• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 09:53:53
Алматы
+35°

31 Шілде, 2018 Сұхбат

Итальяндыққа тұрмысқа шыққан қазақ қызы жан сырын ақтарды

Әлденені уайымдаймын, әлденені аңсаймын. Бәрін басынан бастағым-ақ келетіндей сезім кешемін.

Жанна Мексиканың Леон қаласынан 23 жыл көрмеген парталас достарымен кездесу үшін Қазақстанға арнайы ұшып келіпті.

Жанна сыныптастарыменАлматы облысының тумасы бұған дейін де отандық сайттардың рейтинг көтеретін шулы материалдарының кейіпкері атанып үлгерген. Себебі ол шетелдік азаматқа тұрмысқа шыққан қазақ қызы. Өзіне бағытталған қарғыс-лағынеттен кейін көңіліне қаяу түсіп, сұхбат бермеймін деп іштей уәде етеді. Бірақ бір қазақтың көңілін қимады ма, білмеймін, менің шақыруыма ұзақ ойланып, келісімін берді. «Қазақтың қызы шетелді неге таңдады?» деген сұрағыма Жанна жауап беру үшін әңгімені әріден бастады.

«Кішкентайымнан ауылдың жұлдызға толған аспанына қарап жатып мұхитты, шетелді армандаушы едім. Кешке сиырды өрістен күтіп алғанда да ойым ауылдан алыс болатын. Анам маған (5 қыздың ең үлкеніне) «үйді таза ұста, еден жу, ертең келін болғанда керек болады» деп тапсырма беруден жалықпайтын. Мен болсам, өскенде үй күтушісін жалдайтынымды айтып, қабағымды шытатынмын. Періштелер сол кезде «әумин» деген сияқты. Ауылдан алысқа ұшқысы келген қыз Испаниядан бірақ шықты...»

«Еуропада Жанна, Мексикада Хуанна деп таныстырамын өзімді. Бес қыздың үлкені болу оңай емес. «Дина менің тұқымыма тартқан,  әдемірек» деп айтатын анам менен үш жас кіші сіңлімнің жүзіне қарап. Мені көп жұмсаса, оны кішкентай деп аяй салатын. Содан шығар бала кезден сіңліме деген сезімім суық болды. Анамнан ұрыс естімес үшін ғана оған өтірік қамқорлық танытатынмын. Үйде ешкім болмағанда өшімді алушы едім. Ең жақсы ойыншықтарды өзіме алып, оған даусымды шығарып, өктем сөйлейтінмін.

Жанна сіңлісімен

Жанна сіңлісімен

Балалық шақ бір мезетте өтті де кетті. Күйеуге шықтық, балалы болдық. Хал сұрамайтын, қоңырау шалмайтын, іздемейтін мен араға ұзақ жылдар салып қана сіңлімді қаншалықты жақсы көретінімді, сағынғанымды түсіндім. Қанымыз бір ғой...»

«Алғаш рет шетелге сапар шегуім Испаниядан басталды. Сосын Африкада да жұмыс жасадым. Басында шетелде қаламын деген ой болмаған еді. Испаниядан кейін ауылға қайтып келгенімде аспанның өзі маған тар болып көрінді. Ауылға сыймадым, аласұрдым, өз-өзіммен арпалыстым. Ақыры кетемін деп шешім қабылдадым. Журналист боламын дегенде «қыз балаға арналмаған мамандық» деп келісім бермеген әке-шешем осы жолы «өз өмірің ғой» деп шығарып салды. Африкада түскен фотоларымды ғаламтордан көрген анам «Қалып қойма, африкалық жігітпен құшақтасып келіп тұрма» деп өз қорқынышын білдірген болатын. Мен болсам, қалмайтынымды айтатынмын. Ол кезде итальяндыққа ғашық болып, Мексикаға түпкілікті қоныс аударатынымды білмеп едім...»

«Күйеуім аяқ-киім тігуге арналған бұйымдарды сатумен айналысатын кәсіпкер. Адамның үсті-басына емес, аяғындағы аяқ-киімінің сапасына жіті мән береді. «Былғары екен, фирмасы мынандай, материалы сапалы не сапалы емес» деп айтудан еш жалықпайды. Кезінде ауылда бір аяқ-киімді 3-4 жыл киіп, тоздырушы едік. Кішірейсе артын кесіп, сүйрейтін аяқ-киімге айналдыратын әкем. Әлі есімде, 4-сынып оқып жүргенімде маған өлшемі екі есе үлкен аяқ-киім сатып алған болатын. Ауылдағы мектеп әжетханасының тесігіне туфлиімнің бір сыңары түсіп кетіп, үйге бір туфлимен барғанмын. Күйеуіме айтып бергенім бар. Содан бері еш себепсіз аяқ-киім сыйлауды дәстүрге айналдырды. Мен ешқашан ақшаны бірінші орынға қойған емеспін. Шетелдікке тұрмысқа шықсам, қалтам қампияды, жағдайым түзеледі деп те армандамадым. Мен тек әлемді танығым келді. Өмірден өз орнымды іздедім...

Жанна күйеуімен

Күйеуіммен отасқанымызға биыл 12 жыл. Өмірдің ащы-тұщысын бірге татып келе жатырмыз. Мексикада жалдамалы пәтерде тұрып, өз үйімізді армандадық. Баспаналы болғанда балаларымызды бақытты қыламыз деп уәделестік. 11 жастағы қызымыз таэквандомен айналысады, 8 жастағы ұлымыз картингке жаны құмар.

Қызы Валентина

ұлы Алессандро«Ананы болмайды, мынаны болады» деп шектемейміз. Олармен ересек адамша сөйлесеміз. Кез келген тақырып бойынша өздерінің жеке ой-пікірі болуын талап етеміз. Бір жерден қателік кетіп, ұрысып ренжіскен күннің өзінде «ұрысқаныма үнсіздікпен жауап қатпаңдар, өз іс-әрекеттеріңді түсіндіріңдер немесе мама, сіз мені түсінбедіңіз, жағдай былай...» деп тіл қатыңдар деп үйретемін. Екеуі Италиядағы әжесіне де, Қазақстандағы ата-әжесіне де барып тұрады.

 

ауылда

ауылда

 

Үйде испанша сөйлейміз. Өздерінің нағашы жақтан қазақ екендіктерін біледі. «Жаным, күнім, айналайын» десем, мәз-мейрам болып, еркелей кетеді. Бесікте жатпаса да балаларым бесіктің әнін, қазақтың үнін естіп өскен. Бірақ несін жасырайын, ағылшын, испан, итальян, орыс тілдерін білсе де, қазақша жетік білмейді..»

«Итальяндықтар туыстық қарым-қатынасты жоғары қоятын халық. Апта сайын әулет болып бас қосып, кешкі тамақты бір дастархан басында жегенді ұнатады. Біз Мексикада тұратындықтан жиі бара алмасақ та уақыт тауып, ара-тұра қонақ болуды әдетке айналдырғанбыз. Енемнің жасы қазір сексен бесте. Демалыс сайын сұлулық салонына барып, тырнағын бояп, шашын сәндетеді. Әлі күнге дейін жұмыс істейді. Мен қонаққа барғанда «отыр, ешнәрсе істеме» деп отырғызып қояды. Қазақ болғаннан кейін келін екенімді алға тартып, кейде үй тірлігіне араласып кетсем, қатты ренжиді. Қайын атамның қайтыс болып кеткеніне біраз жыл болды. Құдалар бірін-бірі көрген емес. Әкем Мексика ұшып келіп, тұрып жатқан қаламды, үйімді көрсе деп армандайтынмын. Жүрек талмасына ұшырағандықтан ұзақ жолға шыдамайтын болып шықты. Өкінішті... Шетелдікке тұрмысқа шығарда қазақ қызы туған-туыстан ажырап, мәңгілікке жыраққа кетіп бара жатқанын терең түсінуі тиіс. Себебі ет жақының сырқаттанып, қапияда көз жұмса да бара алмауың әбден мүмкін. Атам, әжем қайтыс болғанда Мексикадан Қазақстанға ұшып келе алмадым, үлгермедім. Кешір, ата! Кешір, әже! Ата-анамның дін аман болуын Жаратқаннан күнде тілеймін».

«Өмірінде президенттік сайлауда дауыс беріп көрмесем де шетте жүргенде Қазақстанның жаңалықтарын іздеп оқимын. Қазақстанға келерде билет алған күннен бастап уайым жеймін. Елге табан тіреген сайын келмеске кеткен балалық шағым, өткен өмірім жайлы көп ойланамын. Жолсерік «Қазақстанға қош келдіңіз» деген кезде жүрегім дүрсілдейді. Әлденені уайымдаймын, әлденені аңсаймын. Бәрін басынан бастағым-ақ келетіндей сезім кешемін. Шешесінен сіңлісін қызғанған, бір ауыз жылы сөзге зәру болған, еш себепсіз сыйлық алуды армандаған, өрістен келе жатқан сиырды күтіп тұрған, аяғының астына қарап балалық шақтың ізін іздеген Жанна көз алдыма келеді. Қарсы алдымнан шыққан әр қазаққа Мексикадан базарлықты тарту етіп, қуаныш күлкісін сыйлауға дайын тұрамын. Ерсілі-қарсылы жүрген адамдардан мейірімділік пен ізгіліктің ұшқынын көргім келеді. Бірақ Қазақстан маған кең құшағын ашпайды... алдайды... Мұнда барлық саланы жайлаған жемқорлықты, сапасыз медицинаны, баласы сырқат ананың ақшасын ұрлауға даяр тұратын алаяқтарды,  чемпионы қансырап құлап жатса да көмек қолын созбайтын қатыгез қоғамды көремін. Көремін де мұңаямын...

Қазақстанның медицинасы дамып, халықтың әлеуметтік, тұрмыстық жағдайы түзеліп, көңіл-күйі көтерілгенін шын қалаймын. Өмірге қапалы, жақынына өкпелі адамдардың қатары азайғанын армандаймын. Қазақ билігі қара бұқараның жанайқайына құлақ салса деймін...»

 

Материалдың тақырыбын өзгертіп басуға тыйым салынады!

Zhazira Baidaly

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір