• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

18 Сәуір, 21:14:41
Алматы
+35°

22 Ақпан, 2018 Әлеумет

ҰБТ-ға қалай тез әрі тегін дайындалуға болады? (фото, видео)

«UStudy» аймақтық тестілеу орталығы қазақ мектептерінде оқитын түлектерге арнап YouTube арнасына қазақ тіліндегі 2000 бейнесабақты жүктемек.

Мектеп түлектерінің жыл сайынғы уайымы – ҰБТ. Өйткені бар өмірі ҰБТ-ға байланып қалмаса да, сынақтан кейінгі нәтиже, сөзсіз, болашағына әсер етеді. Емтиханға қалай дайындалу керек деген сұрақ мектеп түлектерінің ғана емес, мұғалімдердің де бас ауруына айналған. Осыған орай «UStudy» аймақтық тестілеу орталығы қазақ мектебін бітіретін түлектерге арнап қазақ тіліндегі 2000 бейнесабақты YouTube арнасына  жүктемек. Бейнесабақтар ең үздік мектеп мұғалімдерінің қатысуымен тегін көрсетіледі, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. 

UStudy аймақтық тестілеу орталығы – мұғалімдер мен оқушыларға компьютерлік тестілеу өткізетін компания. Қазақстанның бірнеше аймағында ірі филиалдары бар. Соңғы 3 жылда компания 3 млн-ға жуық онлайн және офлайн тестілеу өткізіп, қашықтан оқыту саласындағы «UTUTOR» халықаралық жобасын іске қосты.

Жанат Рахмани

— Бүгінде біз еркін қол жеткізе алатын 500-ден астам бейнесабақ жүктедік. Алдағы уақытта, ҰБТ-ның барлық пәндері бойынша 2000 бейне сабақ жүктеуді жоспарлап отырмыз, — дейді компания басшысы Жанат Рахмани.

Оның айтуынша, бұл жобаны өзінен басқа ешкім қаржыландырмайды. Аталған орталықтың басты мақсаты – алыс аймақтағы түлектерге аз уақыт ішінде тегін әрі сапалы білім ұсыну.

UStudy орталығының YouTube желісінде арнасы бар. Тағы бір айта кетерлігі – тегін бейнесабақтарды жүктегеннен кейін парақшаға жазылушылардың саны бір айда үш есе өскен. Осылайша, орталықтың алғашқы қадамы сәтті басталыпты. Бейнесабақтар осыдан бірнеше жыл бұрын түсірілгендіктен, сапасы керемет деп айта алмаймыз. Алайда сапасынан бұрын сабақты 5-10 минут ішінде кеңінен талдап, түсінікті тілмен оқушыға ұғындыра білгені маңыздырақ. Мысалы, химия пәні оқушыға қызықты әрі есте қаларлықтай болуы үшін мұғалім түрлі зертханалық жолмен түрлі сынақ жасайды.

Жанат Рахмани қазіргі уақытта қазақ тілінде білім алуға сұраныс көп деп санайды.

— Әлеуметтік желілер кеңістігінде мазмұны ұқсас ресурстар жоқ. Осы тақылеттес бірнеше арна бар. Алайда олар теория мен терең білімді қамтамасыз ете алмайды. Кейбір бейнесабақтардың саны, қолдану мерзімі шектеулі, — дейді Жанат Рахмани.

Жанат Рахманидың жоспары көп. Болашақта мектеп түлектеріне тек білім беріп қана қоймай, өмір сүруге, мақсат қоя білуге, шабыттануға психологиялық тренинг арқылы көмектесуді көздейді.

— Менің ойымша, 10-11 сынып оқушысына мектеп айтарлықтай қажет емес. Себебі оқушы бұл кезде өмір сүруді үйренуі керек. Жоғарғы сынып оқушысы  алдына мақсат қойып, қандай қызмет атқаратынын, қандай мамандыққа түсетінін анықтап, айқындап алуы тиіс. Кейін ЖОО-ға барғанда жан-жағына жалтақтамай, өз кәсібін ашып, табысқа жетуі керек. ЖОО-дағы 1 курста оның өмірі жаңа ғана басталмай, толыққанды өмір сүргені жөн. Сол себепті жоғарғы сынып оқушыларына осының бәрін үйреткен дұрыс деп есептеймін, — дейді Жанат Рахмани.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір