• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 02:17:22
Алматы
+35°

31 Мамыр, 2017 NEWS

ҰМЫТЫЛМАҒАН ЗҰЛМАТ... АЛМАТЫДА АШАРШЫЛЫҚ ҚҰРБАНДАРЫНА АРНАП ЕСКЕРТКІШ АШЫЛДЫ

Бүгін Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні Алматыда 1931-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандары ескерткішінің ресми ашылу салтанаты болды, - деп...

Бүгін Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні Алматыда 1931-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандары ескерткішінің ресми ашылу салтанаты болды, - деп хабарлайды Қамшы тілшісі.

Бұл шараға репрессия мен ашаршылыққа ұшырағандардың ұрпақтары, қоғам қайраткерлері, ғалымдар, қала белсенділері мен жастар жиналды.

Ескерткіштің ашылу рәсімінде күңіренген қобыз үні сарнап тұрды. Жиналған қауым ескерткіштің ашылу рәсімін бір минуттық үнсіздікпен бастады. Айта кетсек бұған дейін «Мемлекеттік дәрежеде, жалпы Қазақстан бойынша 1 минут болса да, үнсіздікпен, қозғалыстағы көліктер тоқтап, мысалы 31-і күні таңғы 10:00-де әлемге зобалаңның ұмытылмағанын көрсетуіміз керек» деген, жаплыреспубликалық үнсіздікке шақырған бастама көтерілген болатын.

Ескерткішті арнайы ашқан Ескерткіштің ашылуында сөйлеген Алматы әкімі монументтің Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен ашылып отырған айтты.

«Біз осы ескерткішті жасауға байқау жариялаған едік. Оған жалпы саны 21 жоба түсіп, көпшіліктің, арнайы мамандардың талқылауына ұсынылды. Астанадағы мемлекеттік комиссияның ұйғарымымен жобалардың ішінен баласын кеудесіне қысқан Ана бейнесі жеңімпаз деп танылды. Ана - барша тіршіліктің қайнар көзі, ұлттың ұйтқысы, келешектің кепілі. Ана қасіреті - ел қасіреті. Аштықтан бұратылған болашағын - өз сәбиін құшақтаған Ананың қайғылы хәлі сол кезеңде өмір мен өлімнің арасындағы қазақ халқының басынан кешкен талайлы тағдырын шынайы бейнелейтіндей. Ашылғалы отырған ескерткіш өскелең ұрпақтың жазықсыз шейіт болған ата-бабалар мен аналардың рухына бас иіп, Тәуелсіздіктің тәттілігін, азаттық пен бейбіт өмірдің баға жетпес байлық екенін ұғына білетін киелі орын болсын деп тілейміз! Бұл ескерткіштің мәні - өткендер рухына тағзым, ал, болашақ үшін – тағылым», - деді Бауыржан Байбек.

Шараға қатысқан Ашаршылық пен қуғын-сүргін құрбандарының қоғамдық ұйымының төрағасы Жұмабек Ашуұлы:

«Бүгін ерекше күн болып отыр. Осыдан 25 жыл бұрын дәл осы жерге қаратас орнатылған болатын. «Ашаршылқ пен қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш қойылады» деп. Содан бері талай әкім ауысты. Бірақ уәдеден басқа ештеңе орындалмап еді. Былтыр дәл осы жерде Алматы қаласының әкімі Бауыржан Қыдырғалиұлы осы жерде келесі жылы 31 мамырда ескерткіш қойылады деп халықтың алдында уәде берді. Уәдесінде тұрды. Мен Бауыржан Байбек мырзаға қауымдастықтың атынан, миллиондаған ашаршылық құрбандарының атынан мың да бір рақметімді айтамын. Осы жерге жиналған халық «бұл ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш, саяси репрессия құрбандарының ескерткіші қайда?» дейді. Ол саяси құрбандарына арналған ескерткіш – мына тұрған сұр үй НКВД(КГБ) үйі. Сол НКВБ үйі қайтадан мемлекет қарауына мұражай ретінде өтіп, мемлекет басшысының 2000 жылы бекіткен жобасы бойынша Чайковский, Наурызбай көшелерінің арасындағы аллеяның екі бетінде атылған адамдардың есімі мәрмәр тасқа ойып жазылуы керек болатын. Осы тұрған саябақ Қазақстандағы қуғын-сүргін саяси құрбандары мұражай кешені ретінде бекітулі керек болатын. Бұл іске асады деп ойлаймын» деді. Оның сөзінше бұл ескерткіш нәубет пен зұлмат жылдар құрбандарына тағзымның басы ғана. 

1931-1933 жылдардағы аштық құрбандарының ескерткіші «Қарағайлы» саябағындағы Қабанбай батыр мен Наурызбай батыр көшелерінің қиылысына орналасқан. Қола мен граниттен жасалған, биіктігі 3 метр бұл ескерткішті сәулетшілер Қанат Бегулиев, Айдос Бүркітбаев және Дулат Үсенбаевтар жасады.

Президенттің 1997 жылғы Жарлығы бойынша 31 мамыр репрессия құрбандарын Еске алу күні болып жарияланған.

Тәуелсіз Қазақстанда 1998 жылы - «Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы» деп жарияланып, ашаршылық, репрессия жылдары туралы бұқаралық ақпарат құралдарында көптеген мақалалар жарияланып, игі шаралар ұйымдастырылды, тоталитарлық идеология әшкереленді.

Алайда, Ресей Қазақстанға қолдан жасаған аштық зобалаңы мен саяси репрессиясын ресми түрде мойындаған жоқ.

Осыдан 5 жыл бұрын 31 мамырда Астанада «Ашаршылық құрбандарына ескерткіш» ашылды. Сондай-ақ Астанада «АЛЖИР» мұражай кешені ашылған, ал, Алматы облыс Жаңалық ауылында ашаршылық құрбандары мен репрессияға ұшырағандарға монумент қойылған. 

Nazerke Labihan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір