• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 18:43:59
Алматы
+35°

23 Қазан, 2018 Аймақтар

Ұлы дала төсіндегі дара жол

Жалпы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жалпы ұзындығы 7 мың шақырым болатын 11 автожол салу жоспарланған

Президент «Нұрлы жол бағдарламасының республика үшін ғана емес, оның халықаралық маңызы да үлкен екенін айта келіп, бұған қатысты жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, тұрақты түрде дамытылатынын  мәлім етті.

– Автокөлік жолы, темір жол болашақ ұрпақ үшін салынып жатыр. Қазақстанның барлық жерінде тоқтамастан жол салынуда. Астанадан тарайтын сәуле сияқты жан-жаққа шығатын сапалы жол болады. Біздің кең байтақ Ұлы Даланың жерінде үлкен жолдар ашылып, халыққа жұмыс орындары құрылады. Сондықтан, салынып жатқан жолдың сапасына айрықша назар аударып, көңіл бөлулерің керек, – деді Н.Назарбаев.

Айта кететін бір жайт, жалпы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жалпы ұзындығы 7 мың шақырым болатын 11 автожол салу жоспарланған. Оның бірқатары бітті, пайдалануға берілді. Ақиқаты керек, мұның игілігін қазір халық көріп жатыр. Қазақстанның транзитік зор әлеуетін көрсететін халықаралық дәлізден дүниенің төрт бұрышына қарай көліктер ағылады. Мұнан қазақ елі зор пайда табатыны сөзсіз.

 «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық дәлізі  пайдалануға берілгелі сырттан келетін жолаушылар мен жүргізушілердің қазақ билігіне ықыласы ұшан теңіз. Өйткені жол сапалы, тақтайдай тегіс және көркем. Жол жағалауындағы сервистік  қызметтің сапасы жоғары. Ендігі назар Үлкен Алматы айналма жолына ауып отырғанын айта кету керек . Қазірдің өзінде жол салынатын жер учаскесі анықталып қойды.

Ал ақиқатына келсек, аталған жолдың құрылысы қашан басталады және мұны біту мерзімі қашан аяқталады? Бұл туралы үкіметтің кеңейтілген жиынында Инвестиция және даму министрлігі Жеңіс Қасымбеков нақты қадап айтты.

–Толықтай құрылысқа жер бөлу мәселесі шешілді, учаскелерге техникамен жумысшылар жұмылдырылып, карьерлер рәсімделді. 2021 жылы құрылыс жұмыстарын аяқтап, жолды ақылы негізде пайдалануға беру жоспарланып отыр. Құрылыс кезеңінде 3 мыңға жуық жұмыс орны ашылады. Жол тәулігіне 38 мың автокөлік құралының қала сыртына шығуына мүмкіндік береді. Бұл қалада көліктердің қаптап кетуінің алдын алады  және қаланың экологиясына оң әсер етеді, – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Бұл ғана емес, ұлы дала төсіндегі дара жол бір бағытта ғана емес, сан түрлі елдімекенді қамтығанын айта кетуге тиіспіз. Бір ғана мысал, соңғы айда елдің назарының бәрі Түркістанға ауды. Өйткені Шымкентке республикалық дәрежедегі қала статусы беріліп, Түркістан аймақ орталығына айналды. Осыған байланысты Инвестиция және даму министрлігі «Түркістан облысының жедел автомобиль жолдарын салу және пайдалану»  жобасын бастағанын мәлім етті. Бұл туралы Үкімет жиынындағы басқосуда министр Жеңіс Қасымбеков оңтүстік аймақтағы көлік жолдарының сауда қатынасында зор маңызы  барын айтты.

–Осыған орай,  Шымкент қаласының оңтүстік-батыс айналма жолын (48 шақырым), Сарыағаш қаласының айналма жолын (55 шақырым), Абай-Қызыләскер учаскесін (34 шақырым) салуды және Қызыләскер-Шыназ Қонысбаев өткізу пунктіне (14 шақырыми) дейінгі кіреберістің жобасын жүргізу көзделіп отыр. Жоба Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы жүк айналымы көлемін ұлғайтуға, тәулігіне 25 мың автокөлікті  Шымкент пен Сарыағаш қалаларының сырты арқылы өткізуге мүмкіндік береді, – деп атап өтті  министр  Жеңіс Қасымбек.

Республиканың оңтүстігіндегі халықаралық маңызы бар бұл жоба ең алдымен Өзбекстанмен арадағы сауданы жандандыруға зор мүмкіндік береді. Министрдің айтуынша, қазір оның техникалық құжаттары дайындалып жатыр. Егер барлығы да уақытында аяқталса, жол салатын фирмаларға жыл аяғына дейін байқау жарияланады.

Еркін Қалдан

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір