• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 14:11:04
Алматы
+35°

15 Қазан, 2018 Экономика

Зейнетақы қорында қанша қаражат қалды?

Өткен аптада тағы да зейнетақы қорындағы қаражат туралы әңгіме шықты.

Ескі жара

Өткен аптада тағы да зейнетақы қорындағы қаражат туралы әңгіме шықты. Елбасы Жолдауында басымдығы бар жобаларға қолжетімді несие беру міндетін шешу үшін Ұлттық банкке кемінде 600 миллиард теңге көлемінде ұзақ мерзімге қаржы бөлу тапсырылды. Яғни, еліміздің бас банкі осыншама қаражатты екінші деңгейдегі (коммерциялық деп оқысаңыз да болады) банктерге үлестіріп беруі керек екен. Оны Данияр Ақышев мырза қайдан тапты дейсіз ғой? ҚР Қаржы министрі Әлихан Смаиловтың айтуынша  қазақстандық банктердің өтімділігін қамтамасыз ету мақсатында оларға 600 млрд теңге бөлінсе, оның жартысын, яғни 300 млрд теңгесін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан алады екен. Неткен ғажап ақыл, неткен ғажап шешім демеске амалыңыз жоқ. Халықтың тірнектеп  жинаған ақшасын анда бір салып, мында бір шашуға келгенде Ұлттық банк басшылығы ма, әлде сол қорда отырғандар ма алдарына жан салмайды. Әлде сіз оған келісіп пе едіңіз? Мен, мысалы, салымшы ретінде ондай келісім берген жоқпын!

Одан қалды, мүмкін естімей қалған шығарсыз, Zakon.kz порталының 17 тамыздағы хабарламасында экономиканы несиелендіруді қолдау мақсатында (бұл нақты не мағына беретіні түсініксіз) екінші деңгейдегі банктерге 200 млрд теңгені  сіз бен біздің зейнетақы қорында жатқан ақшамыздан алып бере салады екен.

Биылғы мамыр айында Қытай мен Үндістанға 30 млрд теңге зейнетақы активтерінен алынып, инвестиция ретінде салынған. Ол инвестициялардың қайтымы қандай болатыны қаншалықты деңгейде зерттелді ме десеңізші. Әлде бас-көз жоқ, сіз бен біздің зейнетке деп жинаған ақшамызды қор басшылығы өз еркімен жіберетін жерлеріне сұраусыз жіберіп жатыр ма деген ой келеді.

О заманда, бұ заман бұл неткен сұрауы жоқ ақша? Оны иесінен рұқсат сұрап дегендей немесе ең болмағанда оның ырымын жасау деген болады ғой?! Былтырғы жағдай анау, БЖЗҚ басшылығы салған 71,6 миллиард теңге көлеміндегі қаражат Әзірбайжан халықаралық банкі банкротқа ұшырап, арты не болатынын әлі күнге білмей дал болып отырған жағдаймыз бар. BBC таратқан хабарда сол банктің басшысы болған Жахангир Хаджиевтің әйелі Замира екеуіне Ұлыбританияның Қылмыспен күрес жөніндегі Ұлттық агенттігі шаш етектен байлыққа қайдан және қалайша ие болғандарын тергеушілер арқылы сұратып отыр. Замира Хаджиева ханым тек қана Harrods дүкенінде 16 млн фунтқа сауда жасаса, Британ аралдарында 20 млн фунт көлеміндегі қаражатқа жылжымайтын мүлік сатып алған.

Бірақ бізде өкініштісі сол, мәселе көтеріледі, халық шулайды, әлеуметтік желілер қызады, керемет белсенділік танытады, сосын 72 сағаттан кейін бәрі ұмытылып, таз қалпына түседі. Ел-жұрт ары кетсе бір аптадай шулайды да қояды. Біздің етіміз немқұрайдылыққа үйреніп алған, тіпті өзімізді осылай тонап жатса да қыңқ демейміз-ау.

Аманатқа қиянат

Айталық, сіздің бір туысыңыз немесе жақсы танысыңыз сізге келіп, аманатқа ақшасын беріп кетсе, не істер едіңіз? Әрине, ол ақшаны сенімді жерге тығып қоярыңыз анық.

Ал енді ол туысыңыз "сізге ай сайын сізге ақша жіберіп отырамын бір жерге жинай беріңізші және де оны 10 немесе 20 жылдан кейін алармын" десе, не істер едіңіз? Әрине, оған жанашырлықпен қарап, мына байқұстың ақшасы кейін тиын болып қалмасын, теңге болса анау күннен-күнге құнсызданып жатқан, одан да доллар немесе евро алып қояйын деген ой сізге бірден келеді. Солай емес пе? Содан келген ақшаны құнсыздану ықтималдылығы аз шет ел валютасына ауыстырып қоятыныңыз айдан анық қой? Содан жылдар өтіп, туысыңыз аманат ақшасын алуға келгенде сіз евро немесе долларға айырбастап қойған бума-бума өз ақшасын көргенде қалай қуанар еді?! Немесе енді басқаша жағдайды көз алдымызға елестетіп көрейік. Туысыңыз жіберіп отырған ақшаны тек сол теңге күйінде ғана жинап, оның кейбір бөлігін өз керегіңізге жаратып, кейбір бөлігін біреулерге қайтар-қайтпасы белгісіз қарызға беріп қойып, қарап отырсаңыз, ол қаржыдан не қалады? Жылдар өтіп туысыңыз келгенде не айтасыз? Бәленбайға қарызға беріп едім, қайтармай кетті, анандай банкке салып едім, банкрот болып қалыпты, оны білмей қалдым, содан қалғаны мына азын-аулақ ақша десеңіз, сіздің істеген ісіңізді аманатқа қиянат жасау деу айтуға әбден болады емес пе?

Қорда қанша қаражат қалды?

Иә, осы қорда қанша ақша қалды екен деген сұрақ еріксіз көкейге оралады. Зейнетақы қорындағы қаражаттан ана жаққа андай, мына жаққа мындай ақша бөлініпті деген жаңалықты естіген сайын жүрегіміз шайлығып, осы сауалды қойғымыз келіп тұратыны жасырын емес. Сол да сөз болып па, сайттан неге қарай салмайсыз деуіңіз мүмкін. Бірақ БЖЗҚ сайтында нақты есепте тұрған қаражат көрсетілмеген соң қор жұмысының ашықтығы көңілге күмән ұялатады. Жалпы қаражат 8-9 трлн теңге аралығында деп әр жерде әр түрлі аталады. Дегенмен нақты сома мен олардың қайсысы нақты қайда орналасқанын білмейтініміз дұрыс емес шығар? Сонымен бірге ондағы қоғамдық кеңес қаржыны қаншалықты бақылай алатыны да беймәлім.

Қорыта келгенде, ҚР Ұлттық банкі мен БЖЗҚ басшылығына төмендегі сұрақтарды қойсақ дейміз:

  1. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаражатты қандай да бір қаражат институттарына инвестициялау құзіреті кімге берілген және шешімдер қандай тәртіппен қабылданады?
  2. Екінші деңгейдегі банктерге Ұлттық қордан 2010 жылы салынған 10 млрд АҚШ доллары көлеміндегі қаражат қайтарылмады. Соған қарамастан былтыр тағы да 3 млрд-тан аса АҚШ доллары салынды. Біздің елдің коммерциялық банктеріне салынған ақшаның қайтуы мүмкін еместігін көре тұра неге зейнетақы қорындағы қаражат сол банктерге беріле бастады және ондай идеяны ұсынған кім?
  3. БЖЗҚ жанынан құрылған қоғамдық кеңестің қандай міндеттері бар және оған кірген адамдар қалай іріктелді?
  4. БЖЗҚ туралы, жалпы зейнетақы активтері жайында ұсыныстар болса, қандай тәртіппен қабылданады және ұсыныстардың қабылданып, іске асу ықтималдылығы қандай?
  5. Ортақ жүйені алып тастап, әр азаматқа жеке есепшот ашып, оның өз ақшасын өзі инвестициялап, басқару мүмкіндігін неге жасауға болмайды?

Бұл тек жалпылама сұрақтар болғандықтан және дәйекті де дәл жауаптар алу үшін біз жоғарыда аталған ҚР Ұлттық банкі мен БЖЗҚ басшылығынан ашық түрде сұхбат берулерін сұраймыз.

Серікқазы Көкенай

Zhazira Baidaly

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір