• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 14:37:12
+35°

07 Наурыз, 2019 Саясат

Үкімет басшысы Асқар Маминге: Қазақ тіліне іштей қарсылықтарыңыз бар ма?

Болмаса, «Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін мойындамаңдар» деген құпия тапсырмалар түсті ме?..

Qamshy.kz ақпарат агенттігінің электрондық поштасына «Қазақ Елі» Халықтық Қозғалысының төрағасы, журналист Қажымұқан Ғабдолланың хаты келді. Қажымұқан Ғабдолла хатын ҚР Премьер-министрі Асқар Маминге жолдапты. Онда Мемлекеттік тілге қатысты еліміздің шенеуніктеріне ренішін білдіріп жазыпты. Ескерте кетейік, автордың пікір редакцияның көзқарасына сәйкес келмеуі мүмкін.

Хат мазмұны төмендегідей:

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тілі – Қазақ тілі. Бұл – еліміздің Ата Заңында нақты белгіленіп, бекітілген. Бұған қосымша-қуаттама ретінде арнайы Тіл туралы заң қабылданған. Қазақстан Республикасының аймағында ресми Мемлекеттік тіл – Қазақ тілі толық қолданылуға тиіс әрі міндетті.

Асқар ҰЗАҚБАЙҰЛЫ!

Қазақстан Республикасы Үкіметінің басшысы мен Үкімет мүшелері және олардың құзырлы құрылымдары, әсіресе, еліміздің болашақ буындарына тәлім-тәрбие беретін Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің лауазымды (әрі қатардағы) басшылары мен қызметкерлері НЕГЕ мемлекетіміздің ең құнды Ата Заңындағы міндеттерді бұзып (тіпті, белден басып), Қазақстан Республикасының ресми Мемлекеттік тілі – Қазақ тілінде құжаттамаларды толық жүргізіп, еркін сөйлемейді?!

Әлде, Қазақ тіліне іштей қарсылықтарыңыз бар ма?

Болмаса, «Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін мойындамаңдар» деген құпия тапсырмалар түсті ме?..

Мұндай ішкі-сыртқы қысымдар көрсетілмесе, сіздерді іңгәлатып дүниеге әкелген аналарыңыз – қазақтың кейуанасы болса, туған анаңызға һәм тіліңізге сатқындық жасайтындай, бастарыңызға не күн туды?!.

Ар-ұят пен намыс-ожданды ысырып былай қойғанның өзінде, Ананың ақ сүтіне адалдық қайда?!.

...Күні кеше Білім және ғылым министрлігінің Бюджетті жосапарлау департаменті директорының орынбасары Жанар Рахметова қазақ мұғалімінің сұрақ-сөзіне: «Я не говорю по казахский. У нас трехьязычие, если что...» – депті...

Біздіңше, Білім және ғылым министрлігінің Бюджетті жосапарлау департаменті директорының орынбасары Жанар Рахметоваға қолданылатын жаза біреу-ақ болуы керек:

  1. Қызметінен босату.
  2. Өмірінің соңына дейін мемлекеттік қызметте жұмыс істеуіне тыйым салу.
  3. Үлкен көлем, жоғары сомада айыппұл салу (Қолданыстағы заңдарға сәйкес) (Мысалы, 90 (тоқсан) млн теңге шамасында...)
  4. Қазақ халқынан арнайы (ашық түрде) кешірім сұрату.

Егер дәп осыны жасасақ, ертең бірде-бір адам қазақ тіліне қарсы жарты ауыз сөз айта алмайды. Өйткені, нәпақадан айырылу, лауазымнан ажырау, болашаққа үмітті жоғалту, қыруар қаржы айыппұл төлеу, ақырында, «екі елі ауызына – бес елі қақпақ» қоя алмай, жұрт алдында масқарашылықпен кешірім сұрау – кез келгеннің «сайтанын» қағып алады!

Білім және ғылым министрінің орынбасары Бибігүл Асылова да – ана тәрбиесін, әке тәлімін көрмеген қылық танытып, үнемі басқыншы жұрттың тілінде сайрап жүр...

...Мемлекеттен жалақы алатын мемлекеттік қызметкердің – өзін асырап отырған мемлекеттің тілін білмеуі және сөйлемеуі – жәй ғана салғырттық емес, сол мемлекеттің заңдарын мойындамау болып табылады. Демек, бұл – бұзақылық емес, қатардағы қылмыс та емес; бұл – мемлекеттің тәуелсіздігіне қауіп төндіру, іргесін сөгуге атсалысу.

Ешқандай өрт – бірден лаулап жанбайды, ол алдымен, шырпымен тұтанады. Таза қазақтілді балғын буын қаулап өсіп келеді, бір күні жат елдің тілінде сандуғашқа сайраған шенеуніктердің «ойынынан – от шығып» жүрмесін...

Таяуда ғана мемлекет басшысы Үкімет пен Парламенттің жұмыс тілі – ресми мемлекеттік тіл – Қазақ тілі болуы қажеттігін сала министріне арнайы, қадап айтты. Бірақ, мемлекет басшысының осы сөзін еріндері кезерген бірде-бір шенеунік шымбайына батып, шынайы түсінген жоқ. Әдеттегідей, уақытша бір-екі рет, бір-екі күн қазақша еріндерін жыбырлатты да, күңкілдерін доғара қойды...

Асқар ҰЗАҚБАЙҰЛЫ!

«Әліпті – таяқ деп білмейтін» шұбартіл әріптестеріңізге Сіздің талап қоюға толық құқыңыз бар!

Қазақ мықты да күшті болуы үшін – бірлігі мен бекемдігі болуы керек.

Қазақ рухты да жігерлі болуы үшін – талғамы биік Ана тілінде сөйлеуі керек!

Сізден ойлы қадам, перзенттік адалдық күтеміз!

Құрметпен, Қажымұқан Ғабдолла,

«Қазақ Елі» Халықтық Қозғалысының төрағасы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір