• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 12:41:25
Алматы
+35°

22 Желтоқсан, 2017

Жанар Байсемізова: Қоғамда тұрмыс құрмаған қыздарға мүгедек секілді қарайды

Сонымен қатар тренингте ақпарат ғана берілген жоқ, тренинг ойын түрінде өтті

Танымал журналист , «Шетелдегі қазақ балалары» жобасының авторы Жанар Байсемізова  оң босағада отырып, «кәрі қыз» атанған бойжеткендерге тренинг өткізіп, өзінде бар ілімімен бөлісіп жүргенін айтты. Бұл туралы Жанар Байсемізовамен әңгімелескен Qamshy.kz тілшісі хабарлайды.

Жанар Қожақанқызы, «Тұрмысқа шығу үшін әрекет ету керек! Қалай?» деген тақырыпта тренинг өткіздіңіз. Оған не себеп болды? Тренинг қалай өтті?

Мен тренинг өткізуді қараша айында бастадым. Алғашқы екеуі 18 қарашада Атырауда, екіншісі Орал қаласында өтті. Тренинг «Бастағы найзағайлар соғысын қалай тоқтатуға болады немесе əйел энергиясы не үшін қажет?» тақырыбында болды. Ал тұрмыс құрмаған қыздарға арналған авторлық тренингті 17 желтоқсанда өткіздім. Алғашқы екі тренинг жалпылама түрде барлық әйелдерге арналды және ол жерде қоғамдағы мәселелер, әйел адамның депрессияға түсуі, қиындықпен күресу жолдары айтылды. Ал тұрмысқа шықпаған қыздарға арналған  тренингті өткізуге мақсатым, тұрмысқа шығу уақыты өтіп кеткен , жарын таба алмаған қыздармен өзімнің басымнан өткен тәжірибем арқылы  алған іліміммен бөлісу. Тренинг өмірдің басқаша екенін, адамның жолын не жабады, өтірік айтпау, ғайбат сөйлемеу сынды рухани, ізгілік мәселелерін насихаттайды. Өз-өзіңмен жұмыс істеу, әлемге, ғаламға деген көзқарасты өзгертуге бастайыны айтылды. Әйел адамға  ер адамның энергиясын пайдалану арқылы жетістікке жетіп, карьера қалауына болады. Алайда  ер адамның алдына шығып кеткен қоғамда, әйел адам тым белсенді болып кеткен  қоғамда азғындау процестері басталады. Мысалы, педофилдердің көбеюі, біржыныстылардың көбеюі бәрі – әйел адамның тым белсенді болып кеткенінен болады.

Тренингке Атырау қаласы мен Атыраудың облыс пен  аудандарынан, Маңғыстау облысы, Орал, Ресейдің Астрахань қаласында тұрып жатқан қазақ қыздары келді. Өз қыздары үшін келген тұрмыстағы әйелдер мен 5 баласы бар көпбалалы ананы қосқанда барлығы 40-тан астам қыз-келіншек жиналды. Тұрмыс құрмаған қыздардың бойында комплекс басым болады. Сол себепті өз бойындағы комплексті жеңе алмай, тренингке келмеген қыздар көп болды деп ойлаймын. Себебі,  біздің қоғамда тұрмыс құрмаған қыздарға мүгедек адам секілді қарайды.

janar baisemiz

Бүгінде тренинг өткізетіндердің қарасы көбейді? Сіз тренингке келгендерге  не бере алдыңыз?

Қазіргі уақытта тренинг өткізетіндердің қарасы көбейгені рас. Дегенмен бұның еш жамандығы жоқ деп ойлаймын. Бұл Еуропада, Америкада 70-80 жылдары басталып кеткен дүниелер. Ал оның лебі бізге енді келіп жатыр. Адамдар өмірге басқаша көзқараспен қарауға болатынын, өмірдің қиындықтан тұрмайтынын, адам  өзін жөндеу арқылы әлемді жөндей алатынын енді түсініп келеді. Тренингтердің саны қанша көп болса да,  артық етпейді деп санаймын. Дегенмен барлығын сапалы деп  айта алмаймын. Уақыт өте келе барлығы түзеледі деген ойдамын. Мен өзім миллионер болмай баюдың жолдарын үйретіп жүрген жоқпын.  Мен тренингке келген адамдарға өзім өткен жол бойынша, афишада көрсетілгендей «Экс-кәрі қыздан құнды кеңес» берудемін. Өзім 38 жасқа келіп тұрмыс құрдым. Бұл статуста болу қандай екенін, қандай қиындықтардан өтетініңді, қоғамның алдында сенің рөлің қандай екенін – бәрін  өз басымнан өткеріп, өз-өзіммен жұмыс істеу арқылы тұрмыс құрғаннан  кейін менің ойыма бұрынғы өзім сияқты жүрген қыздарға өзімде бар ақпаратпен бөлісу арқылы аз да болса көмек көрсетейін деген ой келді. Себебі, тұрмыс құрмаған қыздардың көпшілігі  тұрмысқа шығу үшін не істеу керек екенін білмейді. Мен де білмей жүрдім.

Сонымен қатар тренингте ақпарат ғана берілген жоқ,  тренинг ойын түрінде өтті. Тренингке келген қыздар арасында сәукеле, түрлі қолөнер бұйымдары, кітаптар ойнатылды.  Тренингке келгендердің ішінде  2 қыз ғана 25 жаста болса ,  ал қалғандары 30 жастан асқан қыздар. Ал маңғыстаулық 38 жастағы қыз бір сәукелені ұтып алды. Сәукеле әр үйде тұруы тиіс заттардың бірі болғандықтан, ырым ретінде ойнатқан едік. Тренинг соңында қыздардың көздерінде сәуле жанып, үміт оты пайда болды. Және келушілер өздерінің мол ақпарат алып, көздері ашылғандарын айтып, алғыс білдірді.

saukele

Алдағы уақытта қай қалада тренинг өткізу ойыңызда бар?

Өзім Атырау қаласында  тұрып жатқандықтан,  тренинг өткізуді осы қаладан бастадым. Қазір маған Қазақстанның түпкір-түпкірінен қыздар хабарласып жатыр. Қазір нақты айта алмаймын, дегенмен алдағы уақытта сұраныс болып жатса, қажеттілік болса, тренинг өткізуге лайықты болсам  Алматы, Астана қалаларында өткізу ойымда бар.

Өзіңіз 38 жасымда тұрмысқа шықтым деп айттыңыз. Тұрмыс құру уақытыңызға жұмыс бабыңыз әсер етті ма?

Әрине, қызмет бабым әсер етті. Қыз бала дүниеге келгеннен кейін оның негізгі миссиясы тұрмыс құру, дүниеге ұрпақ әкелу екенін білген жоқпын. Білсем де алдымда басқа мақсат тұрды. Ойымда жақсы журналист, мықты маман болу секілді басқа құндылықтар болды. Барлығы менің сол кездегі қабылдауым, сол кездегі сана сезімімнің деңгейіне байланысты. Дей тұрғанмен, барлығы адамның өз қолында. Адам өз алдына қандай мақсат қояды, қандай құндылықты жоғары санайды соған жетеді. Дегенмен тұрмыс құру уақытыма жұмысымды кінәлағым келмейді. Ол -  менің  маңдайыма жазылған тағдырым.

Махаббат пен мансаптың бірін таңдау керек кездер болды ма?

Таңдау болды. Тұрмыс құруға ұсыныс жасаған адам телеарнада жұмыс істегенімді қаламады. Сонда  «қажет емес шығар» деп бас тарттым. Қазір ойлап қарасам, ол кезде сондай бір үлкен махаббат болмағандай көрінеді. Мүмкін жастық шығар. Негізі жұмыс істеп жүрген , жұмысқа қатты берілген қыздарға тұрмысқа шығу қиындау болады. Себебі ер адамның энергиясы бойында бар қыздар барлығын өздері істеп үйренеді. Біз әйелдер ер адамның атқаратын жұмысын атқаруға ұмтылмауымыз керек.  Мен өз тренингімде де  айттым, қыздар тұрмысқа амалсыздықтан шықпау керек. Жасым да ұлғайды немесе бала босануға болатын биологиялық жастан асып бара жатырмын деп сезімсіз тұрмыс құруға болмайды. Тұрмысқа шыққаннан кейін де қиындықтар болады. Сондықтан өзі сүйген адамға тұрмысқа шығу керек.

Әйел мен ердің біздің қоғамдағы орны қандай?

Біздің қоғамда әйелге атқарылатын міндет көп. Әйел отбасын қамын ойлауы керек, туысқандардың көңілін табуы керек, жұмыс та істеуі керек, өзін-өзі дамытуы керек, баласын жетілдіруі керек. Соның барлығын атқара жүре әйел адам өзіне тән нәзіктік пен сұлулықты жоғалтып алмауы керек. Ер адамдардың ең басты міндеті – жаулаушы, әйелдер жаулап алып келген дүниені сақтаушы. Ал біз де қолымызға найза ұстап,  Махамбеттің өлеңіндегідей «Мен, мен ,мен едім»  деп ер адамның алдына түссек олар бізді жаншып тастайды.  Ал бүгінде көптеген кәсіпорындарда әйелдер – басшы, ер адам – көмекші болып жүр. Еркек секілді болып кеткен әйелдің күйеуі әлсіз , ер мінезді болып кеткен әйелдің ұлы да әлсіз болады. Ер адамдардың әлсіз болып кетуіне әйел адамдар жауапты. Құдай әуел бастан ер адамды мықты қылып жаратқан, сол себепті ол бірінші орында тұрады. «Маған күйеу қажет емес, мен ақшаны өзім табамын» деп айтатын әйелді бақытсыз әйел деп есептеймін. Әрбір әйел өзінің жанында қорған болатын адамның болғанын қалайды. Өзінің керегіне жетпеген  соң, өзім-ақ бәрін істеймін дегенге салынады.

Әйел адам қоғамда барлығына үлгеруі керек, сонымен қатар өзіне тән нәзіктігін сақтап қалуы керек. Сол кезде ғана еліміздегі ер адамдар  қайтадан өздерінің мақсат – мүдделерін біле бастайды.

Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан: Айгерім ТАУБАЙ

Aigerim Taubay

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір