• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

18 Сәуір, 14:03:18
Алматы
+35°

25 Қазан, 2018 Экономика

Үкімет пен Ұлттық банктің қазаққа неге жаны ашымайды?

Үкіметтің жауабында бұл мәселені ауызға алудың өзінен қорыққан сияқты.

Өткенде Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров бастаған ҚКХП фракциясының депутаттары Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың және Ұлттық банктің төрағасы Данияр Ақышевтың атына депутаттық сауал жолдап, теңге курсының төмендеуіне сәйкес халықтың зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) салымы мен банктердегі теңгемен салынған депозиттерін индексациялау керектігі туралы айтып депутаттық сауал жолдағанын жазғанбыз.

Соған жуырда Үкіметтен де, Ұлттық банктен де жауап келді. Келгені не керек, екеуі де ауыздарын қу шөппен сүртіп, жарытпады.  Депутат индексациялау көздерін де көрсетіп бергенін еске сала кетейік. «Қазір мұнай бағасы 80 долларға жақындады. Ал теңгенің 1 долларға шаққандағы курсы 380-ге жақындады десек, осының нәтижесінде әрбір баррель мұнай компанияларына 30 400 теңге таза табыс әкеледі. Сөйтіп, артық шығынсыз, тек теңге курсының өзгеруімен ғана мұнай компаниялары жалпы ел бойынша триллион теңгеге жуық қосымша таза пайда көріп отыр. Осының өзі халықтың зейнетақы қоры мен депозиттегі салымдарын индексациялауға еркін жетер еді,»- деген болатын депутат.

Үкіметтің жауабында бұл мәселені ауызға алудың өзінен қорыққан сияқты. Өйткені жауабында мұнай саласынан түсетін табыстың бәрі Ұлттық қорға бағытталатынын, ал оның ақшасына үкімет қайсыбір қаулыларға сәйкес тиісе алмайтынын жазыпты. Жалғыз-ақ «бас десе құлақ» дегендей болып  жұрттың бәрі білетін - БЖЗҚ-ның өзі жобаларға инвестиция құю арқылы табыс табатынын көрсетіпті... Ал депозиттік салымдарға байланысты айтқанда, халықтың өзі олардың сақталуы үшін әрекет етуі керек дегенге тоқтапты. Сөйтіп, Ұлттық қорға бағытталған үстеме табыстың өзін халыққа беруге шамасы жоқ екенін білдірген.

Ал Ұлттық банк төрағасы Д.Ақышев жауабын «Қазақстан Республикасы азаматтарына жинақтаушы зейнетақы жүйесіндегі жинақтарының инфляция нәтижесінде құнсызданудан сақталуына кепілдік береді» деп бастапты. Сөйтсе, ол кепілдік былай екен. Бір адам зейнетке шықса, оның салымы сол уақыттағы инфляция деңгейіне сәйкес көбейтіледі екен. Ал ол адамның салымы өзі зейнетке шыққанға дейінгі 5-6 немесе одан көп жылдарда тиынға айналып кететініне Ұлттық банк бас ауыртпайтын сияқты...

Ал депозиттерге қатысты жауапта былай жазылған: «Қазақстан азаматтарының жинақ ақшаларын қандай валютада сақтауына қатысты таңдау құқығы бар. Азаматтар екінші деңгейдегі банктерде ұлттық валютада да, шет мемлекеттердің валютасында да депозиттер аша алады, бұл жинақ ақшаны өздігінен әртараптандыруға мүмкіндік береді». Сөйтіп, жауапта өз ақшаларыңды сақтағыларың келсе, шетелдік валютамен жинақтауға мүмкіндігің бар дегенді айтады төраға.

Міне, халыққа жаны ашитын үкіметіміз бен ұлттық банкіміздің жауабы осындай болыпты.

 

С.Елеу, сарапшы    

 

 

Zhazira Baidaly

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір