• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 04:33:17
Алматы
+35°

22 Қыркүйек, 2017 Әлеумет

Исламдағы және қазіргі Қазақстан қоғамындағы еңбек мәселесі

Ислам дінінде кәсіптің негізгі көздерінің бірі ретінде сауда-саттық жоғары бағаланады

Адамзат қоғамының ежелгі қоғамдық құрылымдар кезеңінен ғылым мен техникасы дамыған ақпараттық дәуірге дейінгі даму сатысында еңбектің алар орны ерекше. Адамзаттың рухани мәдениетіне айналған діни ілімдер трактаттары мен мемлекеттік құрылымдардың идеологиясында адал еңбек ету мәселесі ерекше мәнге ие. Соның ішінде ислам дінінде адал еңбек ету, таза жолмен отбасын асырау, қоғамға пайда келтіру мәселелері жан-жақты қамтылған.

Мұхаммед пайғамбар өз хадистерінде «Адал кәсіп ету – әр мұсылманға парыз», «Адал табыс табуға шыққан адам жиһадта жүрген кісі тәрізді», – деп барша мұсылман үмбетін кісі ақысын жемеуге, ар алдында да, адам алдында да барынша адал болуға шақырып, еңбектің мәртебесін жоғары қояды. Яғни, еңбек еткен адамның ғана табысқа жететінін айтып, керісінше жалқаулықтың кедейлік пен мұқтаждыққа себепші болатынын көрсетеді.

Бірде Мұхаммед пайғамбар қайыр сұрап отырған бір ғаріпке көрінгенге қол жайып отырмай, таудан отын шауып, базарға апарып сатып, нәпақа табуға кеңес береді. Кейін сол ғаріп еңбегінің арқасында адам қатарына қосылған екен. Мұның бәрі ислам дінінің жалқаулық пен тоғышарлықтан аулақ болуға үндеп, адал кәсіппен мал табуға шақыратынын көрсетеді.

Ислам дінінде кәсіптің негізгі көздерінің бірі ретінде сауда-саттық жоғары бағаланады. Мұхаммед пайғамбар бір хадисінде: «Ең таза және адал табыс - сауда жасайтындардың табысы. Олар сөйлеген кезде өтірік айтпайды, өздеріне бір нәрсе аманат еткен кезде аманатқа қиянат жасамайды. Уәде берсе, уәделерінен таймайды, сатып алған кезде затты жамандамайды, сатқан кезде тауарды орынсыз мақтамайды, қарызданған кезде қарыздарын кешіктірмейді. Алашақ болған кезде қиындық тудырмайды», – деп адал саудагердің абыройын жоғары бағалаған.

Бүгінгі қоғам тұрғысынан алғанда, еңбек мәселесіне қатысты ұстанымдар, соның ішінде азаматтардың әл-ауқатын арттыру және өмір сүру деңгейін жақсарту Қазақстан Республикасының ішкі саясатындағы басым бағыттардың бірі болып табылады.

Еңбек мәселесі ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам» атты тұжырымдамалық бағдарламасында жан-жақты қамтылып, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға бағытталған іс-шараларды жүзеге асыру үшін Үкіметке тиісті тапсырмалар берілген. Аталған тұжырымдамалық бағдарламада азаматтарды жұмыспен қамту, шағын және орта бизнесті дамыту, сондай-ақ өзге де маңызды әлеуметтік мәселелер көтерілген.

Елбасының тапсырмасына сәйкес орталық мемлекеттік органдар тарапынан елімізді әлеуметтік дамытудың жалпыұлттық жоспары әзірленіп, нақты іс-шаралар атқарылуда. Соның ішінде әлеуметтік еңбек қатынастарының тиімді модульдерін қалыптастыру, жұмыспен қамту бағдарламаларының тиімділігін арттыру арқылы жұмыссыздық деңгейін төмендету бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде. Соның бірегейі «Жұмыспен қамту жол картасы 2020» мемлекеттік бағдарламасы іске асырылуда. Жол картасы шеңберінде жұмыс орындарын сақтау және жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің арнайы шараларын әзірлеу, үдемелі индустриялық-инновациялық дамуға көшу, жұмыспен қамтудың одан әрі өсу мүмкіндіктерін кеңейту, еңбек ресурстарының сапасы мен экономикалық белсенділігін арттырудың жаңа тәсілдерін әзірлеу мен іске асыру бойынша ауқымда шаралар атқарылуда.

ҚР Президенті Н.Назарбаев Жалпыға Ортақ Еңбек идеясында халықты тұтынушылық психология мен тоғышарлық көзқарастан арылып, қоғамға пайдалы еңбек етуге үндейді.

Елбасы тек қажырлы еңбек қана лайықты табысқа жеткізетінін тілге тиек етіп, еліміздің барлық азаматтарын өздерінің әлеуметтік мәселелерін өздері шешуге мүдделі болуға шақырды. Себебі өткен ғасырдың екінші жартысында кеңінен тараған тұтынушылық қоғам идеологиясының әлемнің дамыған елдерінде жаппай әлеуметтік масылдықтың туындауына әкелгені және жаһандық дағдарыстың басты себептерінің бірі болғаны белгілі.

Жоғарыда айтылған мәселелер ислам діні мен қазіргі Қазақстан қоғамындағы еңбек мәселесіне қатысты ұстанымдардың үндесіп жатқанын көрсетеді.

Сондай-ақ, халқымыздың дәстүрлі рухани мұраларында да еңбектің орнын ерекше атап өтіліп, тәрбиелік мәні зор нақыл сөздермен айшықталып атадан балаға беріліп отырған.

«Мешкей деген жақсы ат емес» дейтін халқымыз, жалқаулық пен бойкүйездікке бой алдырып, жатыпішерлік пен тоғышарлыққа салынған адамның абырой таппайтынын меңзейді. Ал «Еңбектің көзін тапқан, байлықтың өзін табады» деп еңбекқор адамның қаржылық тәуелсіздікке қол жеткізіп, материалдық және өзге де құндылықтарды игеру мүмкіндігіне ие болатынын айтады. «Жаман болатын жігіт шегіншек келер, кедей болатын жігіт еріншек келер» деген дана қазақ кәсіп істеп мал табам деген адамға жалқаулық пен еріншектіктен арылып, тартынбай өз ісін бастау керек екендігіне назар аударады.

Адамдардың экономикалық және рухани қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған кез-келген қызмет саласында адал еңбек еткен, сапалы қызмет түрін ұсынған және сауда-саттық саласында барынша адал болуға тырысқан әрбір азамат ұлтымыздың бәсекеге қабілеттілік деңгейінің жоғары болуына өзіндік үлес қосары сөзсіз.

Қ.Бейсенғазин,

ҚР ДІАҚМ ДІК Дін мәселелері жөніндегі ғылыми зерттеу және талдау орталығының жетекші ғылыми қызметкері

 

Assem Almuhanbet

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір