• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

08 Мамыр, 17:27:44
Алматы
+35°

16 Тамыз, 2018 Оқиғалар

Жайнамазды тепкен жаттықтырушының жат қылығы Мырзахметовтың мазасын қашырды

Футболдан Бразилияға барған қазақстандық балалардың бесеуі осы бапкердің шәкірттері.


Жайнамазды тепкен жаттықтырушының жат қылығы Мырзахметов мырзаның мазасын қашырды. Дүйім елге дін дұшпаны боп көрінген ұстазды ұятты әрекеті үшін кешірім сұратып, камераның «алдына келтірді». Демалыста жатқан аймақ басшысының ден қойғаны жақсы әрине. Осы оқиға болғаны күні-ақ, теңбіл доп тренері жұмыстан қуылды. Журналистерге жуымай, қаша жөнелгені даудың дабысын баспай, одан сайын отын үдете түсті. Бірінші күні басы бәлеге қалған бапкер өзі тікелей бағынатын басқарама басшысына түсініктеме беріп түсіп келе жатқан. 9 қабатты басқарманың баспалдағымен бар күшімен жүгіріп, журналистерге жеткізбей кеткен еді. Осылайша, аяқ доп шебері екенін аңғартқан Алмат мырза, өз ісіне өкінетінін сол күні-ақ айтуы керек еді. Іс созылған сайын соңын таппай, талқылана, талдана түсетіні бар. Дегенмен, адам болған соң абдырайды, пенде болған соң қателеседі. 
Әлеуметтік желі дегеніңіз ол - құдыққа құлаған құланның құлағына құрбақа ойнататын бүгінгі орта ғой. Алдымен: 
-!!- Жайнамазды тепкені үшін жазғырдық;
-!!- Балаларды балағаттағаны үшін бастырмалата сөктік;
-!!- Әдепсіздігін әңгіме қылдық;
-!!- Қала берді қашқанын қозғадық;
Енді кесірленіп барып, кешірім сұрағанын жазып жатырмыз. Осылай да осылай... ол тақырып шұбар-ала ортада шұбатыла береді екен. 
Бұл жерде балалардың да бәле боп тұрғанын айтқым келеді. Бүгінгінің балдары мен бұрынғының ұлдарын таразыға тартып, метрмен өлшесек те, салмағы мен санасын салыстыруға келмейді. Арыдан айтайын енді...

«БІЗДІҢ КЕЗІМІЗДЕ БАСЫМЫЗҒА ТАБУРЕТКА ЖАРҒАН»
Дарынды балаларды даярлайтын спорт мектебінде біздің ауылдан да бір борец бала оқыған еді. 
Ауылдың алыптарын атып жығатын. Атан түйедей боп ауылға симаған соң, қарқын көрсетер қарсылас табылар деп қалаға жібергенбіз «ыспорт ышкола» дегенге. 2 тоқсан оқыды ма, жазды ма)) әйтеуір әрең дегенде ауысып құтылдым деген. Сол мектептен, сол мектептің жасы үлкен жігіттері мен мұғалімдерінен. Неге дегенбіз?... Әуелі, әлім жеттік деген. Әріден соң ұстаздар тарапынан дөрекілік көрсетіп, дөңайбат танытатындар бар деген. Опшым ол оқу ордасын «кішігірім армия» деп айтқаны бар еді. Яғни, «дед община» дегеннің дәуірлеп тұрған кезі ғой. Мүмкін, мектепте сол «саясат» сақталып тұрған шығар. Ал, ертең сіздің де алтын асықтай ұлыңыз сондай спорт мектебіне барғысы келуі мүмкін. Күннің көзі бейбіт түсіп тұрған заманда «күн көрсетпейтіндер» алдынан шықпасын десеңіз, ондай ортаны шіли қатты жақтай бермеңіз. Дегенмен, талай мықты түлеп ұшқанын меңзеп, төзімі мықтылар төрге озғанын айтсаңыз ол да орынды. Бірақ, «Біздің кезімізде» деп бастайтындар бар әңгімесін. Біз қашанғы солай сөйлейміз. Біз қашанғы «Біздің кезімізде басымызға табуретка жарған, тас уатқан» деп мақтана береміз. Неге сіздің басыңыздан кешкенді балаңыз көруі керек?!.

ТАСЫҒАН ШӘЙНЕК ТӨГІЛЕДІ
Егер шын мәнінде шыныққанды шымыр қылатын мектептерде жаңадан келгендердің жағасына жармаса беретіндер болса, зәбір көрушілердің зығырданы шығады. Ашумен де айтып, ақылмен де іске асыруы мүмкін. Тоқетері, тоқылдауы. «Шыдамның да шегі бар» деп атылатындар аз емес. Олар осылайша, ұстаздарын «ұстап алғанға» ұқсайды. Жасырын камераға жазып алуы балалардың да бәле екенін көрсетеді. Олар осы әрекетімен мұғалімнің мәртебесіне де мылтық кезеп кеткені бар. Енді ұстаздар емін-еркін бола алмай, оқушылар алдында оты сөніп жүруі керек пе? Бұндай жағдайлар баланы басқа шығаратыны бар. Онсыз да кеңестік кездегі абыройын аңсап жүрген ағарту мамандарының арманы одан сайын орындалмай барады. Рас, бұрын балалар безіп кететін ұстазын көшеден көргенде. Ол жағын үлкендер талай тамсана айтқан. 


МЫҚТЫ МАМАНДЫ ЖЕБЕРІП АЛДЫҚ
Алмат Баетов деген теңбіл доп тренерінің 35 жылдық жұмыс тәжірибесі бар. Талай таланттарды түлеткен. Бір ғана мысалы, футболдан Бразилияға барған Қазақстандық балалардың бесеуі осы кісінің шәкірттері. Осындай ұстазды ұстап қала алмадық, «ұстамы жоқ» деп. Бала мектепте сабақ оқуы керек, мешітте намаз оқитыны секілді. Спортпен айналысатын жерде спортпен айналысуы тиіс. Ұстаздарының ұйымдастырып жатқан жиналысына әдейі бармай, балалар арандатып, ашуландырған көрінеді. Ал, ашу үстіндегі адамды «ақылмен істеп» тазға отырғызған. Намазоқығансып. 
Пы.Сы: Құдайдан қорықпағаннан қорық! Атеис адам болсаң да, өзгенің сенімін өкшеңмен баспа. Бала мектепте сабақ оқуы керек, мешітте намаз оқитыны секілді. Ашуға берілсең, ашуың қайтқанда ақылыңның ашынғаны ашынған.

Данияр Әлімқұлдың фейсбук парақшасынан

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір