• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

18 Сәуір, 15:34:34
Алматы
+35°

18 Қыркүйек, 2018 Әлеумет

"Халық банк" салық банкке айналғалы қай заман...

"Халық Банктегі" бедірейген менеджерден сақта, кекірейген бөлім бастығынан сақта, қозғалмайтын кезектен сақта, картаңды қағар есептен сақта!"

"Халық Банктегі" бедірейген менеджерден сақта, кекірейген бөлім бастығынан сақта, қозғалмайтын кезектен сақта, картаңды қағар есептен сақта!"

Бүгінгі заманның батасы осындай. Сол заманды жасап отырған адамы да сондай.

Ата-бабамыздан қалған ел көгертер баталар қандай еді. Бір шолып шығайықшы.

«Далақтатар даудан сақтасын,

Жалақтаған жаудан сақтасын,

Ашыққан бөріден сақтасын,

Ашынған ұрыдан сақтасын!»

Ұрпағын бар жамандықтан сақтауды ниет еткен кез келген ортада қауымның алақанын жайдыртып қойып, көнекөз қария батасын айтқанда бар ынтаңмен «Әумин!» десетін баталарды жоғарыдағыдай «баталармен» алмастырып жатқанымыз көңіл қынжылтады.  

Жә, көп созбалақтамай, бірден іске көшейін. "Халық банк" пен қарабайыр халық туралы жырыма кезек берейін. 

Бабамыз сақтағысы келген сол дау да, жау да, бөрі де, ұры да халық арасында, тіпті сол халыққа «қызмет жасап жүр». Халықтың атын жамылған «Халық банк». Атам айқан дау бүгінгі күні тұтынушылар мен Халық банк қызметкерлері арасында туындап жатыр. Әуелі ол банк халықтың жауына айналып үлгерген. Халықтың ақшасын «жымқырып» жеп жатқан бөрі де сол банк, карточкалардан ақшаны білдірмей өзіне аударып жатқан ұры да сол банк. Халықты ашықтан-ашық тонап жатқан несиенің жыры таусылмай тұрғанда несиесіз-ақ тонап жатқан да сол банк.

Бүгінде "Халық банкке" жарыса арызданып жатқан халықтың қарасы басым. Бірі ондағы кезекті айтып қараяды, бірі «қызмет үшін» деп банк қағып алатын ақшасын айтады, мұнымен таусылмайды. 18 миллион халықтың тең жартысы осы банк арқылы айлық алады, төлемдер мен аударымдар жасайды. Себебі «халық үшін» қызмет етуі тиіс банкпен ұйымдардың басым көбі келісімге отырған. Әлеуметтік желідегі халықтың мұңын көзіміз шалған біз сол мұңның 5 пайызын болса да сайтымызға шығарып қоюды жөн көрдік. Желіге қанша көсіліп жазғаныңмен «Кешірім сұраймыз, олқылықты реттеуге күшімізді салып жатырмыз» деген жауаппен құтылатын "Халық банк" кеңесшілері іске шынайы кіріссе екен деген талап-тілегіміз...

Халықтың уақытын ұрлаған банк

Ел даттаған банкті жуық арада белгілі заңгер Абзал Құспан да сөз етті.  

«Ел мақтаған, «тойыст» даттаған "Халық банкіне" күніміз түскесін біз де келдік. Даттау емес, боқтау керек қой мұндай банкті?! Банк қызметкерлері шенеуніктерден бетер тәкаппар, тұтынушылар құқығы деген түсінік әу баста болмаған ба деп қалдым бұл ұйымда. Мұны айналамдағы адамдардың, яғни банк клиенттерінің айқайы мен банк қызметкерлерінің реакциясына орай айтып отырмын. Әйтпесе, маған екі дүние бір, оффлайнда көп күтуге тура келсе, онлайнға кете саламын», - деп ашынып жазды кезекте уақытын құр өткізіп алған халықтың қамын деп жүрген азамат. Заңгердің жазғанына банк кеңесшісінің жауабы төмендегідей:

Халық банк

Келесі бір арызданушылардың айтқанына назар салсақ...

«Өткенде ісім түсіп, көрместей болып кетіп едім. Бірінші барғанымда екі сағат күтіп, жұмысымды бітіре алмай қайттым үйге. Араға екі-үш күн салып тағы барып, бəлең сағат тосып, əрең аяқтадық. Онда да екі жердегі филиалынан да талон алып, бұрын келер кезекке жүгіріп жүрдік. Қызметкерлердің жайбасарлығы мен жүйесіз жұмысы қаңыңды қарайтады. Сағаттап кезек күткен халықтың өкпе-ренішін сөзбен айтып жеткізу қиын. Халық кеңесшісі, жалтарма жауаппен жұртты алдап шаршамадыңыздар ма?! Басшылықтарыңызға жеткізсеңіздерші. Шара қолдансын. Əйтпесе, азын-аулақ абыройдан да жұрдай болдыңыздар-ау. Комиссиялап халықтың ақшасын жеп ап, енді уақытын ұрлауға көштіңіздер ме? Өй, атыңнан садаға кеткір!» - деп ашуланды жас ақын Шерхан Талап.

"Халық банктегі" кезектің кесірінен 4 күн жұмысынан қалған Өркен Қуандық та ол банкке ендігі аттап баспаспын деп күйініп отыр.

«4-5 сағатың кетеді. Талон аласың да, көзің бақырайып кезегіңді күтесің. Сөйтіп отырғанда кешкі 19:00 болады. Шыдамың таусылғандықтан қайтасың. «Цифрлық Қазақстан» деп қояды. Жай ақша аударудың өзі мұң. Мобильді нұсқасы дұрыс істемей қалатын жағдайлар көп болады. Ал, жарайды аудардың делік. Бірақ қызмет үшін деп 200 теңгеге жуық ақшаңды жымқырып алады».

Мұндағы кезекті банк қызметкерлері «Qazkom-мен" бірігудеміз» деп ақталады. Биыл шілдеде екі банк толығымен бірігіп бітті. Дұрысы, "Халық банк" "Қазком-ды "өзіне қосып алу процесін аяқтады. «Бәрі халық үшін» деді. Алайда қиналып жатқан тағы сол қарапайым халық.

Халықтың ақшасын ұрлаған банк

Халық банк

Міне, бұл "Халық банктен" келген хабарлама. Неге екені белгісіз 10 күнде 500 теңгені қағып алды. Тіпті қандай қызмет үшін алынғаны жазылмаған.

Халық банк

Сұрағанымызда «Шоттан ақша себепсіз ұсталынбайды» деп жауап қатыпты. Ал қандай себеп? Ашып айтыңыздаршы?

Алматы тұрғыны Нұрболат Әлменов әр қимылы үшін ақша алатын банктен ақыры бас тартып, карточкасын екіге бөліп, есігін тарс жауып кеткен екен.

«Халекең» жыл басында 800 теңге «за обслуживание» деп сыпырып алады. Сіз жұмыс істейтін мекемеден жалақы жібергенде ай сайын комиссия алады. Бірлік тексергеніңіз үшін ұстайды, смс үшін тағы. Басқа банкоматтан алғаның үшін тағы. Карточкаға терминал арқылы ақша салсаң, 50 теңге, ал сол ақшаны алған адам соманың 1%-ын амалсыз «садақа» етеді. Осындай халықты «ойлайтын» банк бар ма басқа елде? Әй, жоқ шығар!» деп ашуға булықты.

Мұнымен бітсе игі. Тіпті бірнеше ай пайдаланбаған карточканың өзін қарызға кіргізіп жіберетіні тағы бар.

«Менің бір жылға жуық пайдаланбаған карточкам "-10000" деп қарызды көрсетіп тұр, не үшін?! Оны көріп таң қалдым, бірде бір смс келмеген!» деп күйінді Алтынай Қайса атты банк тұтынушысы.

Халықтың жүйкесін ұрлаған банк

Алматының қайнаған тіршілігінде онсыз да жүйкесі сыр беріп жүрген халық «Халық банкті» жауындай көріп кеткен. Алматы қаласы Әл-Фараби мен Сейфуллин көшелерінің қиылысындағы үлкен ғимарат "Халық банктікі".

Халық банк

Банк ай сайын қорытынды есеп берулер өткізіп әлек. «Бәрі жақсы, несиенің пайызын азайттық, тұтынушылардың саны артып келеді, мәселе жоқ» деп жар салып жатқаны болмаса, халықтың мұңына құлақ асайын деген банкті көрмейсің. Қашан да «Бұл олқылықты реттейміз» деген жауабы дайын тұратын банк шара қолданбаса, халық болып банктен бас тартуымыз ғажап емес.

Gulim Zhaqan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір