• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 18:44:30
Алматы
+35°

23 Маусым, 2017 Әлеумет

Жырақта қалып қойған қазақтардан гөрі қытай азаматтары артық болғаны ма?!

Жергілікті телеарналардың бірінде туризм саласының бір қызметкері: «Былтырғы жылдың өзінде 700-ге жуық Қытай азаматтары мен азаматшалары елімізге қонаққа...

Жергілікті телеарналардың бірінде туризм саласының бір қызметкері: «Былтырғы жылдың өзінде 700-ге жуық Қытай азаматтары мен азаматшалары елімізге қонаққа келді.  Бұл біз үшін үлкен жетістік. Болашақта елімізге келетін қытай ұлтының өкілдеріне әлде де жақсы жағдай жасау үшін барымызды салып жатырмыз» деп қуанышы қойнына сыймай сұхбат беріп тұр екен. Әрине, бұл айтылған ақпарат та басқа жаңалықтар секілді теледидар экранынан дем арада өте шықты.

Дегенмен... Жүрек түкпіріне түрлі түйткілдерді таратып кеткен еді.

Байқап қарасақ, осы біз «Қазақ қонақжай халық» деген сайын кейде асыра сілтеп жіберетін сияқтымыз.  Келген қонақты төбемізге көтеріп күтетініміз – ата мен анадан тараған қанымыздың ерекше қасиеті. Бірақ сол аталарымыз бен аналарымыз өз шаңырағында ешкімді дандайсытып жүргізіп, шалқайтып жатқызбаған. Тіпті, босағадан аттайтын кездің өзінде, өз орнын біліп, құрмет көрсетіп, басын иіп кірсін деген оймен жоғарғы жағын төмен етіп жасаған. Дала философиясында игілікке жараған ата-бабамыздың осы әдісін қала философиясына енгізе алмай жүргеніміз рас.

Бұрынғы күндері сәл ғана болса да имене басып жүретін қытай азаматтары бүгінгі күні көшеде кезігіп қалсаң, қағып өте салатын дәрежеге жеткені – осының айғағы. «Ауызы қисық болса да, байдың баласы сөйлесін» боп тұрған қоғамға келіп, Қазақстанның түкпір-түкпірінен зауыт, фабрикасын ашып жатқан олар еркелемегенде кім еркелейді дерсіз... Дегенмен, қазақтың жерінде тек қазақтардың ғана «еркелеуге» құқығы бар! Сонымен қатар, дәл осы құқықты қорғап қалатын да өзіміз екенін ұмытып бара жатқандаймыз.

Біздің елімізге қонақтап келген қытайларға көрсетілетін құрметке қарап тұрып, Қытайдағы қазақтардың жағдайын еріксіз еске түсіресің. Сәті түскенде азу тісін аяусыз басып қалып отырғандары өтірік емес. Дәл осындай кезеңде бізге келетін қытайлардың жағдайын жақсартуға жұмсаған қаржыны жинап қойып, өзге елде өз елін аңсап жүрген тым болмаса он отбасыны көшіріп алып келе берсе ғой деп армандайсың.

Басымызға күн туа қалса, тек қазақ қана қазақ үшін қасық қанын қия алады емес пе?!

Көңіл көкжиегіне үміт пен күдік өз ұяларын қатар салып қойғалы біраз болған. Ең қиыны: Күдіктің ұясы кеңге жайылып, құдіретін көбейтіп жатыр да, - Үміттің ұясы күн өткен сайын кішірейіп барады, бірақ сәулесі жап-жарық.

Абылай ханның түсіндегідей «құрт-құмырсқаға» айналып кетпесек болғаны...

Қазақтың даласында қанша ұлт өкілі ғұмыр кешсе де, бұл даланың өрлігі өзінің туған балаларына ғана тарайды! Атадан қалған асқар рух, анадан қалған ғажап ақыл ананың сүтімен, әкенің күшімен, шынында, таралған болса, қазақ қазақ болуын  тоқтатпайды!

                                                                                                                                                  Авторы: Оразхан Ақтолқын

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір