• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Сәуір, 18:40:15
Алматы
+35°

14 Мамыр, 2019 Тарих

Януш Корчак. Бала тәрбиесіне арналған 10 өсиет

Януш Корчак – балалар үшін өз өмірінен бас тартқан ұлы ұстаз.

Газ камерасында балалармен бірге көз жұмған тарихи тұлға Януш Корчак – үш соғысты басынан өткерген құрметті ақын, поляк мұғалімі, жазушы және дәрігер. Ол – балалар үшін өз өмірінен бас тартқан ұлы ұстаз, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі .

Януш Корчак еврей отбасында дүниеге келіп, балалық шағында өзгелерден көп қысым көріп өседі. Алайда білімділігімен 15 жасынан ұстаздық қызмет атқарып, өз қатарының алды болған. Отбасылық жағдайының қиындығына байланысты дәрігер болуға шешім қабылдайды және ақындығын қатар алып жүреді. Оның ең алғашқы "Қандай жолмен?" атты пьессасы үлкен танымалдылыққа ие болып, есімі жұртқа таныла бастайды. Бұл пьессада ол өзінің психологиялық аурумен ауырған әкесі туралы жазған.

1905 жылы орыс-жапон соғысы басталған кезде 27 жастағы Януш Корчак соғысқа дәрігер ретінде барады. Соғыс аяқталғаннан кейін Польшаға оралады.  Екі жылдың ішінде Германия, Англия және Францияда болып, мұғалімдіктің сыр-қырын үйренеді. Польша үкіметінің көмегімен еврей балаларын тәрбиелейтін жетімдер үйін ашады. Алғашқы айларда Януш Корчак пен әріптесі Стефана Вильчинский екеуі талмай еңбек етеді. Әбден қараусыз қалған балаларды оқытып, адам қатарына қосу оларға оңайға түспеді.

Януш Корчак сонымен қатар өзінің әріптестеріне баланы тәрбиелеу жолын үйретіп, ең алғашқылардың бірі болып еврей балаларының құқығын қорғайды. Бірінші дүниежүзілік соғыс басталғанда Януш Корчак тағы да соғысқа дәрігер ретінде шақырту алады. Соғыс жылдары "Баланы қалай жақсы көру керек?" деген кітабын жазған. 

Соғыстан кейін мұғалімдік жұмысына зор қарқынмен кіріскен ол балалар үйінде газет ашады. Соның арқасында көптеген балалар оқу мен жазуды үйреніп, жаңа білімге ұмтыла бастайды. Оның бала тәрбиесі туралы ілімі бүкіл әлемге танымал бола бастайды. Алайда өз елінде қолдау таппайды. Жергілікті тұрғындар өз балаларын еврейдің тәрбиесіне бергісі келмейді.

Ақша тапшылығына байланысты балалар үйі күрделі, қиын кезеңді басынан өткізеді. Тұрғындардың қысымына қарамастан ол басқа елге кетпей, туған жерінде қалады.

Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда Януш Корчак салдаттарға көмегін тоқтатпады. соғыста дәрігер болып еңбек етті.

Фашистер Польшаны басып алған кезде Януш Корчак пен оның балалар үйі қиындықта қалды. Фашистер еврейлерді адам санамаған, оларға жануар секілді қараған. Осындай қиындыққа қарамастан балаларды қорғау үшін барын салады. 1940 жылы балаларды қауіпсіз орынға көшіреді. Алайда екі-үш айдан соң неміс басшылары Януш Карчакты тұтқынға алады, осылай балалар үйі қараусыз қалады. Бір айдан соң тұтқыннан босап шыққан ол өзінің және балалардың өмір сүруіне аз уақыт қалғаннын түсінеді.

Балалардың соңғы күндерін ол барынша бақытты өткізуге тырысады. 1942 жылдың жазында, Корчактың қол астындағы барлық жетімдерді депортациялау туралы қаулы шығарылады. Онда балалардың қайда жіберілетіні туралы нақты көрсетілмеді және бұл жаңалықтың ешқандай жақсылыққа әкелмейтіні белгілі еді.

Януш Корчактың балалар үйі әлі күнге дейін жұмыс істеп тұр

Януш Корчак қауіпті сезіп, басшылыққа оның балаларының өте еңбекқор екендігін айтып, неміс әскерлерінің қатарына алуды сұрайды. Осылайша бақытсыз балалардың өмірін сақтап қалу үшін кез-келген мүмкіндікті пайдалануға тырысады. 1942 жылдың 6 тамызында Балалар үйінің барлық 192 баласы Треблинка концлагеріне көшірілді. Олармен бірге Корчак, оның адал әріптесі Стефани және тағы 8 ересек адам бірге көшіріледі.

Ұлы ұстаз Януш Корчак әлемге әйгілі болғандықтан, көптеген танымал адамдар оны өлімнен құтқаруға тырысқан. Дегенмен, ол балалармен бірге қалып, барлық ұсыныстан бас тартады.  

Балаларды жүк вагондарына отырғызып, лагерьге баратын поезд машинасына көтерілген кезде, СС офицері Корчакқа келіп:

- Сіз "Корол Мэтти" кітабын жаздыңыз ба? Мен бұл кітапты балалық шағында оқығанмын. Өте жақсы кітап. Сіз боссыз, кете берсеңіз болды.

- Ал балалар ше?

- Балалар лагерьге барады. Бірақ сізді босатамыз,- дегенде, Януш Корчак:

- Жоқ, мен бармаймын. Адамдардың барлығы бірдей оңбаған емес, - деп жауап берген екен.

Еврей балаларын өлім лагеріне жібергенін өз көзімен көрген поляк тарихшысы Эммануэль Рингельблум осы күн туралы мынандай естелік қалдырады:

"Балалар үйін алып тастау туралы бұйрық шықты! Жоқ, мен бұл көріністі ешқашан ұмытпаймын! Балаларды вагондарға отырғызғанда бүкіл жұрт жиналып, Корчакты үнсіз  шығарып салды. Екі баланы жетектеген Корчак алысқа көз тастап үнсіз кете барды. Неміс полициясы таң қалып: "Бұл адам кім?" - деп сұрады. Мен шыдай алмай, жылап жібердім".  

Януш Корчак Треблинка концлагерінде газ камерасында балалармен бірге қаза тапты.

Өлгенге дейін қолында екі кішкентай баланы ұстап, ештеңеден күмәнсіз сәбилерге ертегі оқып, өмірінің соңғы минуттарына дейін олармен бірге болды.

Януш Корчак басынан өткен оқиғаларын өз күнделігіне жазып отырған. Сіз ұлы ұстаздың өмірінен  кез-келген танымал адамның өмірбаянынан таппаған батырлықты, ұлылықты табасыз.

Бар өмірін балаларға арнаған Януш Корчактың еңбегі, идеологиясы өз уақытында лайықты бағасын алмағаны қынжылтады. Балалар үшін өмірін қиған ұлы ұстаз туралы көпшіліктің біле бермейтіні өкінішті.  

Оның балаларды тәрбиелеу үшін ұсынған 10 өсиетін оқып шығыңыз:

  1. Балаңыздан өзіңіз секілді болуды немесе сіздің қалағаныңызды істеуін күтпеңіз. Өзіңіз секілді болуға емес, өз жолын табуына көмектесіңіз.
  2. Балаңыздан жақсылығыңыздың өтемін күтпеңіз. Сіз оған өмір сыйладыңыз. Балаңыз үшінші бір адамды өмірге әкеледі, солай жақсылығыңызды қайтарады. Бұл ризашылықтың өзгермейтін заңы.
  3. Кішкентай кезінде балаңызға наразылық білдірмеңіз. Өзіңіз қартайғанда соның опығын жейсіз. Не ексең, соны оратыныңызды ұмытпаңыз.
  4. Баланың қиындықтарына жоғарыдан қарамаңыз. Өмірде әркімге өзінің күшіне сай қиындықтар берілетінін ұмытпа.
  5. Баланы ешқашан төмендетпе!
  6. Адамның ең маңызды жүздесулері оның балалармен кездесулері екенін ұмытпаңыз. Оларға көбірек назар аударыңыз! Біз кішкентай баланың болашақта кім болатынын біле алмаймыз.
  7. Балаңыз үшін бірдеңе жасай алмасаңыз, өзіңізді кінәлауға болмайды. Есіңізде болсын: бала үшін қолыңнан келетін нәрсені жасасаңыз, сол жеткілікті.
  8. Бала сенің өміріңнің жемісі ғана емес. Ол сенің қолыңа берілген бағалы шыныаяқ секілді. Шыныаяқтағы жанған шырақты сақтау және өшірмеу сенің қолыңда. Бала – анасы мен әкесінің сүйіспеншілігі, олардың жанының бөлшегі, өмірінің жалғасы.
  9. Біреудің баласын өз балаңыздай жақсы көріңіз. Ешқашан басқаның баласына өз балаңа істегіңіз келмейтін нәрсені жасамаңыз.
  10. Балаңызды еш негізсіз, бей-жай, ересек ретінде жақсы көріңіз. Онымен қарым-қатынасыңызды бағалаңыз, себебі бала сіздің өміріңіздің мәні, шаттығы болып табылады.
"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір