• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

27 Сәуір, 03:16:02
Алматы
+35°

21 Қазан, 2018 Аймақтар

Иран делегациясы Маңғыстау облысына келді

Иран Ислам Республикасы Гүлстан провинциясының губернаторы Манаф Хашеми бастаған ирандық делегеция Маңғыстау өңіріне келді

Иран Ислам Республикасы Гүлстан провинциясының губернаторы Манаф Хашеми бастаған ирандық делегеция Маңғыстау өңіріне келді. Делегация құрамында мемлекеттік орган басшылары, туризм, медицина, сауда-өнеркәсіп палатасының қызметкерлері де бар. Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің дерегінше, биылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша Маңғыстау облысы мен Иран арасындағы жалпы тауарайналымы 27,2 млн. АҚШ долларын құраған. Оның ішінде экспорт – 4 млн. АҚШ доллары, импорт – 23,2 млн.АҚШ доллары.

Маңғыстау өңірі Иранға 4 млн. АҚШ доллар көлемінде астық пен жармалар, темекі бұйымдары, құрылыс материалдары, болат және басқа да тауарларды экспорттайды. Ал Ираннан Маңғыстау облысына: көкөністер, жеміс-жидектер, ағаштар, спорттық құрал-саймандар, жиһаздар және басқа да тауарлар әкелінеді. Ирандық делегация Ақшұқыр ауылындағы балық зауытында болып, Құрық портын аралап, стратегиялық маңызы зор нысанның мүмкіндігімен танысты. Құрық порты – еліміз үшін ғана емес, көптеген шет мемлекеттер үшін де транскаспий халықаралық дәлізінің және көлік-логистикалық жүйесінің ең негізгі нүктесі. Маңғыстау облысы мен Гулстан провинциясы арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды дамыту мақсатында бизнес-форум өтті. Онда Маңғыстау облысының әкімдігі мен Гүлстан провинциясы арасында, сондай-ақ «Атамекен» Өңірлік кәсіпкерлер палатасы мен Гүлстан облысының Сауда-өнеркәсіптік палатасы арасында өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы екі меморандумға қол қойылды. Өңір басшысы Ералы Тоғжанов өз сөзінде:

"Елбасы Н.Ә.Назарбав экономиканы әртараптандыру, шикізаттық емес секторға тікелей инвестициялар тарту міндетін тікелей жүктеді. Арнайы экономикалық аймақтар экономиканы әртараптандырудың тиімді және пәрменді құралы болып табылады. Бүгінгі «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағында 500 млн. АҚШ доллар сомасында 27 инвестициялық жоба іске асырылуда. Біздің өңірдің климаттық жағдайы, электр энергиясының қосымша ресурсы үшін күн және жел электр станцияларын салуға мүмкіндік береді. Сондықтан баламалы энергия көздерін дамыту маңызды сектор. Агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция салу үшін, атап айтқанда жылыжай шаруашылықтарын дамытуда мол мүмкіндіктер бар. Маңғыстау өңірінің географиялық жағынан қолайлы

орналасуы, бай тарихи мұрасы, көрікті жерлері, теңіз айдыны, ұзақ жағажай маусымы - туристік ағынды молайтып екі ел туризмінің дамуына мүмкіндік мол", - деді.

Шара барысында бірқатар келіссөздер жүргізіліп, егін, мал және құс шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі, инженерлік-техникалық қызметтер, құрылыс өнеркәсібі, бидай, өсімдік майларын өндіру-сату, техника, ағаш өнеркәсібі, буып-түю өнеркәсібі, кен, фармацевтика, химиялық заттар, табиғат туризмі мен емдік туризм саласы талқыланды.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір