• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 02:58:30
Алматы
+35°

20 Қараша, 2018 Аймақтар

Ұлттық бірыңғай тестілеудің ерекшеліктері мен оның тиімділігі

1999 жылы енгізілген Ұлттық бірыңғай тестілеу өзін ақтаған жүйе ретінде айтсақ болады

1999 жылы енгізілген Ұлттық бірыңғай тестілеу өзін ақтаған жүйе ретінде айтсақ болады. ҰБТ арқасында мектеп бітірушілер үшін бірдей мүмкіндіктер пайда болды. Қазақстан бойынша барлығы 154 тестілеу орталығы бар. Олардың 49-ы жоғары оқу орындарында болса, 105-і ауылдық жерлерде, яғни аудан орталықтарында орналасқан.

ҰБТ мынандай мүмкіндіктер береді:

  • Бірыңғай бақылау көрсеткіштері мен бірыңғай технология бойынша әділ баға беріледі.
  • Гранттарға қолжетімділікті әлеуметтік жағынан әділетті өтеді.
  • Тұрғылықты жерден шықпай-ақ жоғары оқу орнына түсуге және сол арқылы қаржы үнемделеді.
  • Оқушылар ҰБТ пәндерін оқуға талпынады.
  • Мұғалімдер жұмысын жетілдіруге тырысады.
  • Мектептегі білім деңгейін саралауға өз септігін тигізеді.

Ұлттық бірыңғай тестілеу қаншама жылдан бері сәтті өткізіліп келе жатса да ол туралы мынандай теріс түсініктер қалыптасқан.

  • Лотерея ойынына ұқсайды.
  • Шын білім беру жүйесін қалыптастырмайды.
  • Оқушыларда көп стресс болады.
  • Әлемде көптеген елдер тестілеу жүйесінен бас тартуда.

Енді осы мәселелерді қозғап көрейік.

Біріншіден, кездейсоқ жоғары балл алып кетудің ықтималдығы өте төмен. Арнайы дайындалып, машықталмаған оқушы қалай болғанда да кездейсоқ жағдайда жоғары балл ала алмайды.

Екіншіден, оқушы ҰБТ-ға дайындалу барысында ұстаз тарапынан оны «сүйрелеу» болмайды. Оқуға дайындық творчестволық әдіспен жүргізіліп, оқушының қызығушылығы мен шабыты туады. Жіберілген қателермен жұмыс жүргізіліп, талданады. Осыдан кейін оқушының алған білімі пысықталып, шыңдалады және жақсы нәтижелерге жете алуына мүмкіндігі көп болады.

Үшіншіден, ҰБТ кезінде оқушы өзін психологиялық тұрғыдан дұрыс ұстай алуы үшін мектеп психологтары мен мұғалімдер қосымша жұмыстар атқарады. Бірнеше рет тестілеу жұмыстары мектеп қабырғасында өткізіліп, балалар психологиялық және техникалық жағынан машықтантандырылады. Оған қоса ата-аналарымен де қосымша кездесулер өткізіліп, олар тарапынан болатын қолдаудың маңыздылығы түсіндіріледі.

Төртіншіден, әлемдегі 193 елдің 120-сында ілім беруді бағалау үшін тестілеу әдісі пайдаланылады. 1975 жылы құрылған, құрамында 41 елден 400 мүшесі бар Білім беруді бағадлайтын Халықаралық қауымдастық осы әдісті құптаған. Бұл ұйымның құрамына Қазақстан 2007 жылы кірген. АҚШ халқының 90 %-ы осы тестілеу жүйесімен білім алған және онда студенттер мен оқушылар жыл сайн тестілеуден өтеді. Ресей Федерациясында Бірыңғай мемлекеттік емтихан деп аталатын тестілеу жүйесі мектеп бітірушілер үшін міндетті санатына жатқызылған.

Біраз жылдан бері Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті құрылғалы бері ҰБТ жүйесінде кемшіліктер азаюда. Аталған комитеттің аймақтық департаменттері тестілеу кезінде, әсіресе кемшіліктер орын алған жерлерде қатаң бақылау жүргізіп келеді. Ереже бұзушылықтар мен технологиялар қажетті деңгейде жұмыс істемейтін жағдайларда департамент мамандары жедел түрде анықтап, оларды жою үшін шаралар қолданады.

Ұлттық бірыңғай тестілеудің үйлестіру жұмыстарын жүргізу үшін облыстар мен республикалық деңгейдегі қалалардың білім басқармаларының негізінде штабтар құрылған. Олар төмендегідей үйлестіру жұмыстарымен айналысады:

  1. ҰБТ өткізу және аппеляциялық шағымдармен жұмыс істеу.
  2. Халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын өткізу.
  3. Тестілеу кезінде металл іздегіштер, ұялы байланыс сигналдарын өшіру және бейнебақылау құралдарының жұмысын жүргізу.

ҰБТ өткізу үшін Мемлекеттік комиссиялар құрылып, олар Қазақстан Республикасының «Білім туралы», «Мемлекеттік құпиялар туралы», «Жемқорлықпен күрес туралы» заңдар және ҰБТ ережелерін басшылыққа алады. Комиссия құрамында 5 адам жұмыс істейді. Олардың құзырындағы жұмыстар мыналар:

  1. ҰБТ мәселелерін халыққа түсіндіру.
  2. Жергілікті атқарушы билік органдары және білім беру мекемелерімен бірлесіп тест тапсырушылардың тұратын жерлерін, тамақ ішуін және барып-келуін қамтамасыз ету.
  3. Медициналық қызметкерлер жұмысын қамтамасыз ету.
  4. Электрмен жабдықтау және телекоммуникация құрылғыларының тоқтаусыз жұмысын қамтамасыз ету.
  5. Кезекшілер құрамын бекіту.
  6. Кезекшілердің тестілеуде болуын қамтамасыз ету.
  7. Қоғамдық тәртіпті, тестілеу кезінде металл іздегіштер, ұялы байланыс сигналдарын өшіру және бейнебақылау құралдарының дұрыс жұмысын қамтамасыз ету.
  8. ҰБТ өтетін ғимараттан жарылғыш-тұтанғыш заттардың бар-жоғын тексеріп қарап шығу.
  9. Білім және ғылым министрлігі өкілдері мен аппеляциялық комиссияның дұрыс жұмысын қамтамасыз ету.
  10. Тестілеу өтетін дәрісханаларды санитарлық-гигиеналық нормаларға сай екендігін, тиым салынған заттардың болмауын қарап Тексеру актілері бойынша қабылдап алу.
  11. Білім және ғылым министрлігінің өкілдерімен мүмкіндігі шектеулі адамдарға арнайы дәрісханалар бөлінуін қамтамасыз ету,
  12. Тестілеу өткен күні сұрақтардың дұрыс жауаптарын, емтихан аппеляциядан өткен және өтпеген тізімдемелерін көрнекі жерге іліп қою.
  13. ҰБТ қорытындысы бойынша сертификаттар беру, тестілеу біткендігін хабарлау немесе ереже бұзылған жағдайларда штабты хабардар ету.

Ұлттық бірыңғай тестілеу тапсыру үшін 120 сұрақ беріліп, 3 жарым сағат уақыт бөлінеді. Тестілеу қорытыныдысы бойынша барлығы 140 балл жинауға болады. Жоғарғы оқу орнына түсу үшін өтпелі балл 50-ден кем болмауы керек. Бұл талап келесі жылдары өзгеруі мүмкін. Тестілеуді қайта тапсыруа биыл тамыз айында рұқсат берілді. Дәрісхана ішіне тест тапсырушылардан басқа тек Білім және ғылым министрлігінің өкілі мен жоғарыда айтылған Мемлекеттік комиссия мүшелері ғана кіре алады.

Тест тапсырушы басқа біреумен сөйлесуіне, басқа орынға ауысып отыруына, көшіруіне, тест материалдарын басқа біреудікімен ауыстыруына, дәрісханаға тиым салынған оқулық, шпаргалка, әдістемелік әдебиет, калькулятор, мобильді құрылғылар мен гаджеттерді алып кіруіне рұқсат етілмейді. Бұл ережелерді бұзған жағдайда Білім және ғылым министрлігің өкілі тест тапсырушы нәтижелерінің күшін жояды. Бұдан кейін мектеп бітіруші дәстүрлі емтихан тапсыру арқылы аттестация тапсырады және келесі жылға дейін жоғары оқу орнына тапсыру мүмкіндігінен де айырылады

Даулы жағдайлар мен қорытынды нәтижелерге көңілі толмай шағым болған кездерде аппеляцияларды қарау жөніндегі республикалық және жергілікті комиссиялар жұмыс істейді. Берілген арыз-шағымдардың қаншалықты негізді екені тексеріліп, қосымша балл қосылу-қосылмайтыны туралы шешімді Республикалық комиссия шығарады.

Осы аталған жағдайлардың барлығын қорытындылай келе және әлемдік тәжірибеге сүйенсек Ұлттық бірыңғай тестілеуге тиісінше балама болатын жүйе әзірге болмай тұрғанын айту абзал.

Секен НАЗАР

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір