• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 13:18:35
Алматы
+35°

29 Мамыр, 2018 Саясат

Зайырлы  ел-руханилық  және діндарлық  үндестігі

Конфессияаралық бейбітшілік пен келісім мәдениеті  зайырлы еліміз үшін басты ұстаным.

Жаһандану заманында әлем үшін басты мақсат –бейбіт өмір мен тұрақты дамудың тұғыры –қоғамдық келісім мен төзімділік мәдениеті екендігі күмәнсіз.Заманауи әлем қазіргі таңда экономикалық дағдарыс,қаржылық тұрақсыздық,әлеуметтік күйзеліс,саяси кеудемсоқтық текетіресі,лаңкестік,терроризм сынды сын-қатерлермен бетпе –бет келіп отыр.Дін және діни құндылықтар әлемдік саясатта мемлекеттер мен өркениеттерді диалогқа жетелеуші қайнар көз ретінде қарастырылуда.Еліміз әлемдік және дәстүрлі діндердің  бейбітшілік пен гуманизмді ұлықтаушы әлеуетіне сенім артып дін көшбасшыларын Астана шаһарына жинап жаһандық мәселелерді діни төзімділік және бейбіт жолмен шешуге шақырады. Зайырлы мемлекетімізде дін мен қоғам арақатынасын, діни құндылықтардың қоғамдық өмір мен санадағы орнын зерделеу әрқашан да өзекті болмақ. Дін күрделі қоғамдық сананың формасы және әлеуметтік институт ретінде адамзат тарихымен бірге жасауда. Себебі дін адам мен азаматтың бостандығымен, құқығымен, дүниетанымымен және ұлттың мәдениетімен, құндылықтық ұстанымыммен байланысты. Дін әлеуметтік институт ретінде қоғам мен адам өмірінде нақты қызмет атқарады. Дін – әлеуметтік құбылыс ретінде адамдардың санасы мен мінез-құлықтарына ықпал етуші объективті фактор. Зайырлы қоғамда дін дүниетанымдық, реттеуші, ұйыстырушы, мәдени-шығармашылық, рухани-адамгершілік, т.б. қызмет атқарады. Сондықтан да зайырлы қоғамда әлемдік және дәстүрлі діндердің құндылықтарын ғылыми және зайырлы тұрғыдан зерделеу мен танып білу маңызды. Біздің қоғамдағы зайырлылық қағидаты 1995 жылы қабылданған Ата Заңымызда және 2011 жылы қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңда бекітілген. Зайырлылық қағидаты адамның, халықтың, мәдениеттің және қазіргі білім берудің ұстанымы болуы керек. Руханилық – тұлғаның үйлесімді дамуының кепілі. Сондай-ақ  руханилық  халықтың дәстүрі және мәдениетімен тығыз байланысты. Парасаттылық, имандылық, дәстүршілдік,руханилық, отансүйгіштік – бүгінгі білім берудің негізгі ұстанымы. Зайырлылық  ар-ождан  бостандығы және төзімділік сынды ұғымдармен тығыз байланысты. Зайырлылық қағидаты – дүниетанымдық, ұлтаралық және дінаралық төзімділік мәдениетінің тұғыры.

 Қоғам мен адамның қауіпсіздігі қазіргі таңда әлемдік деңгейдегі басты мәселе болып отыр. Қауіпсіздік ұғымы қоғам, мемлекет, табиғат және адам өмірінің барлық салаларын қамтиды. Атап айтсақ, ақпараттық, интеллектуалды, саяси, әскери ,экономикалық, қоғамдық, экологиялық, т.б. қауіпсіздік түрлері елдегі нақты ішкі және сыртқы жағдаймен айқындалады. Қазіргі уақытта адам мен қоғам өміріндегі ақпараттық және интеллектуалды үдерістерде діни сенім мен сананың рөлі едәуір өсіп отыр. Мемлекеттік атеизм тұсында діни сана мен дін надандық пен артта қалушылықтың қайнар көзі деп қарастырылды. КСРО-да атейстік  идеология үстемдік еткен жетпіс жылдан астам уақыт ішінде дін мен діндарлық деңгейіне өркениеттік тұрғыда зерттеулердің жүргізілмеу себебі қоғам мен ғылым өркендеген кезде дін өздігінен қоғамдық өмірден аластатылады деген сенімге сүйенді. Жиырмасыншы ғасырдың 90-жылдарынан кейінгі идеологиялық ваккум салдарынан қоғамда сан түрлі жат діни ағымдар, әсіресе жастар арасында жылдам тарай бастады. Мұның себебі – діни сауатсыздық, жастық албырттық және максимализм,»батыр» болып атын шығару, өмірлік тәжірибенің аздығы, өмірден өз орнын таппау, әлеуметтенудің қалыпты үрдісінің бұзылуы, әлеуметтік сатылық жолының әлсіреуі, әлеуметтік жағдайлар (жұмыссыздық, жемқорлық), рухани әлемнің жұтаңдығы, торығу,  рухани тірек іздеу, ақпараттық материалдардың тасқыны (шетелдік діни әдебиеттер, интернет жүйесі, әлеуметтік желілер), еліктеушілік, постатейстік қоғам өміріндегі көрініс берген маргиналды құбылыстар, және  постмодернистік ұстанымдар.    

Әлеуметтік құбылыс ретінде діннің қоғаммен өзара әрекеттестігін  талдауда өркениеттік ұстанымды басшылыққа алу керек.Дін мен қоғамның өзара қарым-қатынасы мәселесі жеке адамның дұниетанымы және мінез-құлқының діни негіздерін, адамның діни мүдделері мен ұстанымдарын, әлемдік діндердің адам және қоғам туралы ілімдерін зерделеуде руханилықты  дамытуды  назарға  алу  маңызды. «Екі дәуір түйіскен өліара шақта Қазақстанға түбегейлі жаңғыру және жаңа идеялар арқылы болашағын баянды ете түсудің теңдессіз тарихи мүмкіндігі беріліп отыр. Мен барша қазақстандықтар, әсіресе, жас ұрпақ жаңғыру жөніндегі осынау ұсыныстардың маңы­зын терең түсінеді деп сенемін. Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы». [1].    

Дін адамзатпен байланысты әлеуметтік құбылыс болғандықтан, адамзат мәдениеті ұғымымен байланысты. Әлеуметтік-мәдени байланыстарды және дүниетанымдық ұстанымдарды айқындайтындықтан, қазіргі әлемдегі дінтанулық және әлеуметтанулық теорияларда дін қоғамның тұрақтылығына ықпалдастық беруші фактор ретінде қарастырылады.

Қазіргі таңда қоғамдық өмірде дінге деген қызығушылық артып тұрған уақытта діннің қоғам өміріндегі орнын зерделеу үшін  дінтанулық негізде аналитикалық талдаулар жүргізу қажет. Дін адам өмірінде құндылықтық ұғым ретінде оның өмір мәндік ұстанымына ықпал етеді. Дін ұжымдық бірегейлену ретінде индивид,ұлт пен қоғамға ықпал етуші фактор болып табылады. Қазіргі дінтанулық ғылымда  қоғам  өміріндегі діннің  қызметін талдау нақты ішкі және сыртқы  жағдайды есепке ала жүргізілеуі қажет. «Қоғамға  дін  ықпалының  күшеюі,діннің  қоғамдық  беделінің және  діни көңіл-күйдің  өсуі,қоғамдық  өмір  саласының  сакрализациялануы,клеркализм  көрінісі заманауи  өмірдің  сипатын  айқындайды» [2].  Сакрализация  тұтас  әлеуметтік жүйеге  діннің ықпалының  өсуі  және  дін қызметінің   әрекет  ету саласының  ұлғаюын  айқындайды. [3].  Бұл процес  қазіргі  ТМД  елдерінде  нақты  көрініс  табуда.

Заманауи секулярлы қоғамда қоғамның түрлі салаларына, қоғамдық және жеке адам санасына, әлеуметтік қатынастар мен институттардың қызметіне діннің ықпал етуі төмендеген.Дегенмен қазіргі жаһандану заманында діни бірегейлік саяси,азаматтық,ұлттық бірегейленуге қарағанда басым болып отыр.2015 жылы халықаралық Gallup international агенттігінің жүргізген сауалнамасы бойынша жер тұрғындарының 63% дінге сенетіндіктерін көрсеткен.Дін істері  комитетінің  дерегі  бойынша, Қазақстан  халқының 87,8%-құдіретті күшке сенеді,12,2%-агностик және атеист,16,2%-тұрақты діндар. Зайырлы ұстаным –адам мен азаматтың діни сенімін құрметтейді.Зайырлылық қағидаты мемлекет пен қоғам өміріндегі діннің қызмет ету саласын айқындап,қадағалап және реттейді.Зайырлылық бұл дінсіздік емес.Зайырлылық  мемлекет пен дін қатынасын өркениеттік және азаматтық негізде үйлесімді арнада өрбуі.Еліміздің  дін  саласындағы  мемлекеттік  саясатының  негізгі  қағидаты-зайырлылықты  сақтау және  нығайту  мен  жетілдіру  болып табылады.

«Қазақстан – 2050» стратегиясында: «Біздің мемлекетіміздің зайырлы келбеті – Қазақстанның табысты дамуының маңызды шарты. Мұны Қазақстанның қазіргі және болашақ саясаткерлері, барлық қазақстандықтар айқын түсінуге тиіс», – деп атап көрсетілген[4]. Зайырлы қоғамда діннің қоғамдағы орны мен қызметін секуляризация ұғымы арқылы түсіну қалыптасқан. Бүгінгі постиндустриалды қоғамда дін адамдарды біріктіруші және қоғамдағы тұрақтылықтың, өзара түсіністік пен татулықтың қызметін атқаруы тиіс. Әлемдік және дәстүрлі діндердің мәдени құндылықтарының негізінде бейбітшілік, әділеттілік, бауырмалдық,кешірімділік,сүйіспеншілік, сабырлылық, төзімділік сынды әмбебап ұғымдар жатыр. Қазіргі дінтану ғылымы үшін діннің қоғамға ықпалы мен әлеуметтік-саяси факторлардың діни мінез-құлыққа әсерін зерделеу маңызды болып отыр.Еліміздегі  18 конфессия  және 3751 діни  бірлестік  бейбіт  қатар қызмет  жасауы мемлекетіміздің  дін  саласындағы  салиқалы саясатының нәтижесі. Қазақ елінің  бас  қаласы-Астана әлемдегі өзара түсіністік пен сұхбаттастықты дамытуға өзінің сүбелі үлесін қосуда. Бұған жарқын мысал 2003 жылдан өткізіліп келе жатқан әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің съезі болып табылады. 2003 жылы өткізілген І съезге 13 елден 17 делегация, 2006 жылы өткізілген ІІ съезге әлемнің 26 елінен 29 діни делегация, ал 2009 жылы өткізілген ІІІ съезге 35 елден 77 делегация қатысқан.Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің ІV съезіне әлемнің 40 елінен 87 делегация келді. ІV съезде 4 секциялық отырыс жұмыс істеді, олар «Дін мен дәстүр», «Дін және жастар», «Дін және әйел: рухани құндылықтар мен қазіргі заманғы сын тегеуріндер». ІV съезде әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының кеңесі құрылып, бұл кеңес съездің жұмысына басшылық жасайтын болды.2015 жылғы маусымда Астанада өткен V съезд жұмысына әлемнің 42 елінен 82 делегация қатысты.Съездің  басты тақырыбы  «  Діни лидерлер мен саяси қайраткерлердің бейбітшілік және даму жолындағы үнқатысуы» деп аталды. 2018 жылы қазанда өтетін VI Съезд тақырыбы«Діни көшбасшылар  қауіпсіз  әлем  үшін». Астана шаһары халықаралық  қатынастар  жүйесінде  жаһандық  саяси  шиеленістерді  бейбіт  жолмен  шешудің және әлемдік  және  ұлттық діндердің   рухани келісімге  келуінің  алаңы  ретінде әлем  жұртына  танылды. ұлтаралық және дінаралық келісімнің үлгісін атап көрсетті.    Әлемдік және дәстүрлі діндердің басшыларының съезінде еліміздегі конфессияаралық келісім мен диалогтың маңыздылығы ерекше аталып өтіледі. Әлемдік және дәстүрлі діндердің басшыларының  съездерінде конфессияаралық келісім мен диалогтың негізгі принциптері айқындалды. Олар: ар-ождан  бостандығы, толеранттылық, өзара құрметтеу мен түсіністік, ұлтаралық келісім мен діни сұхбаттастық. Бұл қағидалар Қазақстандағы конфессияаралық қатынастардың да негізін құрайды.

Қоғамдық пікірді өзге арнаға бұру үшін ақпарақтық шайқас алаңына әлеуметтік желілер және ғаламтор желілері тартылуда.Бұл үшін түрлі жобалар дайындалып адам санасы мен психикасына ,әрекетіне ықпал жасаушы тетіктер механизмі жетілдірілуде.Діни экстремизм мен  фанатизм,әсіре діншілдік жаһандық сипат алуда.Діни экстремизм мен лаңкестікке қарсы тұратын сыни көзқарас, азаматтық позиция қалыптастыру маңызды міндет болып табылады. Діни экстремизм мен лаңкестік адам мен қоғам өміріне, мемлекет негізіне қауіпті індет екендігі жастарға байыпты және ғылыми тұрғыда түсіндірілуі қажет.Елімізде 1999 жылы «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы», 2005 жылы «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» ҚР Заңдары қабылданды. Еліміздің антитеррорлық  іс-шараларды күшейту  ұстанымы 2017-2020 жылдарға арналған діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға байланысты қабылданған мемлекеттік бағдарламада және  2018-2022 жылдарға  арналған  бағдарламада нақты көрсетілген. 2017-2020 жылдарға арналған  дін  саласындағы мемлекеттік  саясаттың  қағидалары  зайырлы  қағиданы  нығайту  мен  дәстүрлі  діндарлық ұстанымын  ілгерлету және  дінаралық  келісім мұратын   айқындайды.Бүгінгі өркениетті қоғамда тұлғаны қалыптастыру және  оның рухани-адамгершілік кемелденуі  білім мен тәрбие беру арқылы іске асады. Тәрбиелеу процесінде ұлттық және адамзатқа ортақ құндылықтарды үйлесімді үйлестіру және зайырлылық қағидаты негізінде жастардың діни санасы мен рухани әлемін қалыптастыру үшін исламның дәстүрлі құндылықтарын қоғамның әлеуметтік-мәдени жағдайына, елдік діл мен ұлттық дүниетанымға сай байыппен, байсалды түрде тиімді қолдану керек. Дін істері комитетінің  дерегіне сүйенсек,жастардың 79,6%  дінге  сенеді және 10% - діни  ғұрыптарды тұрақты орындайды.Ел  жастарының  дүниетанымында  діни ұстанымның өсуі  елдің  болашақтағы  діни  бағыт-бағдарына  ықпал  жасайтындығы  айқын.Жастарды  зайырлы  әдеп пен  мәдениетке  баулу  қазіргі  білім беру  жүйесінде  негізгі  мақсаттың бірі  болуы тиіс. Жаһандану үдерісінде әрбір ұлт өзінің салт-дәтүрі мен ұлттық сана тіректеріне сүйеніп, өзінің бет-бейнесін жоғалтпай, ұлттық болмысын айқындап, ұлттық рәміздерін асқақтатуға ұмтылуда. Біздің діндар  жастар да зайырлы  мемлекеттік қағиданы, ұлтымыздың тілі мен ділін, тарихын, дәстүрін сыйлауы және ата мұрасын қастерлеуі тиіс.Жастардың  дүниетанымында және  әдептік  ұстанымында зайырлы  және ұлттық қадір-қасиетінен туған киелі ұғым түсініктерін құрметтеуді қалыптастыру еліміздің қарқынды инновациялық-индустриялық тұрғыда жаңғыруын қамтамасыз ететін ұлттық мүдде мен азаматтық парызға адал  тұлғаны тәрбиелеу болып табылады. Түркия,Мысыр,Сауд  арабиясы,Ливия,Йемен,Пәкістан,Үндістан,Малайзия  сынды мемлекеттік құрлысы  мен идеологиясы әртүрлі шет елдердің  діни  оқу орындарын бітірген азаматтарымызды зайырлы еліміздегі  нақты қоғамдық өмір  шындығына  сай  қызметке  баулу үшін  қайта  даярлау  курстары маңызды  болып  табылады . «Қазіргі қазақстандық қоғамдағы ислам  мәдениеті  мен өзіміздің салт-дәстүрімізді,әлем  мәдениеттерін синтездеудегі  және  жаңа  Қазақстанның  болашағын қалыптастыратын ғылым мен  білімді  жетілдіру бүгінгі  күннің  қажеттілігінен  туындап отыр» [5].Ұлттық  руханиятының  асыл  қазынасын  танып-білу  жат  жұрттық мәдени  дәстүрге  еліктеуден  сақтайды.Ұлттық  дәстүрдің  рухани  қазығы  ретінде ислам қазақ халқына этика,ғылым,ағартушылық,құқық,идеология  берді[6].Соңғы  жылдары  қоғамдық  пікірде  дінге  қатысты  «деструктивті  діни  ағым», «тоталитарлық  ілім», «секта», «радикализм», «фундаментализм, «дәстүрлі  емес  дін,«исламизм, «еуроислам», «саяси  ислам», «экстремизм», «лаңкестік»  термин-түсініктер жиі  көрініс  беруде.Кеңестік  кезеңде  «халықтық  ислам»  және « ғұрыптық  ислам»  термин-түсініктері  қолданылып,исламның  дәстүрлі ғұрыптар  және тыйымдар жүйесімен,  әдетпен  байланысына  назар аударылды.1990  жылдардан  «жаңа  ислам» ұғымы  шет елдік  дін  уағызшыларының  насихатымен  тарала  бастады[7].Жаңа  діндарлық  ұлттық  дәстүрді  елемеу  және зайырлы  мемлекеттік  қағидатты  терістеумен  ұштаса  көрінді.1998-2000 жылдардан  халифат,кәпір,бидғат,шірік,тағут,мүшірік,жаһил  сынды ұғымдар  қолданыла  бастады. «Таза  исламды» насихаттайтындар  тарихи-мәдени  негізде  қалыптасқан  қазақи дәстүрлі наным-сенімдерді  политеисттік  түсінікпен  байланыстырып,өзге  елдің  діни  дәстүріне көзсіз  еліктеуді  сәнге  айналдырды.2000  жылы елімізде діни ахуалды  талдау  кезінде  заңды  тіркелмеген 497 діни бірлестік анықталған[8]. Түрлі  жамағаттық  бірегейлікке  негізделген діни  топтар  елдің  рухани  қауіпсіздігіне қауіп төндіретін  идеологиялық  ұстанымға  айнала  бастады.Елімізде  діни  фанатизм  мен  радикалды  діни ұстанымның  таралуына  жол  бермеу  үшін 2004 жылдан  экстремисттік  діни  ілімдерге  сот шешімдерімен  тыйым  салына  бастады. Еліміздің  дін  саласындағы  ұстанымы –зайырлы  негізді  сақтау  мен  нығайту.Дін саласындағы мемлекеттік саясаттың дамуының үш негізгі басымдығы - заңнаманы жетілдіру мен мемлекеті және діни бірлестіктер арасындағы өзара іс-қимылды реттеу, екінші - мемлекет дамуындағы зайырлық принциптерін нығайту,үшінші басымдық ретінде діни экстремизм мен деструктивті діни ағымдардың іс-әрекетіне қарсы тұру жүйесін дамыту анықталған[9].Зайырлы еліміздің тыныштығы мен ынтымағы, ұлтымыздың бірлігі, діни татулық пен діни төзімділік, ұлтаралық татулық басты құндылығымыз. Қоғамның рухани жаңғыруының түпкі негізі-ұлттық  болмыс  пен  ұлттық  сананың  кемелденуі.Қазақ қоғамының рухани түрғыдан жаңаруында дәстүрлі діндер маңызды рөл атқарады. Елімізде  діни   ұлтаралық және конфессияаралық келісім мен татулықты орнықтырудағы діни  бірлестіктердің  атқаратын рөлін зайырлы қоғам ұстанымына сай тиімді жүргізудің тетіктерін жетілдіру қажет. Діндердің  әлеуетін қоғамдық сана мен психологияға сай біртектілік  пен тұтастықты нығайтуға  қызмет етуге бағыттау қажет. Қазақстандағы дінаралық келісім мен тұрақтылықты сақтау үшін –     зайырлы  ұстанымдағы діни сана  мен діни  мәдениет қалыптастыру маңызды. 

 Конфессияаралық бейбітшілік пен келісім мәдениеті  зайырлы еліміз үшін басты ұстаным. Конфессияаралық қатынастарының негізін  өзарақұрмет және өзарасенім құрайды.Зайырлы қоғамда ар-ождан бостандығын сақтау және адамның таңдау құқығын құрметтеу рухани  жетілу,руханилық пен діндарлықтың ,зиялылық  пен  зайырлылықтың үйлесімді үндестігі  діни қатынас өзегіне айналуы тиіс.

 

Бағдат Бейсенов

Әдебиеттер

Н.Ә.Назарбаев.Болашаққа бағдар:рухани  жаңғыру//Қазақ әдебиеті.14.04.2017.

Ж.Т.Тощенко.Социология.М.2005.С.509.

И.Яблоков.Религиоведение.М.2000.С.470.

ҚР Президентінің «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы.А.2012. 

Ж.Алтаев.Ортағасыр классикалық  ислам  философиясы.А.2015.330.б.

Н.Нуртазина.Распространение  ислама и  формирование казахской  мусульманской  традиции.А.2016.С.11.

А.Султангалиева.Возвращение  ислама  в  Казахстан.А.2012.с.12

З.Джалилов.Ислам  и общество в  современном Казахстане.А.2006.С.31.

Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017 - 2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы.Астана.2017

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір