• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 14:24:23
Алматы
+35°

28 Наурыз, 2019 Экономика

Ядролық отын жағуды меңгере аламыз ба?!

Кешелі бері еліміздің энергетика министрі Қанат Бозымбаев қазақстандық отын банкіне төмен байытылған уран алғаш рет 2019

Кешелі бері еліміздің энергетика министрі Қанат Бозымбаев қазақстандық отын банкіне төмен байытылған уран алғаш рет 2019 жылдың II жартыжылдығында жеткізілетінін айтып отыр.  Энергетика министрлігі  төмен байытылған уранның елімізге  нақты қай күні әкелінетінін  Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (АЭЖХА) анықтайтынын атап өтті. Аталмыш халықаралық агенттік  90 тонна төмен байытылған уран өнімін Қазақстанға әкелуді жоспарлап отыр. Негізгі шығындарды аталмыш агенттік көтереді. Қазақстан төмен байытылған уранды тікелей сақтауға кететін шығындарға жауап береді.

Нақытылап айтар болсақ,  Қазақстанда ядролық отын банкі 2018 жылы Өскеменде әлемдегі ең ірі уран өндіруші-Үлбі металлургиялық зауытының аумағында  ашылған болатын.  Энергетика министрлігінің басшысы Қанат Бозымбаев отын банкіндегі уран ешкімге қажет болмауы да мүмкін екенін мәлімдеді.

Ал біздің сарапшыларымыз бұған қатысты Қазақстанға ядролық отын жағуды, оны бейбіт мақсаттан пайдалануды әлдеқашан үйренетін кезең жеткенін алға тартты.

Бұл нағыз табыс көзі
Болжам бойынша 2022 жылы әлемдік тұрғыда энергияның барлық түрлеріне деген сұраныс жоғарылап, оны қолдану екі есеге артады. «Сол кездерде энергия өндірудегі атом энергиясының үлесі бүгінгі күнгі 14-17 пайыздан 35 пайызға дейін өседі» деп пайымдалып отыр.

Бұған қатысты мамандар «Қазақ елі ресурсқа бай, кен қоры ауқымды мемлекеттердің қатарына жатады. Бұл ретте бізде өндірістің қуатын арттыратын мұнай, уран, көмір, газ тәрізді элементтер қоры жетіп-артылады. Өкініштісі, біз осы өндірісті «дүрілдететін» кен қорларын шетелге шикі күйінше ғана экспорттауға қабілеттіміз»,-дейді.

Мәселен, бұл ретте Ұлттық ядролық орталығының Ядролық физика институтының ғылыми істер жөніндегі директорының орынбасары Насурлла Бөртебаев былай дейді:

— Ядролық отын банкі тек Қазақстан үшін ғана емес, әлем бойынша қажет нәрсе. Қазір осы ядролық отын банкінің мүмкіншіліктері де ерекшеліктері туралы жиі айтылып жүр. Бұл  нағыз коммерциялық жоба. Ядролық отын банкін құруды атом өндірісі саласындағы пайда табудың көзі деп білуге болады. Егер біз ядролық отын банкі жобасын іске асыра алсақ, өздерінде ядролық отын ресурстары жоқ шет мемлекеттер бізге кіріптар болып, өз тараптарынан тиімді ұсыныстар айтатыны айдан анық. Сондықтан бұл табысқа кенелтетін жоба. 
Сөйтіп, Ұлттық ядролық орталық мамандарының байыптауынша, бізге ядролық отынды бейбіт мақсатта ұқсатуды үйрену керек.

Қорқатын дәнеңе жоқ...
Жалпы, ядролық отын банктерін құру, осы мақсатта полигон аймақтарын қолданысқа беру, атом өнеркәсібін дамыту мәселесі сөз болғанда біраз қауымның бұл жаңашылдықты жатсынатыны да рас. Десек те қазірде Кеңес өкіметінен қалған полигон аймақтарының жағдайын, деңгейін, болашағын зерттеу жұмыстары жалғасын табуда. Тіпті қайсыбір зерттеулер ол аймақтарда шаруашылық ісін жүргізуге мүмкіншілік барын да дәлелдейді. Осы ретте мамандардың дені «атом өнеркәсібі атауынан ат үркетін нәрсе емес, тереңіне үңілсек, бұл салада біз өзіндік бренд жинап, шетелге қымбат бағамен ядролық отынды сатуды да, оны жағуды да меңгере аламыз» деседі.

«Бізде Семей полигон аймағы бар. Қазір ол аймаққа да инвестиция салып қажеттілікке беру жағы аракідік көтеріліп қалады. Бір ерекшелігі ол жерде қалдықтарды сақтайтын қоймалар уақытылы жасалып қойылған. Мәселен, бізде медицинада ампулдық радиоизотоптық материалдар қолданылады. Осы препараттарды уақыты өткеннен кейін бір жаққа апарып көму керек. Осындай медицинада қолданып жүрген аппуллалардың 50 мыңға жуығы қазірде сол Семей полигон аймағының қоймасында сақтаулы. Сондай-ақ өнеркәсіпте қолданып жүрген радиоактивті қалдықтарды да сол жерге апарып сақтап көміп отырады. Еске сала кеткен жөн, Ақтаудағы тоқтатылған БН-350 реакторының ядролық отыны да толығымен осы Семей полигонындағы сақтау қоймаларына көшірілді. Демек бізде тек қана Өскеменде емес, Семейде де ядролық отын қоймаларын ашуға мүмкіндік бар. Біз көп елдерде мұндай мүмкіншіліктердің жоқ екенін ескеруіміз керек. Бұл бізге берілген мүмкіндік. Мысалы, бізде уран қоры мол. Бүгінде дүниежүзі елдері уранымызға қолқа сала бастады. Біз үшін шикі уранды өңдеп оны энергиялық отын ретінде сатқан өте тиімді. Бұл ядролық өндірістің пайдалы бағыттарының бірі. Егер меңгере алсақ, ядролық отын жағуды игере алсақ байлығымыз еселенер еді. Бірақ әзірге технологиялық, инновациялық әлеуетімізбен өлшегенде  бұл біз үшін таңсық дүние»,- дейді экономика ғылымының докторы, профессор Жұмаділда Баяхметов.

Қарлығаш Зарыққанқызы  

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір