• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 11:15:59
+35°

Қазақстанның болашағы - бүгінгі жастар.  Сондықтан, болашақ бұлыңғыр болмауы үшін жастарға көрсетіліп отырған бүгінгі қолдау көңілге үлкен үміт ұялатады. Мұндай пікірді С.Нұрмағамбетов атындағы «Сағадат батыр» спорт клубының негізін қалаушы Нұрсұлтан Орынбасаров білдірді. 

Нұрсұлтан Орынбасаров танымал ММА шебері, «Нұр Отан» партиясы Іле аудандық филиалының мүшесі, джиу-джитсудан және грэпплингтен халықаралық турнирлердің бірнеше дүркін чемпионы. Оның пікірінше, Мемлекет басшысының қолдауымен жастар спортына, соның ішінде ауыл спортына бөлініп отырған көңіл дені сау ұлтты қалыптастырудың негізі.  

«Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың 2019 жылды Жастар жылы деп атауы Қазақстан жастарына үлкен жігер беріп отыр. Жастар жылы мен үшін де, менің командам үшін де сәттілікке жеткізетін сара жолдың бірі болады деп ойлаймын. Бұлай дейтінім, Президент өзі қолдап отырған спорт саласында біршама жаңалықтар болуда. Соның бірі - «Ауылын көріп азаматын таны» демекші, ауыл спортын дамыту мақсатында 2015 жылы Іле ауданы, Түймебаев ауылында Қазақстан Республикасының тұңғыш қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағанбетовтың құрметіне «Сағадат батыр» спорт клубы ашылған болатын. Клубта жаттығатын спортшыларымыз байрақты бәсекелерде ел үмітін ақтап, чемпион атануда. Тағы да айта кететінім, Іле аудандық «Нұр Отан» партиясы филиалымен бірігіп, балалар, жасөспірімдер және жастар арасында грэпплингтен, аралас жекпе-жектен және джиу-джитсудан аудандық, республикалық, халықаралық турнирлер ұйымдастырдық. Бұның барлығы жастардың спортқа деген қызығушылығын арттырып, ауыл спортының дамуына үлесін қосары сөзсіз», - деді Нұрсұлтан Орынбасаров.

Сонымен қатар, жас бапкер өз командасы жайлы сөз қозғап, алдағы жоспарымен бөлісті.

«Алдағы уақытта да командаммен көптеген турнир ұйымдастыратын боламыз. Сонымен қатар ауылымыздың жастары спортқа үлкен қызығушылық танытып отыр. Соған байланысты осы жылы, Түймебаев ауылында 400-ден аса спортшы жаттыға алатындай үлкен спорт залын салуды жоспарлап отырмыз. «Сағадат батыр» спорт клубында жас бапкерлер шәкірттерін спортқа баули отырып, бойына патриотизм сезімін дарытуда. Бұл клуб екі залда жұмыс жасайды. Бірі Іле ауданы Түймебаев ауылында болса, екіншісі Алматы қаласы, Қазақфильм ықшам ауданында орналасқан. Бүгінде клубта 170-тен аса спортшы тәрбиеленуде. Олардың әрқайсысының өзіндік құлшынысы мен өзіндік ерекшеліктері дамып келеді. Спорттың өзі үшін де, елі үшін де қажет екенін сезініп шеберліктерін арттыруда команда мүшелері талмай жаттығу үстінде. Өскелең ұрпақты елін сүюге тәрбиелеуде менің командамның қосар үлесі орасан болмақ», - деді ол.

Нұрсұлтан Орынбасаровтың айтуынша, Қазақстанның болашағы - бүгінгі жастар. 

«Сондықтан, болашақ бұлыңғыр болмауы үшін жастарға көрсетіліп отырған бүгінгі қолдау көңілге үлкен үміт ұялатады. Жастар жылында қоғам үшін пайдалы, ауқымды істер атқарылады деп сенемін», - деп түйді ол.

Еске салайық, кеше, 23 қаңтар күні Астанада Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Жастар жылының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Шараға Үкімет мүшелері, ҚР Парламенті депутаттары, жергілікті атқарушы орган басшылары, ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты кеңесінің мүшелері, «100 жаңа есім» байқауының жеңімпаздары, «Болашақ» бағдарламасының түлектері, жас ғалымдар қатысуда. Сонымен қатар бұл жиынға шығармашылық, студенттік және жұмысшы жастар өкілдері, жас спортшылар, дарынды балалар, заманауи медиа саласының өкілдері, балалар үйінің тәрбиеленушілері мен түлектері, жас әскери қызметшілер келген.

Айта кетсек, Президент Қазақстан халқына өткен жылғы Жолдауында 2019 жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынған болатын. Арада бір айдан астам уақыт өткеннен кейін Елбасы Жарлығымен 2019 жыл Жастар жылы болып ресми түрде жарияланды. 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір