• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 09:34:19
Алматы
+35°

03 Қаңтар, 2018 Саясат

Кеше ғана арта қалған 2017 жылдың желтоқсан айының соңғы күндері мен 2018 жылдың басы  әлем жұртын тағы бір елең еткізді. Әлем саясатында  аты жиі аталатын Иранда болған наразылық шерулері жұрт назарын өзіне аударды. Елдегі азық-түлік бағасының шарықтауы, жұмыссыздықтың өсуі тәрізді әлеуметтік, экономикалық жағдайға байланысты талаптар қоюдан 28 желтоқсанда Мешхед қаласында басталған шеру ел билігіне қарсы ұранмен Иранның бірнеше аймағында жалғасты. Иранның Қауіпсіздік министрлігі тек тәртіп бұзушылар мен азғырушылардың кейбіреуінің анықталып, қамауға алынғаны туралы хабарлаған. Азаттықтың парсы тілінде хабар тарататын Фарда радиосының 3 қаңтарда таратқан соңғы мәліметтеріне қарағанда, Иранның 70-ке жуық қаласында өтіп жатқан наразылық шерулері басталғалы бері мыңдаған адам қамауға алынып, 21 адам мерт болған. Әлеуметтік желілерде мерт болғандар санының 21 адамнан да көп екендігі және шеруге шыққандар мен полиция арасында қақтығыс орын алып, кеңселер мен көліктердің өртенгені туралы хабар тарады. Жергілікті Полиция күштері мәліметтеріне сүйене отырып, Исна агентігінің хабарлауынша, Иран туын көшеде өртеген бұзақылар ұсталған. Францияның Сыртқы Істер Министрі Иранға осы аптаға жоспарланған сапарын кейінге қалдырды. Осы жолғы қарсылық шерудің басты себебі - елдегі қымбатшылық пен  жұмыссыздық деңгейінің  өсуі дейді. Ресми деректерге сүйенсек,  2017 жылы елде жұмыссыздық деңгейі 12,4 пайызға артқан. Демек, бұл 80 миллионға жуық халықтың 3 миллионнан астамы жұмыссыз деген сөз. Соңғы жылдары бірнеше кәсіпорынның жабылып, жұмыс істеуін тоқтатуы елдегі жұмыссыздықтың өсуіне себеп болды. Жұмыс орындарының жабылуына Иранға салынған түрлі санкциялар әсер етпей қоймады. Сонымен қатар, ел ішінде қымбатшылық пен коррупция белең алды. Мұнымен қоса, үкіметтің миллиардтаған қаржыны Сириядағы, Йемендегі, Ливан мен Ирактағы шииттерге жұмсауына қарсы себептерден  бастау алған шерудің  ұшқыны әр жерде өртке  айналып, шеруге шығушылар мемлекеттің сыртқы саясаттағы ысырапшылдығын да сынға алды. Әлеуметтік желілерде тарап жатқан мәліметтерге қарағанда, шеруге шыққандар билік басындағы көсем, консерватор, аятолла Әли Хаменеиге ғана емес, реформашыл бағыттағы президент Хасан Роуханиге де қарсы ұрандаған. Наразылық шеруінде "Хаменеиге өлім!", "Диктаторға өлім!", "Халықтың ұраны – референдум!", "Реформатор мен консерватор, дәуірің таусылып жатыр!" деген ұрандар айтылған.

Иран билігі желтоқсанның 31-і күні Instagram әлеуметтік желісі мен Telegram мессенджерін бұғаттап, бұл шешімді "бейбітшілік пен азаматтардың қауіпсіздігін" қамтамасыз ету қажеттігімен түсіндірген. Желтоқсанның 30-ы күні Тегерандағы наразылық шаралары барысында 200 адам ұсталған, олардың арасында 40 адамды билік "заңсыз жиынның ұйымдастырушылары" деп атаған. Елдің орталық банкі мен үкіметтің әрекетін қатаң сынаудан басталып, салымшылардың шеруіне ұласып, бұрқ еткен бұл оқиға жайлы  әлеуметтік желілерде түрлі видеолар таралып, әралуан пікірлер айтылуда, оқиғаны асыра жазып жатқандар да бар. Иран десе бір саусағы бүгулі жүретін Америка осындай сәтті қалт жіберіп алсын ба? Шеру басталғаннан бері Америка президенті Дональд Трамп өзінің Twitter парақшасында бірнеше рет рет реакция білдіріп, Иранның барлық жағынан жеңілгенін, өзгеріс сәті келгені жайлы жазды.   1 қаңтар, дүйсенбі күнгі жазбасында ол Иран билігінің әрекетіне тоқтала келе, "Иран халқының жылдар бойы жанышталып келгенін", "адам құқығымен бірге Иранның байлығы да тоналғанын" айтқан. Трамптың пікіріне қосылған Американың өзге де бірнеше саясаткері Ирандағы наразылыққа қолдау білдіретіндіктерін мәлімдеген. Иран президенті Х.Рухани бұл пікірлерге  жауап ретінде Трамптың атын атамай "Америкадағы бұл мырзаның" бірнеше ай бұрын Иран халқын "террорист" деп те атағанын ұмытып кеткенін және оның ирандықтарға жанашырлық танытуға хақы жоқ екендігін айтқан.  А.Хаменеи Иран-ирак соғысында  шейіт болғандардың отбасымен 2 қаңтар, сейсенбі күнгі кезекті кездесуінде сөйлеген сөзінде Ирандағы шерулер жайлы тоқтала отырып, "Жаулар мен олардың дұшпандық әрекеттеріне төтеп беретін нәрсе, ол халықтың батылдығы мен жанкештілігі және имани рухы" екенін атап айтты. Иран билігі осы соңғы жағдайларға сыртқы күштердің әсері бар екенін мәлімдеді. Алайда Ирандағы наразылыққа байланысты Израиль өзінің қатысы жоғын, алайда ирандықтардың талабын қолдайтындығын білдірсе, БҰҰ мен Ұлыбритания, Германия және Еуропа Одағының сыртқы саясат мекемесі басшылары мен өкілдері Иранның елде бейбіт митинг өткізу және шеруге шығушылардың құқығының тапталмауы керектігін ескерткен.  БҰҰ шеруде мерт болғандардың ісін зерттеуге мүдделілік танытты. Шетелдердегі, оның ішінде батыс елдеріндегі иран диаспораларының да Иран халқымен бірге екендіктерін мәлімдегені туралы айтылуда.

Иранда мұндай толқулар ара-тұра бой көрсетіп тұрады. Қызу қанды ирандықтар саясаттан бастап, футбол ойынына жанкүйер болып, көшеде ұрандатып,  шеруге шыға береді. Олар үшін билікке өз талап-тілектерін айтып  көшеге шығу үйреншікті жағдай десе де болады.  Алайда түймедейді түйедей етіп жеткізуге құмар әлеуметтік желілер оқиғаға май құйып, асыра  көрсетуде. Алайда мұндай шерулер биліктің халықпен санасып, қисайып бара жатқан саясатты түзетіп отырары анық. Сыртқы саясат әлемінде досынан дұшпаны көп көрінетін Ирандағы мұның алдындағы бас көтерулер тәжірибесін ескере отырып, бұл жолғы шерулер біраз күннен соң басылады деуге толық негіз бар. Ал Қазақстан үшін Каспий арқылы шектесетін көршіміздің тыныштығы өте маңызды. Қазақстан мен Иранның байланысы жан-жақты дамып келеді. Иран бізден ауыл шаруашылық өнімдерін, әсіресе астықты көп сатып алатын елдің бірі.  Көрші елде соққан дауылдың салқыны бізге де тимесіне кім кепіл?  

 Болатбек Батырхан

Болатбек Батырхан, шығыстанушы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Шығыстану факультеті Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының доценті

Nurgali Nurtay

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір