• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 16:15:02
Алматы
+35°

11 Қыркүйек, 2018 Саясат

Жақсыбеков "көлеңкеден" шыққан күн

Әділбек Жақсыбекті кей сын айтушылар «президенттің көлеңкесі» деседі.

Әділбек Жақсыбековті кей сын айтушылар «президенттің көлеңкесі» деседі, енді бірі «жемқорлықпен шаруасы болмаған», «бүгінгі саяси жүйеге қанағаттанбаған, саяси ойынға бейімделуге тырысып жүрген» адам ретінде сипаттайды. Ал күні кеше ол «көлеңкеден» де, саяси ойыннан да шықты.

26 шілдеде 64 жасқа толған Жақсыбеков былтыр зейнетке шығуы керек еді. Алайда Назарбаев оның өкілеттілігін 2022 жылға дейін созды. Биыл шығарады деп ойладық. Кеше ғана болжамымыз айдай келді. Назарбаевтың жарлығымен президент әкімшілігінің басшысы қызметінен босатылған Жақсыбеков бизнес саласына қайта табан тірепті.  Ол ендігі өзінің «Цесна» Корпорациясы АҚ директорлар кеңесін басқаратын болды. Ал оның орнына Астана қаласының әкімі болған Әсет Исекешев келді.

Бұрынғы кинематографист және кәсіпкер Әділбек Жақсыбеков Назарбаевтың жанында 20 жылға жуық уақыт жүрді. Саяси сарапшылар оны «ескі гвардия» өкіліне жатқызды. Жақсыбековтің еңбек жолына бір көз жүгіртіп шығалық...

Бизнестен билікке дейін...

1995 жылы Әбіш Кекілбаев төрағалық еткен Жоғары сот тарады. Жаңа Конституция қабылданып, басқарудың жаңа жүйесі енгізілген соң Әділбек Жақсыбеков парламент депутаты болды. Қысқа ғана уақыт ішінде биліктің шыңына шығып үлгерді. Жұрт мұны Ақмола қаласының Астана болып өзгеруімен байланыстырды. Мемлекеттік басқару жүйесіне кәсіпкерлер кіре бастағанда Әділбек Жақсыбек Астана қаласының әкімі болып тағайындалды.

Бірнеше жылдан кейін сауда және индустрия министрі болды. Ал 2004 жылы Президент Әкімшілігінің басшысы лауазымына келді. Сөйтіп кәсіпкер Қазақстандағы белді саяси фигурант атанды. Жақсыбеков төрағалық еткен уақытта бірнеше сайлау кампаниялары өтті, алайда оппозиция бәрін дерлік «әділетсіз» деп таныды.

Президент Әкімшілігінен кейін Жақсыбеков «Нұр Отан» партиясы төрағасының орынбасары, Қазақстанның Ресейдегі елшісі, Қорғаныс министрі болады. Ал 2016 жылы Президент Әкімшілігіне қайта оралады. Мұны сарапшылар «әдейі жасалған ойын» деп болжады. Себебі, сарапшылардың айтуынша, президент әкімшілігіне саяси ойындарды өздігінше жүргізе алмайтын әрі басқара алмайтын адам керек болды.

Бизнестегі табысы мен биліктегі жолы

20 жылға жуық билікте болғанымен елдегі қоғамдық-саяси мәселелерге басын қатырмаған Әділбек Жақсыбековті халық бизнестегі табысын ғана мойындайтындай. Әрі шығармашылықтан да кенде болған жоқ.

Қазақстанның Ресейдегі елшісі қызметінде бола тұра Жақсыбеков 2008 жылы әдебиет және өнер саласы бойынша мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды. Қорғаныс министрі болып жүріп-ақ 2009 жылы детективті фильмнің авторы атанды.

Мемлекеттік қызметке ауысқан уақытта оның «Цесна» компаниясы елдегі ең ірі корпорациялардың біріне айналды. Forbes дерегіне сәйкес, Жақсыбеков елдегі ең бай елу адамның тізімінде 11 орыннан көрінді. Ал 498 миллион доллар капиталы бар оның ұлы 39 жастағы Дәурен Жақсыбек әкесінен озып түсіп, 8-орыннан шықты.

2015 жылы «Цеснабанк» Қазақстандағы ең ірі банк саналып, ресейлік «Плюс банк» корпорациясынан 83 пайыз акция сатып алғаны хабарланған.

Еліміздегі заңға сүйенсек, мемлекеттік қызметте істейтін адам кәсіпкерлікпен айналыса алмайды. Тіпті өз кәсібі бола тұра мемлекеттік қызметке ауысса, кәсібін сенімді басқармаға табыстап кетуі тиіс. Алайда сарапшылар Жақсыбековтің саясат пен бизнесті тең алып жүретін қасиетін жоғары бағалаған.

Парламент сенатының бұрынғы депутаты Уәлихан Қайсар Әділбек Жақсыбеков жөнінде бүй деді:

«Жақсыбеков – жемқорлық дауына ешқашан ілікпеген жан. Әлдебіреудің «Әділбек Жақсыбековке пара беріпті немесе пара алыпты, я болмаса біреудің кәсібіне бөгет келтіріпті» деген әңгімені естіген емеспін. Оның бүгінгі саяси жүйеге көңілі толмайтыны байқалады», - дей келе өнер саласында білім алған Жақсыбековтің  саясаттағы рөлін айтып өткен.

«Ол Нұртай Әбіқаев, Иманғали Тасмағамбетов, Марат Тәжин сынды саяси ойындарды жүргізе алмайды. Тек берілген тапсырманы мұқият орындауға тырысады. Сөзге де шорқақ. Бәлкім, елдің назарында болғанды ұнатпайды. Сол себепті биліктегі «үні шықпас» шенеуніктің бірі деп білемін», - деген еді Уәлихан Қайсар.

Сынға көп ілікпеген шенеунік

Назарбаевтың жанында жүрген Әділбек Жақсыбековті сынаушылар да аз болды. Алайда 2016 жылы Елбасының немересі Айсұлтан Назарбаев тарапынан айтылған сын әлеуметтік желі қолданушылары арасында резонанс тудырған.

Қазақстан футбол федерация басшылығын сынға алған Айсұлтан Назарбаев футбол төңірегіндегі келеңсіздіктердің бәріне президенттің айналасындағы жоғары айлық алатын шенеуніктерді кінәлады. Қатарында Әділбек Жақсыбеков те бар. Президенттің немересі оларды «орта ғасырда қалып қойған» деп айыптап, Назарбаевтың жанында «дәл сондай адамдар» отырғанына қапаланды. Тіпті оларды «мемлекет үшін қауіпті» деп атады.

Желі қолданушылары талқылағанымен билік былқ етпеді. Назарбаев та өзінің ескі құрамынан бас тартпады.

Дереккөз: «Азаттық радиосы», Асылхан Мамашұлы

Аударған: Гүлім Жақан

Gulim Zhaqan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір