• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Сәуір, 10:16:24
Алматы
+35°

22 Тамыз, 2018 Әлеумет

"Ұлттық банк Елбасының еңбек демалысын пайдаланып, халықты қанап отыр"

Халық алданбау керек. Теңгенің тұрақсыздығын тоқтатудың түрлі жолдары бар.

АҚШ Ресейге алғаш рет санкция салып тұрған жоқ. Осыдан 4 жыл бұрын да Барак Обама Ресейге санкция жариялаған болатын. Бұл жайттың астарында белгілі бір саяси жағдай бары анық. Алғашында Путин АҚШ-тың енгізген санкциясын менсінбегенімен рубльдің құны төмендей бастады. Хош, біздің айтарымыз АҚШ пен Ресейдің арасындағы мәселе емес. Тек қана осы салынып жатқан санкция біздің елге қалай әсер етіп жатыр? Ұлттық валютамыздың құнсыздануына аталған саяси жағдайдың қандай әсері бар?

2018 жылғы 9 тамызда теңге бағамы өткен күнмен салыстырғанда бір АҚШ доллары үшін 354,06 теңге деңгейіне дейін немесе 1,6 пайызға әлсіреді. Бұл Ресейге қатысты санкцияларды қатаңдату тәуекелдерінің күшеюі және мұнай бағасының төмендеуі аясында рубльдің құнсыздануының салдарынан болды. Бұл Ұлттық банктің биылғы жылдың 9-тамызында берген мәлімдемесі. Алайда теңгенің әлсіреуіне қатысты көптеген экономист пен сарапшылар түрлі пікір білдіріп жатыр. Бірі Ұлттық банктің төрағасын кінәлап жатса, енді бірі Ресей мен АҚШ-тың саяси жағдайына «кінә артып», әліптің артын бағу керектігін айтты.

Рубльдің құлдырауы теңгенің әлсіреуіне әкеп соқты

Атамұрат Шәменов

Белгілі экономист Атамұрат Шәмен еліміздегі теңге бағамының төмендеуінің негізігі себебін АҚШ пен Ресей арасындағы саяси мәселемен байланыстырады. Оның айтуынша, теңге рубльге тәуелділігін есепке алсақ, сонымен бірге Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымы мен Еуразиялық Одаққа мүше болғаннан кейін әлемде болып жатқан саяси жағдайлар біздің елге әсер етпей қоймайды.

«Ресей мемлекетіне АҚШ тұрғысынан салынып жатқан санкциялардың қатаң түрде берілуі доллар бағамының ойнауына әсер етуде. Қазақстан мен Ресейдің қарым қатынасында экспорттан гөрі олардан келіп жатқан импорттың ауқымы көп болғандықтан олардағы рубльдің құнсыздануы бізге өз әсерін тигізбей қоймайды”, - дейді экономист.

Теңгенің әлсіреуі – еліміздегі шенді-шекпенділердің ойыны

Азаматхан Әміртай

Ал кәсіпкер әрі қоғам қайраткері Азаматхан Әміртай теңгенің әлсіреуі белгілі бір шенді шекпенділердің қолдан жасап жатқан әрекеті деп есептейді. Ұлттық банктің де бұл іске тікелей қатысы бар-мыс.

«Біріншіден осыдан бірнеше күн бұрын доллар тез бірден көтеріліп кетті. Ұлттық банк долларды көтерген кезде «Доллар бос айналымда» немесе осыған ұқсас нанымсыз ақпараттарға сүйеніп доллар бағамының көтерілгенін бақылаусыз қалдырды. Осыдан кейін-ақ бұл арнайы адамдардың жұмысы екені түсінікті шығар. АҚШ Ресейге санкция жариялады. Әлемдік биржа Ресейдің компаниялары құнсызданатынын біледі. Сол кезде біздегі арнайы адамдар Ұлттық банкпен байланыс орнатып долларды көтеріп жатыр. Себебі әлгі арнайы шенді шекпенділер кезінде долларды арзан бағада сатып алып қойып пайда тауып отыр.

Бұл жерде ақша ойыны бар екені анық. Теңгенің құнсыздануы – олигархтардың ойыны. Ұлттық банкпен байланыс орната алатын үлкен оллигархтар осы ойынның басты ойыншылары.  Ал Ұлттық банк осыған жағдай жасап қойып отыр. Ұлттық Банк - тек қана Елбасыға бағынатын ең үлкен мекемелердің бірі. Ұлттық банк қызметкерлерінің жұмысына Үкімет басшысы да, басқалары да «қой» дей алмайды. Ал енді теңге құлдыраған кезде Елбасы еңбек демалысында болды. Ұлттық банк осыны пайдаланып олигархтарға ақша жасап беріп отыр. Енді доллар көтерілгелі менің есебім бойынша оллигархтар 40-50 млрд теңге пайда тапты.

Біздегі экспорт жер асты байлығымен тікелей байланысты. Шағын орта кәсіпкерліктен сыртқа шығып жатқан өнімдер мүлдем жоқтың қасы. Біз жер асты байлығымызды шет елге долларға сатып жатырмыз. Жылына 70 млн тонна мұнай сатамыз. Ал енді есептейік, 1 баррелдің құны 73 деп есептесек бізге 50 млрд доллар пайда түсіп тұр. Тек мұнайдан ғана біз долларлап пайда тауып отырмыз. Біз 200 млрд долларлық «Қашаған» жобасын жүргізіп жатырмыз, сонымен бірге елімізде 100 мыңға жуық шетелдік жұмыс істейді. Олардың әрқайсысы жылына 5 мың доллар жұмсайды дегеннің өзінде біздің экономикамызға 500 млн доллар пайда түсіп тұр. Одан кейін бидай 1 млрд долларға шетелге сатылады, сондай-ақ біз Қытайды газбен қамтамасыз етіп отырмыз. Енді біздің елдің экономикасына доллар кіріп жатыр. Сондықтан біздің экономикамыз бен Ресейдің экономикасының арасында айтарлықтай байланыс жоқ», - дейді Азаматхан Әміртай.

Енді қайтпек керек? Теңге құнсызданды деп қарап отыра бермейтін шығармыз. Қандай шараларды қолдану керек деген сұраққа жауап іздеп көруге тырыстық. Қос тараптың жауаптары тағы да бір-біріне қарама-қарсы болып шықты.

Теңгенің құнсыздануынан трагедия жасаудың қажеті жоқ

– Мен жақында бір сарапшы-сымақтардың пікірін естіп қалдым. Олар «теңгенің құнын жоюға болмайды» деген сықылды әңгіме айтып отыр екен. Алайда Келімбетов кеткеннен кейін бірнеше миллиард долларды біз теңгені ұстап тұруға жұмсадық. Иммидж үшін, теңгенің құнын жай ғана ұстап тұру үшін миллиардтаған ақшамыз құрдан құр далаға кетті. Кейін теңгені ұстап тұрған ешкім жоқ, теңгенің бағамы жіберілді. Бірақ соңғы жылда мемлекет төңірегінде Ұлттық банк интергенция жасап теңгенің бағамын ұстап тұруға тырысты. Ал енді теңге ойсырап құлап жатқан жағдайда иммиджге жұмыс жасауды қойып, проблема жасауды доғару керек. Менің ойымша, біздің экономикалық жағдаймызға байланысты, Ресеймен қарым-қатынасымызға байланысты теңге 400-ге баруы мүмкін. Одан енді трагедия жасаудың, Қазақстан үкіметіне теңге бағамын тұрақты ұстап тұру үшін қаржы жұмсаудың қажеті жоқ.

Қазір теңгені ойнатып, саудалық интергенция жасап жатқан екінші деңгейлі банктер. Олар өздері ақша табу үшін түрлі қулықтар жасап жатыр. Үкімет осы мәселені қарастырып, қолға алғандары жөн.  Менің ойымша, қазіргі уақытта шағын орта бизнестің халықты жарылқап жатқанын өз басым көрген жоқпын. Олар тек өз пайдасын ойлап әлек. Сондықтан үкімет қазір әлеуметтік қорғау мәселесіне баса назар аудару керек. Зейнеткерлеріміз бар, тұрмысы төмен, мүгедек, көп балалы аналарымыз бар - осылардың барлығына төлемақыларды беру, әлеуметтік ең қажетті тағам мәселесіндегі бағаны орынсыз көтерілуіне жол бермейтіндей шаралар қолдануы керек.

Өткен айларда біздің теңгеміз 335-360 аралығында, интервенциядан кейін 300-ге дейін түсті. Сол кезде "доллар түсті, енді біздің де тауарларымыздың бағасы төмендейді" деген кәсіпкерлер мен саудагерлерді көрдіңіз бе? Мен өз басым көрмедім, естімедім. Ал қазір доллар шамалы өсіп еді, доллармен тауар айналымын жасамайтын саудагерлердің өзі тауарларының бағасын көтеріп жатыр. Яғни тауарды өз ішімізден алып өзімізге сатып жатыр. Сондықтан Қазақстандағы жабайы сауданы, жабайы сауда арқылы халықты қанау мәселесін ҚР Үкіметі мен халқы бірлесіп қолға алуы керек. Жайдақ түрде ешқандай жауапкершіліксіз шағын орта бизнеспен айналысатын кәсіпкерлер мемлекет тексермегендіктен өз пайдасын ғана ойлап, құтырып, ойларына келгенін істеп жатыр. Оларды нанның орнына ағаштың ұнтағын сатса да ешкім тексеріп жатқан жоқ. Міне, осы мәселеге қазір қатты мән беру керек. Әлеуметтік мәселелерге, азық-түліктің бағасын орынсыз қымбаттатуға, ауылдан келетін тауарларды қалаға әкеліп сатуға мүмкіндік берілуі қажет. Өзіміз өндіріп, өзіміз пайдаланған кезде ғана ешкімнің долларда шаруасы болмайды.

Қазір 7%-бен несие беретін түрлі бағдарламалар былтыр желтоқсан айында қабылданды, бірақ бағдарлама дұрыс жүргізілген жоқ. Себебі екінші банктер бұл шешімге көнбеді. Бірақ сол бағдарламаларды дұрыс жүргізіп, халыққа несие арқылы ақша беруі тиіс. Қазіргі кезде бұл тығырықтан шығудың көптеген жолдары бар, тек билік сол жолдарды дұрыс пайдаланып, жұмыс істей білуі керек.

Экономика және қаржы министрі галстугын шешіп, етік киюі керек...

Түсінікті болу үшін тағы да бір мысал келтірейін, Экономика және қаржы министрін Қызылорда немесе оңтүстіктегі елді мекенге галстугын шешкізіп, аяғына етік кигізіп бір аптаға іс сапарға жіберіп, су ағып жатқан арықты көрсету керек. Мысалы, су ағып жатқан арықтың бір бөгетін жапсақ, судың ағысы күшті болғандықтан басқа бір жерді бұзып кетеді. Экономикада да осындай. Министр осыны өз көзімен көрмесе ештеңе бітірмейді. Қазір доллар мен теңге мәселесі арыққа құйған су секілді өршіп тұр. Әлгі тіреліп тұрған мәселені тарату үшін оның жанынан қосымша арықтар қазу керек. Сөйтіп жиналып қалған мәселелерді жоғарыдағы мен айтқан түрлі жолдарды дұрыс пайдалансақ таратып, шешу қажет.

Қазір әркім өзінің ойына келгенін еркін айта алады. Ешкімнің аузын байлап отыра алмайсың. Теңгенің құны 400-ге барады деп өзім болжап отырмын, одан асып кетуі мүмкін емес. Бірақ билік ешқандай шара атқармай, жабайы сауданы ауыздықтамай теңгенің басын жіберіп қойса, 500 түгілі 1000-ға кетіп қалуы да әбден мүмкін. Бірақ теңгенің құны 500 болады деп айтқандарда ешқандай негіз жоқ. Себебі алдағы уақытта қандай шаралар қолға алынатынын ешкім білмейді.

Бұл жағдай жылдың соңына дейін жалғасуы мүмкін. Бірақ барлығы бірден болмайды, ақырындап орнына келеді, - деп айтты Атамұрат Шәмен.

Біз үшін теңгені тұрақтылықта ұстап тұру маңызды

– Біздің ұлттық валютамызды тұрақтылықта ұстап тұруға болады. Бұл мүмкін дүние. Біз не үшін теңгені тұрақтылықта ұстап тұруымыз қажет?

Өйткені доллардың қымбаттауы психологиялық тұрғыдан халыққа әсер етеді. Барлық тауарлардың бағасы қымбаттайды. Осындай реакция өршіп кетпес үшін біз экономикалық тұрғыда тұрақтылықты сақтап тұруымыз қажет. Сол кезде шағын және орта кәсіпкерлік те тұрақтылықты сақтап тұрады. Ал доллар көтерілген кезде барлық тауарлардың бағасы көтеріледі, ал қарапайым халық жалақысын теңгемен алғандықтан көбірек шығынға ұшырайды.

Тағы бір айта кетерлігі, қазақстандық БАҚ өкілдірінің көбісі халықты девальвацияға дайындап жатыр. Белгілі бір адамдардың тапсырмасымен халықты көтермес үшін «Девальвация бізге қажет» деп ақпарат таратып жатыр.

АҚШ-тың Ресейге санкция жариялағанын білесіздер. Әлемде қырғи-қабақ соғыс басталып кетті. Ресейдің валютасының құны төмендегенімен, бұл Қазақстанға әсер ете алмайды. Себебі біз мұнай секілді қазба байлықтарды рубльмен емес, доллармен экспорттап жатырмыз. АҚШ Ресейге санкция салғандықтан теңгенің құны әлсіреп жатыр деген ақпарат – жалған, өтірік әрі еліміздегі шенді шекпенділерге жасалып жатқан пайдалы ақпарат. Біздің резервті фондта ақша бар, мемлекет экономикалық тұрғыдан өз-өзін қамтамасыз ете алады.

Мысалы, Қырғызстан Ресей еліне Қазақстаннан да қатты тәуелді. Себебі оларда мұнай секілді экспорт жоқ. Қырғыз елі киім кешек секілді өз тауарлары мен жұмыс күшін ғана Ресейге экспорттап отыр. Олардың валютасы рубльге тәуелді болса да тұрақтылықты сақтап тұр. Осы айқын мысал бола алады деп ойлаймын. Халық алданбау керек. Теңгенің тұрақсыздығын тоқтатудың түрлі жолдары бар. Алайда Ұлттық банктің қызметкерлерінің барлығы доллармен жалақы алғандықтан ешқандай нақты шара қолданбай жатыр, - дейді белгілі кәсіпкер Азаматхан Әміртай.

Әсел Болатқызы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір