• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 16:07:21
Алматы
+35°

16 Қараша, 2018 NEWS

Желтоқсандағы қазақ жастарының ерлігі туралы дүниежүзінің ғалымдары не дейді?

НЕГЕ бүкіл әлем Желтоқсанға КӨТЕРІЛІС деген баға бергенде, Тәуелсіз Қазақстан әлі күнге дейін «ОҚИҒА» дегеннен танбай келеді?!

ЖЕЛТОҚСАН ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?

Санаулы күндерден кейін ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ тарихында алтын әріппен жазылуы тиіс, қазіргі Қазақстанның тәуелсіз ел болуына түбегейлі себеп болған ЖЕЛТОҚСАН «оқиғасы» жақындап келеді.

НЕГЕ бүкіл әлем Желтоқсанға КӨТЕРІЛІС деген баға бергенде, Тәуелсіз Қазақстан әлі күнге дейін «ОҚИҒА» дегеннен танбай келеді?!

НЕГЕ азаттық үшін алаңға шыққан желтоқсаншылар қазіргі қоғамда тиісті құрмет пен лайықты беделге ие емес?!

НЕГЕ қазіргі билік Желтоқсанға үстіртін қарайды?!

НЕГЕ әлі күнге дейін Желтоқсанға байланысты шынайы ақпараттар толық зерттелмей келеді?!

НЕГЕ Желтоқсаншылардың статусы мен дәрежесін айқындайтын Заң жоқ?!

Желтоқсан

Осындай маңызды сұрақтардың тұщымды жауабын бір мақаламен бере салу мүмкін емес. Дегенмен, «Қазақстандағы Желтоқсан (1986) көтерілісінің тарихи және халықаралық маңызы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда осыған байланысты аса құнды пікірлер айтылған екен. Аталған әлемдік жиын Желтоқсанның 30 жылдық мерейтойы қарсаңында 2016 жылғы 25 қазанда Астана қаласында өткен. Аталған халықаралық конференцияға шетелдік және отандық көрнекті ғалымдар, қайраткерлер, қаламгерлер, зиялы қауым өкілдері, жас зерттеушілер, желтоқсаншылар қатысты.

Жиында еліміздің атынан сөз алған Халық Қаһарманы, Совет Одағының батыры, қоғам қайраткері Тоқтар ӘУБӘКІРОВ: «Бұл оқиға біздің халқымыздың әрбір мүшесінің ақыл-есі мен жан-дүниесіне ғана емес, сондай-ақ әр қазақтың өміріне әсер еткен елеулі оқиға болды. Біз бәріміз осы көтерілістен кейін өзгердік» - деп, ағынан жарылған еді.

Желтоқсан

Венгрия Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Андраш БАРАНИ: «Мен Өздеріңізбен бауырластық, достық қарым-қатынастағы Мажар елінің ыстық сәлемін әкелдім. Азаттық жолындағы күрес, көтеріліс - өте маңызды мәселе. Алматыдағы Желтоқсан көтерілісі (1986) мен Будапештегі Қазан көтерілісі (1956) – адамзат тарихында орны бар, әлемдік мәртебеге ие көтерілістер!» - деген баға берді.

«1986 жылы Қазақстандағы «Желтоқсан көтерілісі» деген атаумен белгілі болған саяси бас көтеру - бүкіл әлемге әйгілі факт» - деді өз сөзінде Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Сәрсенбай ЕҢСЕГЕНОВ.  

Қоғам қайраткері, советтік саяси тұтқын, желтоқсаншы Хасен ҚОЖА-АХМЕТ: «1986 жылы Қазақстанда болған Желтоқсан бас көтеруі - «көтеріліс» деп бағаланып, оған қатысушылар ерлігі мен отаншылдығына лайықты әділетті құрметке бөленгені жөн. Осы арқылы желтоқсандықтардың өзін ғана емес, олардың ісін үлгі ете отырып, келешекте Отанымызды, жерімізді  қорғаушыларды тәрбиелеу қажет. Осындай тәрбие алған ұл-қыздарымыз ғана ел басына бұлт үйірілер болса, желтоқсандықтардай еліміз бен жерімізді қорғай алмақ. Осындай тәрбиелі ұл-қыздар ғана «екі азаматтық» пиғылына тосқауыл қойып, шетелдерге миллион, миллиардтарын тасып-тығып, ұрпақтарын жат елдерге тұрғызатын олигархтардай болмайды. «Отанды сүю – иманнан» және батыл да шынайы жауапкершіліктен» - деген жігерлі сөздерімен сол кездегі жүректегі жалынының әлі де сөнбегенін байқатты.

ҚР ҰҒА академигі, философия ғылымдарының докторы, профессор Ғарифолла ЕСІМ халықаралық конференцияда сөз алып: «Социализм уакытының өтіп бара жатқанын жастар сезімталдықпен аңғарды.

Оның айғақты көрінісі - 1986 жылы 17 желтоқсандағы көтерілісі. Бұл көтерілістің себебі, Қазақстан коммунистік партиясының бірінші хатшысының ауыстырылуы байланысты болды. Қазақ Дінмұхамет Қонаевтың орнына орыс Геннадий Колбинді тағайындалды. Жастар бұл көріністі қабылдамады. Неге? Біріншіден, Колбин – орыс ұлтынан, екіншіден, ол танымал емес, үшіншіден, ол Қазақстан сияқты үлкен республикаға басшылық жасайтындай дәрежесі де тәжірибесі де жоқ еді.

Желтоқсан

Наразылық көтеріліске ұласты. ССРО-ның басшыларының парықсыздығы елдегі либерализм мен демократиялық қозғалыстың одан әрі өршуіне түрткі болды. Көтеріліс жұртты оятты. Ойланбағандар ойлана бастады. Көтерліске қарсы реакцияшыл күштерде бас көтерді. Көтерілісті «айыптап» сөз сөйлеушілірдің кейбірі әлі арамызда, енді тәуелсіздіктің сөзін сөйлеуде. Оларға бәрібір, билік сөзін сөйлеуге ғана дағдыланған «бәрібіршілдер».

Қазақстандағы Желтоқсан көтерілісінен келіп,  Вильнюсте, Грузияда және Кеңес одағының басқада қалаларында тотаритарлық, коммунистік жүйеге ұйымдасқан наразылық шаралар өтті. Желтоқсан көтерілісі демократиялық үрдістің алғашқы нышаны болды.

Шоқан Уәлиханов «қазақ - бейбітшіл халық» деген. Қазақтар ешбір елді жаулап алмаған, ондай ниеттері де болмаған. Қазақтарды жаулап алу үшін Ресей мемлекетінің үш жүз жылға жуық уақыты кетті. Ресей бодандығынан кетіп қазақ халқы коммунистік режимге тап болды. Жетпіс жылдай коммунистер бодандығында болдық.

Қазақтар азаттық рухын кеңес дәуірінде де жоғалтқан емес. алпыс мыңға жуық зиялылары мен ел азаматтарын түрмелерде азап шегіп, атылды. Кеңес үкіметінің қасақана ұйымдастырылған саясатының нәтижесінде үш млн жуық қазақ ашаршылықтан қырылды.

Француз жазушысы Ромен Роллан өз халқы туралы «жаны сірі» («Жив Курилка») екенін баяндап еді. Большевиктер мен коммунистер халықтың бостандыққа деген рухын жоя алмады. Қазақ халқының да «жаны сірі» болып шықты.

Шыдамы шегіне жеткен қазақ жастары «Менің Қазақстаным» әнімен  сол кездегі Брежнев атындағы алаңға шықты. Кейін бұл ән тәуелсіз Қазақстанның гимніне айналды.

Қазақ жастары «дертті социализмге» нақты нүкте қойды. Социализмнің аласұруы (жанталасуы) бес жылға созылды. 1991 жылы Қазақстан өзін тәуелсіз мемлекет ретінде жариялады» - деді, социализмнің құлдырауы жайлы баяндамасында.

Қырғыз Республикасы Жоғарғы Кеңесінің экс-төрағасы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зайнедин КУРМАНОВ қырғыз жастарының қазақ бауырларына көмектесу үшін топтасып, жасырын Алматыға жолға шыққанын, оларды екі елдің шекара аймағындағы милиция бөлімшелерінде ұстап, кері қайтарғаны жөнінде ақпарат берді. Бейресми деректерге сүйенсек, қазақстандық қандастарын қолдау үшін көтеріліске ниеттенген қырғыз жастарының саны мыңға жетіп жығылған.

Желтоқсан жайлы мәселе көтерілгенде бұқараның көпшілігі мұны орыстардың қазақ халқына озбырлығы ретінде қабылдайды. Шын мәнінде, бұл жерде мәселе ұлтта емес, проблема сол кездегі Кеңес Үкіметінің басындағы билік өкілдерінің саяси қателігінде болды. Талай орыстың зиялы қауымы қазақ халқының бас көтеруіне өзінің ұлттық мүддесін қорғау ретінде қарап, әділ баға бере білген. Жоғарыда аталған ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯДА да Ресейдің белгілі саясаткерлері сөз алып, салмақты ойларын ортаға салған болатын. Соның бірі Ресей Мемлекеттік гуманитарлық университетінің профессоры, психология ғылымдарының докторы Владимир КУДРЯВЦЕВ (Мәскеу) және Ресей Федерациясы Президенті жанындағы мемлекеттік қызмет және Ресей Халық шаруашылығы академиясы филиалының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Сергей КОЗЛОВ (Новосибирск). В. Кудрявцев өз баяндамасында: «1986 жылғы «Желтоқсан» синдромы, соның ішінде Саяси бюро мен құрылымдық күштердің басшыларының әрекеттері ешқандай этнопсихологиялық ерекшеліктерді ескерместен жүзеге асырылды. Мұндай мәселелерді әр ұлттың психологиялық  ерекшеліктері мен оның менталитетін ескере отырып жасалуы тиіс еді» - деп, сол кездегі Кеңестік жүйенің саяси қателігін бетіне басты. С. Козлов болса: «Айта кету керек, 1986 жылдың желтоқсан оқиғасы Ресей демократиялық қозғалысы тарапынан жоғары бағаға ие болды, атап айтса, А. Сахаров, Б. Ельцин, Е. Евтушенко, А. Вознесенский, Р. Гамзатов және тағы басқалар бар. Прогресшіл ресейлік элита желтоқсан көтерілісін қолдап қана қойған жоқ, сонымен қатар оған аймақтағы және әлемдегі геосаяси жағдайдың өзгеруіне әсер еткен фактор ретінде жоғары бағалады» - деген болатын.

Бұдан өзге конференцияға қатысқан Монғолия Парламентінің вице-спикері және экс-министрі, мемлекеттік және қоғамдық қайраткер Цог ЛОГИЙН мырзаның да пікірін айтпай кетуге болмас. Онда ол: «Венгрия мен Чехословакиядағы революциядан кейін Желтоқсан алғашқы ұлттық-демократиялық көтеріліс болды, ол өзінің «қайта құруға» деген құлшынысы мен ашықтығының нәтижесінде әлемде айтарлықтай резонанс тудырды. Бұл өз кезегінде бүкіл кеңестің құрамына кіретін социалистік елдердегі қоғамдық және ұлттық сананы дүр сілкіндіріп, интеллигенцияға, ғалымдарға, саясаткерлерге ой салды. Сол елдерде өз халқының мүддесі мен болашағы жайлы ойлай бастады. Олардың рухтары мен патриоттық сезімдері артты. Дәл сол тұста аталған құндылықтардың халықаралық маңызы бар еді» - деген пікір айтты.  Бұдан басқа Украина, Өзбекстан, Әзірбайжан және басқа да елдерден келген ғалымдар мен саясаткерлер, сондай-ақ, өзіміздің зиялы қауым өкілдері  талай-талай бағалы пікірлерімен бөлісті.

Қорыта айтқанда Желтоқсанның ТАРИХ САХНАСЫНДА лайықты бағасын, орнын алуы болашақ ұрпағымыздың алдында сіз бен бізге сын.

Кенжегүл Тергембаева,

Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының мүшесі

Nazerke Labihan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір