• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 23:16:49
Алматы
+35°

11 Тамыз, 2018 Айтты-ей, бауырың!

Жарықтың ақысын түбіртекті есікке қыстырып кеткен үшін төлеп жүрміз бе?

3 күн жарық болмаса да, келген төлемақыны 30 күнге түгендеп төлей береміз.

Біз төлемін ай сайын уақтылы төлеп электр жарығын тұтынып отырған қарапайым тұтынушылардың біріміз. Әркім өз ісінің маманы, алайда үйге сәуле беріп жатқан жарық қондырғыларының қызметін біле бермейтінімізді мойындаймыз. Сондықтан да жарық сөніп қалса, сабырмен қараңғыда отыра беретін қазақпыз. 3 күн жарық болмаса да, келген төлемақыны 30 күнге түгендеп төлей береміз. Себебі, жарық жеткізуге міндетті мекемеге барып, әділін айтып, ақыңды ажыратып алу мүмкін емес.
Міне, күні кеше үйдегі электр ақауларының бірінен кәкір шығып, 3 күн бойы үйде жарық болмай қалды. Өз бетімізше жөндей алмаймыз. Өмір қымбат! Сосын тәуекелге бел буып, маңдайшасына «Оңтүстік Қазақстан облысы (?) «Оңтүстік жарық транзит» ЖШС Түркістан электр жүйелері» деп жазылған мекеме есігін қақтық. Шаруамызды айта бастағаннан-ақ сөзімізді селқос тыңдаған мамандардың бірі: «Сізге біз көмектесе алмаймыз, электрикті көшеден өзіңіз тауып алып, жөндете беріңіз» деді. «Сонда қалай, - дедік біз де аң-таң қалып, - төлемақыны сіздерге төлеп жүрміз ғой, қызметті сіздер көрсетпейсіздер ме сонда?». «Біз үйіңіздің есептегішіне дейінгі аралыққа ғана жауап береміз. Ар жағы өзіңіздің проблемаңыз!». Әңгіме осымен бітті. Амал жоқ, сол мекеменің өзінен бір монтерді жалдап, «әке-көке» деп арқасынан қағып, ақшасын төлеп, үйге апарып жөндетіп алуға мәжбүр болдық.
Сонда деймін де, плоскогубцыйын қайшылап, «төлемақыңды уақтылы төлемесең жарығыңды қырқамын!» деп қақпа алдынан шықпай, үркітіп-қорқытатын дардай мекеменің қызметтік нұсқауында қарапайым халықтың әжетін шығару қызметінің қарастырылмағаны ма? Онда ақшаны кімге және не үшін төлеп жүрміз? Айына бір мәрте есікке әкеліп қыстырып кететін төлемақы түбіртегін тасығаны үшін бе?

Бекжігіт Сердалы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір