• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 15:51:07
Алматы
+35°

13 Қыркүйек, 2017 Саясат

Үшінші дүниежүзілік соғыс КХДР бастаған ядролық соғыс бола ма?

КХДР  мен АҚШ «құздың шетінде би-билеп жүр». Екі елдің біреуі болмаса біреуі құздан құлайтыны анық...

Соңғы уақытта халықаралық жағдайда шиеленісті мәселеге айналған Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламасы аясындағы әңгіме, дау, жанжал, болжамдар толастар емес. Сарапшылардың бір сыпырасы үшінші дүниежүзілік соғыс дәл осы Солтүстік Кореяның қатысуы мен Америка алпауыты арасында болады деп  болжайды..

КХДР ядролық бағдарламаға байланысты шиеленістің отында қайнап, қазанында пісіп жатқанына біраз уақыт, он жылдың көлемі болып қалған екен.  Ал, екі Корея мен Қытай, Жапония, Ресей, АҚШ арасындағы алты жақты келісімшарт 2009 жылы-ақ бұзылған.

 Пхеньянның ядролық бағдарламаны қысқартып немесе одан бас тартатынына күннен-күнге  үміт азайып келеді.   Бұл мәселе төңірегінде нақты нәрсе айту қиын болса да, Qamshy.kz ақпарат агенттігі қазіргі уақыттағы халықаралық аренада болып жатқан жағдайларды есепке ала отырып, саяси сараптама жасап көрді.

«ҚХДР шөп жесе де, өздерінің қауіпсіздікте екендерін сезінбейінше ядролық  бағдарламадан  бас тартпайды» дейді Владимир Путин  осы мәселе төңірегінде. Ол Пхеньянды ядролық қару шығарудан бас тартқызу – аса қиын, тіпті мүмкін емес екенін айтады.

Саясаткер Алексей Пушков КХДР  мен АҚШ «құздың шетінде билеп жүр» деген пікір білдірген. «Осы уақытқа дейін олардың құздан құлап кетпеуінің себебі биді ереже мен талаптарға  сай билеуінен, ал қазір екі жақ та ережелерді бұзып жатыр» дейді ол. Сондықтан екі елдің біреуі болмаса біреуі құздан құлайтыны анық...

АҚШ позициясы - айқын

АҚШ КХДР-ға қатысты нақты позиция ұсынады, ұстанады. Ол – Солтүстік Кореяның  толықтай ядролық қару-жарақ шығарудан бас тартуы. Әрине, бұған Солтүстік Корея келісімін бермесі анық.

Сарапшылардың пікірінше,  АҚШ-тың Солтүстік Кореяға ядролық қарудан бас тартуды ультиматум етіп қоюы күлкілі дүние.  Себебі осыдан екі жыл бұрын Иранның ядролық бағдарламасына қатысты мәселеде АҚШ оны толықтай ядролық қарудан бас  тартуға міндеттеген жоқ. Тек белгілі-бір шектеу ғана қойды да, Ираннан ядролық бағдарламасын тартып алған жоқ.

Ал енді Солтүстік Кореяға қатысты мәселеде АҚШ нақты позициясынан бас тартар емес. Ол КХДР-ді ядролық бағдарламасынан бас тартқызуға мәжбүрлегісі келеді.

Әлемдік БАҚ не дейді?

The New York Times, АҚШ

«Дональд Трамп Барак Обаманың жоқ дегенде бір кеңесіне құлақ асыпты... Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламасы- тез арада шешілуі тиіс мәселе екенін түсініпті.

Алайда, Трамп әлі де Қытайдың КХДР-дің ядролық бағдарламасын жойғызуға қауқарлы емес екенін түсінбей жатқан сығайлы. Ақыр соңында проблеманы шешудің жолы - Солтүстік Кореямен тікелей диалогқа келуге тіреледі.

Қытайды КХДР-ге қарсы қысым көрсетуге итермелеу- жаман емес. Алайда Қытай мен АҚШ арасының бұзылуы керісінше, Солтүстік Кореяның басымдығына жол береді».

«Нихон кэйдзай», Жапония

«Вашингтонның проблеманы араға Ресей мен Қытайды салып шешу мүмкіндігі басым болып тұр. Алайда, Американың басты мақсаты - КХДР-ді қарусыздандыру. Солтүстік Кореямен келіссөзге келу мүмкін болған күннің өзінде, ол құр бос уақыт жоғалту болуы да мүмкін.

Себебі, келісімге келу 100 пайыз қауіпсіздікті кепілдік бере алмайды. Сондықтан егер, келісім де, қысым да көмектеспесе, АҚШ қару қолданады».

The Washington Post, АҚШ

«Ресей өзін ұлы держава ретінде көрсеткісі келеді. Тек өз азаматтары ғана емес, халықаралық сахнада да Ресей өзін мойындатқысы келеді.

Осы орайда Қытай КХДР-ге экспорт жасауды тоқтатқанда Ресей бірден оған көмекке келді. БҰҰ позициясына қол сілтей отырып, Солтүстік Кореяға жақтас бола отырып, Ресей Батысқа қарсы шыққан мемлекеттерді басқарғысы келеді».

Sabah, Түркия

«Негізгі сұрақ, соғыс ядролық бола ма әлде шартты түрдегі соғыс бола ма, сонда. АҚШ 1950 жылы да КХДР мен соғысқан.

Жер шарындағы ядролық соғысты жүргізудегі тәжірибесі бар ел бар болса ол - Америка. Америка бомбалаған Нагасаки мен Хиросима жерлері әлі күнге дейін өз зардабын жойған жоқ».

Шиеленісті жағдайды шешудің жолдары қандай?

Сарапшы Николай Белесков арадағы кикілжіңді шешудің басты жолы- АҚШ-тың Оңтүстік Кореямен қазіргі уақытта жүріп жатқан  біріккен  жаттығу жұмыстарын тоқтату болып табылады дейді.

Себебі Пхеньян бұл жүргізіліп жатқан жаттығуларды өз режиміне нұқсан келтіретін қауіп ретінде қарастырады.

Шындығына келгенде КХДР де, АҚШ та ядролық соққы турасындағы сұсты мәлімдемелерінің кесірінен шиеленістің шектен шығып кететінінен қорқады.

Еске салсақ, 2017 жылдың шілдесінде Солтүстік Корея екі бірдей баллистикалық зымыран ұшырып, артынша зымырандардың Жер шарының кез-келген нүктесіне ұшырылуы мүмкін екендігін мәлімдеп, АҚШ-ты қорқытқан болатын.

АҚШ пен Оңтүстік Кореяда КХДР-дің маңызды әскери, ядролық инфрақұрылыстары мен объектілерін жоюға толық мүмкіндік беретін ресурстары бар.

Алайда болжамдарға сәйкес, АҚШ ол мүмкіндіктерін қолданатын болса, зардап шегушілер мен құрбандар саны миллионнан асып жығылуы мүмкін болып отыр.

Жағдай өте шиеленісті. Бірінші болып қадам жасаған мемлекет тәуекелге барады. Екі жақтың бірі  аяқ асты әрекет ететін болса, құрбандар санының да шектен асып жығылатыны болжалмаса да, анық.

Қытай  америкалықтармен тікелей жақындасуға қорқады. Сондықтан Қытай  егер КХДР соғысты бірінші бастайтын болса, оны қолдамақ емес. Сонымен бірге, Пекин Солтүстік Кореядан келетін босқындар легінен де үрейленеді.

АҚШ "соғысты көксемейді"

АҚШ-тың БҰҰ тұсындағы өкілі Никки Хейли дүйсенбі күні Қауіпсіздік Кеңесінің төтенше отырысында Вашингтонның Пхеньянмен  әскери қақтығысты көксемейтінін жеткізді.

«АҚШ-тың мақсаты- соғыс емес. Алайда, біздің мемлекеттің де шыдамы бар. Біз өз отандастарымыз бен территориямызды қорғаймыз»-деді ол.

Соңғы мәліметтерге сәйкес, БҰҰ  дүйсенбі күні КХДР-ге қатысты жаңа санкциялар резолюциясын қабылдады.

Санкциялар бойынша, Пхеньянға экспорт пен импортқа шектеу қойылады.  КХДР-ға мұнай өнімдерін жеткізуге тыйым салынды. Сонымен бірге, шикі мұнайды жеткізуге шектеу қойылатын болады.

Қалай болғанда да, АҚШ өзі қадам жасағанға қарағанда Ресей мен Қытайды КХДР-ға қарсы санкция енгізу арқылы қысым көрсетуге ниетті. Алайда мұндай  жағдайда екі жақтың келісімге келуі тым  ұзақ уақытқа, тіпті ұзақ жылдарға созылуы мүмкін.

 Назерке МҰСА

Nazerke Musa

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір