• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 08:58:57
Алматы
+35°

26 Қараша, 2018 Ғылым-білім

Ұлықбектің замандасы Генрих Португалияны қалай державаға айналдырды?

Мауереннаһрда 36 жыл патшалық құрған Ұлықбек өз баласының қолынан өлім құшты.

 

 ♦«Ұлықбектің трагедиясы» немесе «Американың ең үлкен ұрлығы»

Сонымен жабылып жүріп Ұлықбекті өлтірдік. Құсшы, Руми секілді ғалымдардың ізіне шырақ алып түстік.  Дәл осы уақытта неміс өнертапқышы Гутенберг өзінің баспа станогын әзірледі. Ең алғаш христиандардың қасиетті кітабы Інжіл басылып шықты. Антика, Қытай, Араб цивилизациясынан кейінгі жаңа дәуір осылай басталған еді.

Кітап басу станогының жарыққа шығуы бұл нағыз ғылыми революция болатын. Енді бір кітап жазу үшін жылдар бойы көз майыңды тауысудың керегі болмай қалды. Бір кітапқа 300 қой терісін пайдаланған дәуір енді келмеске кетті. Гутенбергтің тамаша жетістігінен соң кітап басу үйреншікті шаруаға айналды. Ендігі жерде кітап басу мен оны жинақтауда Еуропа Қытайға жетіп қана қоймай, оны басып озуға ұмтылды. Берлин қалалық сарайы бой көтерді. Барселона университетінің негізі қаланып, жер-жерден студенттер ағылды. Ал қазақ даласына баспа станоктары қашан келгенін есіңізге алыңызшы? XIX ғасырда ма?

Мауереннаһрда 36 жыл патшалық құрған Ұлықбек өз баласының қолынан өлім құшты. “Заманының Платоны” атанған Ұлықбек Азияның соңғы үміті болатын. Ол  тумысынан тәж бен тақтың адамы емес еді. Оны заманы, өмір сүрген ортасы мәжбүрледі.

Оның обсерваториясы нағыз ғажайыптың өзі болатын. Сырттай қарағанда үш қабатты үйдің биіктігіндей көрінгенімен оның биіктігі тоғыз қабатты үй (40 метр), диаметрі 50 метрден асып жығылатын. Ғимараттың ішкі көрінісіне келер болсақ, қабырғаларда тоғыз аспан денесі, жеті планета, жердің табиғи белдеулері сызылған схемаларға толып тұр. Бүйірлері мәрмәрмен қапталып, әрбір қабаты отыз екі ойықтар салынып безендірілген. Атасы Әмір Темірдің жер жаһандағы кітап қоймаларынан үптеп алған бай кітап қоры жасақталды. Мұнда «екінші Птоломей» атанған Әли Құсшы, Руми сияқты атақты ғалымдар мен философтар жұмыс істеді.

Осынау Азияның ғажайып университетін салған Ұлықбек дін атын жамылған кісі өлтірушілердің  жаласына ұшырады. Ол туған ұлы Әбд Латифпен одан әрі соғысуды қаламады. Осылайша ұлының сарайының алдына келіп басын иді. Әбд Латиф өз әкесін шайхылар сотына тартып, жауыз деп қаралады. Осы әділетсіз сотта Ұлықбек өзінің бір ғана тілегі барын айтады. Ол алтын тақтан, билік пен байлықтан түгелдей бас тартып, тек Самарқанда ғылыммен айналысуды өтініп сұрайды. Діншілдер оған ақиқаттан алыстап кеттің, сол себепті киелі Меккеге қажылыққа барып, өз ойыңды тазарт деп үкім шығарды. Алайда құпия сот мүшелері атақты ғалымды әлдеқашан өлім жазасына кесіп қойған еді. Арада үш жыл өтпей Хұсырау қажымен жолға шыққан Ұлықбектің басы шабылды.

Ұлықбектің өзі өлгенімен, оның 40 метрлік ғажайып обсерваториясы Самарқанда асқақтап тұруы діншілдерге тыныш ұйқы бермеді. Енді олар осы қауқиған өздеріне түсініксіз құрылыстың қайтсе де көзін жоюды ойластыра бастады. Осылайша олар Ұлықбекті еске салатын белгі қалмауы керек деген пәтуа шығарады. Молданың сөзін естіп алған көкірегі көр қала халқы дәруіштердің соңынан еріп, ғимараттың үстіне өрмелеп шыға бастайды. Біреуінде күрек, енді бірінде кетпен мен балта ұстаған бейбақтар мәрмәрмен қапталған Азия жауһарын балталай бастады. Аса ыждаһаттылықпен салынған құрылыс шаруалар мен зиянкестердің бұл ісіне айтарлықтай бүліне қоймаса керек. Осының бәрін сарайында тамашалап тұрған Әбд Латиф ғимарат үстіне қабырға қиратқыш машинаны шығаруға әмір етті. Күн батуға таяғанда алып ғимараттың гүрс етіп құлаған қабырғасы жерге жалп ете түсті. Осымен іс тынды. Діншіл соқырлар өз қараңғылықтарын әйтеуір қорғап қалды.

Еуропада Қайта өрлеу бүр жарып жатқанда Орта Азия Ренессансты жерлеп тынды.

Ұлықбектің замандасы Генрих Теңізші атты португал ханзадасы болған. Португалия өзінің «Алтын ғасыры» үшін осы адамға қарыздар. Бұл атақты I Жуан корольдің ұлы еді. Бірақ ол бауырларымен таққа таласып уақыт жоғалтпады. Өз кезегінде Педру, Дуарте, Фердинанд секілді бауырлары Генрихке қолдау білдіріп, сенім артты. Генрих ханзада Ұлықбек секілді бар уақытын теңізде жүзуге, карта сызуға, математикалық есептеулерге, жұлдыздар қозғалысын бақылап, астрономияны зерттеуге жұмсады. Өзінің жеке қазынасын осы ғылым мен білім жолына құрбан етті. Оның тіпті басқа адамдармен жайдары отырып, әңгіме айтуға, сарай рәсімдеріне, салтанатты кездесулерге де уақыты болмады. Ханзада басымен сән-салтанатты король сарайынан бас тартып, бар уақытын қағаз бен бояудың иісі сасыған шеберханада өткізді. Қарап отырсаңыз, дәл сол уақытта Рим папасының ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болып тұрғаны еді. Бұл тіпті біздегі діни жағдайдан да ауыр болатын. Папа билігі батыста ешқандай жер жоқ деп жар салды әрі корольдерді өз айтқанымен жүргізді. Еуропада бірде бір патша папаның шапанын сүймей таққа отыра алмайтын. Қасиетті кітап бойынша батыста жер болуы мүмкін емес-ті. Ал Жаңа жер іздеу бұл Құдай сөзіне күпірлік келтірумен бірдей еді.

Алайда Генрихтің тағдыры «Ұлықбек трагедиясын» қайталаған жоқ. Себебі билік жаңа өзгерістердің болуына, жаңа капиталдың келуіне, фабрикалар ашылуына мүдделі болды. Корольге папаның дұға-батасы жеткіліксіз еді. Ол қазына толтырып, үлкен әскер ұстап, билігін күшейткісі келді. Ал қарапайым халық сүреңсіз тірліктен, ауыр тұрмыстан әбден қажыды. Осы жерде билік пен халықтың ішкі ойы бір жерден шықты. Бір сөзбен айтқанда билік пен халық бір-бірін үнсіз түсінді.

Міне, осыдай арман-тілектің ұштасуынан жұдырықтай Португалия көршісі Испанияны басып озып, әлемдік теңіз державасына айналды. Генрихтің тынымсыз еңбегі арқасында португал жұрты екі ғасыр шалқып өмір сүрді. Колумб Үндістанды Америкадан іздеп жүргенде, португалдар Африканы айналып өтіп, нағыз Үндістанға жетті. «Теңіз падишасы» Венеция құрдымға кетіп, әлем картасында Португалия атты жаңа держава пайда болды.

Бұл жайдан бір ғана қорытынды шығаруға болады: Елдегі ғылым мен білімнің дамуына сол мемлекеттің билік аппараты мүдделі болуы тиіс.

"Ал Азия патшалары неге мүдделі болмады?" десеңіз, мұны келесі мақалада айтатын боламыз...

 

Рысбек Рамазанұлы

тарихшы, “Әлем халықтары жазушылары одағының” мүшесі

 

Zhazira Baidaly

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір