• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 16:10:39
Алматы
+35°

08 Ақпан, 2018 Әдебиет

Зәуреш

Мені есіңе ап, көкке қарап тұрарсың Жанарыңа ыстық жасты үйіріп

Шолсамдағы түгел жырақ-жақынды,

Жерден саған теңеу таппай татымды,

Өзім ғана білетін бір жұлдызға.

Енші тағып бергем сенің атыңды.

 

Көз ілгенше таң алдында тыныстап,

Түніменен тілсіз, үнсіз ұғысқан–

Ол да басқа әлемге бет бұрады

Дәл сен құсап кейде ренжіп ұрысқан.

 

Бүгін тағы қиялыммен бір жүзген.

Бір түнімді жалғастырып күндізбен,

«Мені енді өткен шақпен жырла»-деп,

Араласып кетті ол сансыз жұлдызбен.

 

Түнгі аспанға оймен салып көпірді,

Жұлдыз жайлы қиял кешіп не түрлі,

Жердегі бар шаруамды бітіріп,

Соған қолым жетпей қалған секілді.

 

Келбеттім де, көріктім де кескіндім

Сен екенін әттең, дүние-ай кеш білдім,

Ессізіме ес кірсін деп тілесем,

Бір Құдайдан басқа мұны естір кім?!

 

Болашағы әр күнімен бірге өлген,

Мені қойшы, мен бәріне үйренгем,

Сені ойлаймын, сені аяймын аңқауым,

Ізін  аңдып, атқан талай сұм мерген.

 

Сенсіз мына қаңыраған бос кеуде

Бір күні әлі-ақ «Қош бол, дүние, қош!»-дер де,

Мен боп саған сыңсып құстар сыр айтар

Күзгі кеште Құс Жолымен көшкенде.

 

Сонда нәзік жаныңа бір мұң ұйып,

Күзгі желден тітіркеніп, бұйығып,

Мені есіңе ап, көкке қарап тұрарсың

Жанарыңа ыстық жасты үйіріп.

Мырзан КЕНЖЕБАЙ

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір