• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

18 Сәуір, 22:20:56
Алматы
+35°

27 Қараша, 2018 Аймақтар

Жаһандық үрдістегі ұлттық кодымызды білейік

Қазақстан Республикасының Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кейінгі жылдары «ұлттық код» деген сөзді жиі айтып келеді

Қазақстан Республикасының Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кейінгі жылдары «ұлттық код» деген сөзді жиі айтып келеді. Таяуда ғана жарық көрген «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында да қазақтың байыр­ғы өнеріне тоқталып: «Ұлы даланың көне сарындары» жинағын басып шығару керек» деп арнайы атап өтті. Өте дұрыс бастама. Қуана­сың. «Рухани жаңғыру» мәселесінде ұлттық өнердің қолдау табуы қазақ өнерінің ертеңіне деген сенімді бекемдей түседі. Жер бетінде жаппай жаһандану жүріп жатқан бүгінгі таңда шынымен де ұлттық ерекшелік кім-кімге де ауадай қажет. Әсіресе, қазаққа. Қазақы қанымызға тән өнерімізде де ұлттық бояудың болуы жаһандық үрдіске жұтылып кетпей, жалпақ жер бетінен өзіндік қолтаңбамыздың қалыптасуына айтарлықтай ықпал етеді.

«Әу» демейтін қазақ жоқ» дейді дана халқымыз. Шынымен де, қамшы сабындай қысқа ғұмырында жыр жаттап, жақ кірісін ашпайтын қазақ кемде-кем. Ұлтымыздың жаңа туған нәрестесі шаттық үні шалқыған «әлди-әлди» жырымен тал бесікке салынып,  қимастықтан көз жастары көл болған «жоқтау» үнімен жер бесікке бөленеді. Осыдан-ақ қазақ өмірін ән-жырсыз елестете алмайтынымызды аңғару қиын емес.

Ғұлама, данышпан ақынымыз Абай Құнанбаев:

«Құлақтан кіріп, бойды алар,

Әсем ән мен тәтті күй.

Көңілге түрлі ой салар,

Әнді сүйсең менше сүй», — дейді. Шіркін, керемет-ақ, жақсы ән жанның рахаты, тәннің сауықтырушысы ғой.

Тыңдаған сайын бойды балқытып, ойды шалқытып сала беретін әні мен күйі бар ұлт нағыз өміршең. Өнері мен мәдениеті тасқа басқан таңбадай қанық түскен халықтың рухани тамыры тереңдей түсері айдан анық. Рухани тамыры тереңге тартқан ұлт ешқашан жер бетінен жоғалмайды.

Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай салып кеткен қазақ әнінің сара жолы жаһандық үрдістегі «ұлттық кодымыз» екені де даусыз. Өйткені, дәстүрлі ән өнеріміздің өзіне ғана тән мінезі, қоңыр таудың қойдай қоңыр қазағына тән мәнері бар. Біз Батыстың эстрадасын, Еуропаның операсын нақышына келтіре орындай алуымыз әбден мүмкін. Орындап та жүр біздің әншілер. Бірақ олардың қолына қара домбыра алып, қоңыр мінезді қазақ әнін қоңырлата орындай алуы екіталай. Міне, нағыз ұлттық код!

Қазіргі таңда өз ұлтымыздың сап алтындай мәдениетінен, салт-дәстүрінен, өнерінен үркіп, оны көнеліктің белгісі санап, жат жұрттың қаңсығын таңсық көріп жүргендер де жоқ емес. Әрине, бұл барлық адам осылай болып кетті дегенді білдірмейді. Дейтұрғанмен де, басылым беттері кейінгі қазақ әнінің мәтінінен мән, әуенінен әр кеткенін, қазақы сарыны сарқылып, өзге ұлттың ырғақтары басып бара жатқанын жарыса жазып жүргені жасырын емес. БАҚ өкілдерінің өкси жазуы да өте орынды.  Тыңдарман қауымның бірі ретінде көріп те, естіп те жүрміз. Шынында да, бүгінгі эстрадамыз қазақы қалпын бұзып, қарақал­пақ, түркімен, тәжік, өзбек  әуендеріне бейім болып барады.

Біз ән өнеріне ешуақытта немқұрайлы қарамауымыз керек. Қазақтың ән өнері – қазақ руханиятының қайнар көзі. Ән өнері – алып айна. Онда ұлттық әдебиеттің, ұлттық тілдің, ұлттық танымның, ұлттық мәдениеттің, орындаушының бейнесі анық көрінеді. Қазақ әніміздің тексті шатқаяқтап тұрса, әдебиетіміз дамып, ілгерілеп кетті деп айта алмай, аузымыз бірден буылары белгілі. Соны сезетін сергек ойлы, кемеңгер көзді көкірек болса, әрине!

Байырғы қазақ әндерінің көбі кең тынысты, мәтіні мәнді, мағыналы, сарыны сазды болып келеді. Бейне қазақтың даласындай дархан, пейіліндей кең. Сол әндеріміздің бүгінгі таңда қатары тым сиреп кетті. Мен ғана емес, көп адам аңғарып жүр. Осы үрдіс үздіксіз жалғаса берсе, бір күні қазақы сарыннан бүтіндей айырылып, сан соғып қалуымыз ғажап емес. Жас ұрпақтың санасын жат жұрттың әуенімен әрлеп алсақ, ұлттық сарынымыз олардың санасына сіңбей қалары сөзсіз. Бұдан әрі көкейінде қазақы әуені жоқ ұрпақтан келешекте ұлттық бояуы қанық ән туады деп айту тым қиын.

Дәл қазір сырт көзге тойдан басқа ермегі жоқ халық болып көрінеміз. Әншілер де, сазгерлер де тек тойға арнап ән жазуды бастап кеткелі де біраз жылдар болды. Нәтижесі де жоқ емес. Той бизнесіне арналған әндердің қатары қаулап өсіп келеді. Той басқаратын асабалардың да, қуаныш иелерінің де санасына «тойда жұрт жаппай билесе ғана дастархан қызықты болады, қонақтар жақсы демалып қайтады» дейтін түсінік қалыптастырып үлгердік. Осыдан кейін мән-мағынасы бар, тыңдарманды ойландыратын, толғандыратын әндер орындамады деп әншілерді кіналаудың өзі орынсыз. Тоймен нәпақа­сын тауып жүрген өнер иелері өзгенің әуеніне көшпей қайтсін.

Әнді күн көрістің көзіне айналдырып отырған әншілерді ақтауға толық негіз бар. Алайда, өнер иелері Абай атамыздың «Сөз түзелді, тыңдаушым сен де түзел» дегенін естен шығармағандары жөн. Өйткені, тыңдарман қауым өнер иелеріне қарап ой түзейді, бой түзейді. Тыңдарман қауымның көкейіне не ұялатсақ, соның жемісін көретініміз де шындық. Ертеңгі күні еліміздің аты қазақ, заты өзге болып қалмас үшін бәрін де бүгіннен бастағанымыз жөн. Ұтылмаймыз, ұтамыз. Ұтарымыз – қазақ әнінің қадірін де, қасиетін де сақтап қалумен қатар, жаһандық ән өнерінен ойып тұрып орнымызды аламыз.

Мен өзге ұлт өкілдерінің әнін жоққа шығарып, оларға қарсы түбегейлі төңкеріс жариялап отырған жоқпын. Өзгенің өнерін үйренген – артықшылық болмаса, кемшілік емес. Елбасымыздың мақаласында да айтылған ой осы. Тек өз өнерімізді өгейсітпей, өзгенің өнерінен жоғары қоя білсек болғаны.

Тұрсынбек Кешубай

гуманитарлық ғылым магистрі

әнші, журналист

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір