығын да айтып өтті. Абақтыда Жомарт Ертаев Альянс банктың қаржысын ұрлады деген айыппен отырса, Евгений Пак жалған бизнеске айыпталған екен.

Татьяна Пактың жұбайы өзінің Жомарт Ертаевпен сөйлескен хабарламаларының скриншоттарын да көрсетті.

Ертаев

Ертаев

Ертаев

Ертаев

Ертаев

Естеріңізге сала кетейік, Жомарт Ертаев ағымдағы жылдың наурыз айында Мәскеуде қолға түскен болатын. Кейінірек оны үй қамаққа орналастырған.

Айта кететіні, Ертаевқа қомақты қаржыны жымқырды деген айыппен халықаралық іздеу жарияланған және де оны Ресейде тұру құқығынан айырған болатын. Жомарт Ертаевты қылмыстық қудалау ісі әлі де жалғасуда.

Nazerke Labihan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір